Бүгін облыс орталығы – Қонаев қаласында дала дүлдүлдерінің даңқын асқақтататын ерекше басқосу өтті. Дүниежүзілік Ұлы Дала жорығы бәйгесіне дайындықты пысықтау мақсатында облыстың атбегілері, жүйріктерді баптаушы мамандар және спорт саласының өкілдері бас қосты. Бұл жиын – ата-баба дәстүрін жалғаған ұлы мұраның жібін үзбей, ұлттық спортты дамытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Жиынға облыстық бәйге федерациясының өкілдері, әр ауданның бәйге федерациясы президенттері мен мүшелері, тұлпар баптаудың хас шеберлері – ардагер атбегілер, сондай-ақ облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Қуанышұлы қатысты. Атбегілер мен мамандар бәйгеге қатысатын тұлпарларды іріктеу, команда жасақтау, шабандоздарды дайындау, сондай-ақ жүйріктердің жарақатының алдын алу және бабын арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Жиын барысында жиналған қауым Дүниежүзілік Ұлы Дала жорығының маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл дүбірлі дода – қазақтың атбегілік өнерін төрткүл дүниеге танытатын, сәйгүліктердің шыдамдылығы мен шеберлігін сынайтын үлкен жарыс. Осындай халықаралық аламандарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғау – әрбір атбегі мен шабандоздың асыл мұраты.
Кеңесте сөз алған ардагер атбегілер жас буынға ұлттық өнердің қыр-сыры туралы құнды кеңестерін берді. Бәйге – тек жылқы жарысы емес, бұл – атбегінің шеберлігі, шабандоздың ептілігі, әрі халықтың рухын көтеретін ұлы дода. Ұлы Дала төсінде тұлпарлар тұяғымен тарих жазған дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан бұл өнерді заманға сай жаңғырту қажеттігі де баса айтылды.
Алқалы жиын соңында қатысушылар жарысқа қатысатын жүйріктерді іріктеу, шабандоздардың бабын пысықтау және дайындықты күшейту жөнінде бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Осылайша, Қонаев қаласындағы бұл басқосу қазақтың бәйге өнерінің болашағына тың серпін беріп, алдағы дүбірлі додада облыс өкілдерінің жоғары деңгейде өнер көрсетуіне жол ашты. Бұл жиын – халқымыздың жылқыға деген ерекше құрметін айқындайтын, ұлттық рухымызды асқақтататын тарихи шаралардың бірі болды. Ұлы Дала төсінде тұлпар тұяғының дүбірі әрдайым үзілмей, қазақ бәйгесі мәңгі жасай бермек!
Алматы облысы бәйге федерациясының
Баспасөз қызметі