Адам өмірінің ұзақтығы бойымыздағы адал қасиеттерге байланысты. Мәселен, әлемге мәшһүр, жүз жасаған Жамбыл бабамызға «Сіздің бір ғасыр өмір сүрудегі мықтылығыңыз неде?» деген сұрақ жиі қойылатын көрінеді. Сонда жыр алыбы: «Дүние үшін күймедім, жамандықты сүймедім, жолда жатқан біреудің алтынына тимедім!» – дейді екен. Осы өсиетті кейінгі ұрпақ санасында ұстаса, ұтылмасы анық. Демек, адамды ар мен жан тазалығы әсте адастырмайтыны – осының нақты дәлелі.
Әңгіменің әлқиссасын адами қасиеттермен өрбітуімнің себебі бар. Күрті өңірінде 1985 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына 37 жасында Ызғарбек Бектұрсынов сайланды. Сол кезді есіне алғанда: «Жастық жігерім қаншама қайнап тұр дегенмен, бір шеті мен екінші шеті 400 шақырымға созылып, далиып жатқан бір ауданның тізгінін ұстау оңай еместігін айқын түсіндім. Уақыт өте келе адамдарының бойындағы айрықша сабырлылық, дарқандық, жайбарақаттық пен кеңдік сияқты ерекше қасиеттермен тірлік кешіп жатқанын ұқтым. Бұл қасиет осы мекенге байланысты қалыптасқан-ау деген тұжырымға тоқтадым», – дегені бар.
Әрине, мұндай орта басшының еңбек етуге, жарқын, жаңашыл бастамаларды қолға алуына болатынын көрсетті. Және қоршаған орта адамның мінез-құлқына, табиғатына ерекше әсері бар деген сөздің шындығына да көзін жеткізді. Әлеуеті зор өңірдің болашағын болжаған сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаевтың жоспарымен бұл аудан Алматы қаласын ет-сүт және көкөніспен толық қамтамасыз етуі тиіс деп жоспарланған. Алматының тіл үйірер апортын сақтап, бау-бақшаны кеңейтіп, басқа жеміс-жидекті, сүт өнімдерін Күртіден тасымалдаудың тиімді екеніне деген үлкен бағдарлама, нақты жоба жасаған. Кейін бұл ең мықты идея екенін толық дәлелдеді. Ал Ызғарбек өзінен бұрынғы бірінші хатшылар, әріптес ағалары, марқұмдар Бекболат Тұрысжанов, Тастан Тоқсейітов, Нүсіпжан Нұрманбетовтің бастаған жақсы істерін одан әрі жалғады. Ол кезде мен де жас маманмын. Аудандық газет редакторының орынбасары болғандықтан, партия тұрмысы бөлімін басқарамын. Және аудандағы жиындарға қатысуым міндетті. Әрине, кәсібіме байланысты бәріне сын көзбен қараймын. Ызғарбек аға мәдениетті, әр сөзі мен ісіне тыңғылықты қарайтын басшы екенін көрсетіп, табандылығымен танылды.
Осындайда даналардың «Жақсының ісі жаңбыр сияқты, қас та, дос та пайдаланады» деген сөзі еске түседі. Ызғарбек Бектұрсынұлы ауданды басқарған жылдары халықтың ерекше құрметіне бөленді. Қарапайымдылығы бірден байқалып, көзге ұратын. Әсіресе жастардың жаңашыл бастамаларын қолдауымен де ерекшеленді. Жұртшылықтың арасында кездесулер өткізу дәстүрге айналды. Сондай бір рухани жағынан сәтті кездесу республикалық «Социалистік Қазақстан», қазіргі ел газеті «Егеменнің» ұжымымен кездесу болды. Ол кезде бас басылымды мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Балғабек Қыдырбекұлы басқаратын. Атынан ат үркетін газет ұжымының алыстағы аудан орталығына келуінің маңыздылығы айтпаса да түсінікті.
Жиынға дайындық соншама күш түсірмеді. Өйткені газет ұжымымен кездесу алдағы жоспарлар, мақсат-міндет, ел өміріндегі саяси-экономикалық, мәдени даму, қоғамдық пікірді қалыптастыру жайлы тақырыптармен өрбіді. Газет оқырманымен пікіралмасу болды. Балғабек аға – осы басылымда 37 жыл үздіксіз қымет еткен азамат. Қатардағы әдеби қызметкерден бастап, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ал 1983-1987 жылдары аталған газеттің бас редакторы болды. Күртілік оқырманмен кездесу, шамалауымша, 1986 жылдың көктем айында ұйымдастырылды. Редакцияның барлық қызмет баспалдақтарынан өткенінен болар, әр тілшінің шығармашылық жағынан өсуіне, қалыптасуына ерекше назар аударған басшы еді. Бұл жайлы тұщымды пікірлер жетерлік. Сондықтан болар, республиканың күллі аймағында ел экономикасын, рухани өмірін мәнді, жанды, жан-жақты баяндауға ерекше үлес қосқан сөз өнерінің өкілдері редакцияда көп болды.
Міне, осындай өзгелерден озық туған сайыпқыран, терең ой иелері, жазушы-журналистер басылымда ұйымшылдықпен еңбек етті. Күртідегі оқырманмен кездесуге келген қауым – соның жарқын әрі нақты дәлелі. Өйткені елге қызмет ететін азаматтардың болашақ жолы – мың тарау, діттеген мақсаты – біреу ғана. Ол – адал қызмет, адал достық. Ұжымдағы кесек тұлға, кісілік иелері редакцияның тарландары, тірегі әрі мақтанышы болды. Жас болсам да, осыны көңіл тереземмен көрдім, сездім десем қателеспеймін.
Басылым редакторы мен бөлім меңгерушілерін, тілшілерді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ызғарбек Бектұрсынұлы қабылдады. Рухани саланың сарбаздарымен жүздесу қай кезде де ерекше ғой. Оның үстіне Балғабек ағаның сырбаз мінезімен жайлап басталған әңгіме желісі зал толы көпшілікке ерекше ұнағандай. Ол кезде газеттің беделі мен пәрменділігі қоғам құрылымының саяси жүйесіне тікелей байланысты еді. Әңгіме осыған тірелді. Және газет – Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің органы. Сондықтан еліміздегі шаруашылық пен мекеме, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін, күретамыры – партия ұйымы хатшыларының жұмысын қас қақпай бақылағанын ұмытпаймын. Солардың қатарында болғандықтан, құс ұшса, қанаты талған өңірге арнайы жиі тілшілер келетін. Егер өңір жайлы сын мақала жариялана қалса, бірден жедел тексерілетін, қорытындысы газет редакциясына жолданатын. Бұл өте бір жақсы үрдіс, керемет талап болды. Бірақ Күрті ауданы жайлы мұндай жағдай кездеспегенін білемін.
Хатшының қабылдауынан кейін Мәдениет үйінде жалпы ақшилік, басқа да ауылдардан келген оқырмандармен жылы шырайлы кездесу жалғасын тапты. Ызғарбек аға газет ұжымымен жиналғандарды таныстырды, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайы жайлы баяндады. Бас басылымның бас сарапшысы Балғабек Қыдырбекұлы газет тарихы, ел өміріндегі маңызы жөнінде келелі әңгімелегені есімде. Оқырмандар ортаға шығып, ой-пікірлерін, ұжымға деген ізгі ниеттерін ортаға салды. Жиын бірер сағатқа жалғасты. Сөз алған Күрті кеңшарының шопаны, Еңбек Ері Өміртай Өмірбеков мал шаруашылығының өркендеуі жайындағы пікірі журналистерге ой салып, ерекше әсер етті. Ән мен күй де шертілді. Бұдан соң залдағы көрермен журналистерге сұрақтарын жаудырды.
Иір-иір құмды, изен, жусанды, тораңғы-жиделі мекенді мұндағы жұрт киелі санайды. Сондықтан шығар, өңірдің қатал табиғаты оларға майдай жағатыны. Оған аудан басшысының біртоға, қарапайым, аз сөйлеп, көп іс тындыратын шаруақорлығы да басымдық бергені анық. Осы жолы аса кірпияз, сыншыл әрі талапшыл Балғабек ағаға ауданның бірінші хатшысының тірлігі, халықпен жақындығы, қарапайым мінезі көңілінен шықты. Кездесуден жадырай шыққандар естелік суретке түсіп жатты. Бұған да мүмкіндік бар еді. Өткен жылы сол суретті бүгінде зейнеттегі, газет қызметкері болған Рысбала Әбдіқадырова жіберді. Кезінде Рысбала облыстағы тілшілердің жоспарлаған мақалаларының нөмірден қалып қалмауын қадағалайтын қызметте болған. Жиырма жылдай сол тұстағы 19 облыстың меншікті тілшісімен күнде телефон арқылы хабарласып, сәт сайын қайнаған жұмысты атқарып, тыным таппаған ол ұжымның тыныс-тіршілігінен де сырт қалмағанын дәлелдеді. Оның архивінде сонау жылғы осы кездесуде түскен сурет те бар. Суреттегі адамдардың кім екенін де ұмытпапты.
«Есіме еріксіз сол жылдар түсіп отыр. «Өткен күннің артта қалған елесі – жылжыған уақыттың кемесі» демекші, зымыраған уақыт-ай! Суретте бірінші қатарда – Назгүл Байсаринова, Тәжібай Битаев, басылымның бас редакторы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, ауданның бірінші хатшысы Ызғарбек Бектұрсынов, Еңбек Ері Өміртай Өмірбеков, Мамадияр Жақып, Болат Шубаев, Оңдасын Әлімқұлов, Сәуле Ілімтонова, Күмісжан Байжан, Рысбала Әбдіқадырова. Ал үшінші қатарда – Нұриден Мұфтах, Жұмабай Шаштайұлы, Әділ Дүйсенбек, Қойшығара Салғарин, Ғалым Жайлыбай, Азиз Әбдірахманов, Сауытбек Әбдірахманов, Совет Шиманбаев, соңғы қатардағылар Саясат Бейісбаев, жазушы Жұмабек Кенжалин, Мақсат Тәжімұратов, Қадір Әлімқұлов, Бақтияр Ерімбетов, Ақайдар Ысымов, тағы басқалар. Ойымда жүрген, есіме түскендерді жазып отырмын. Күні кеше бірге жүрген көзкөргендердің біразы өмірден ерте озды, көбімен кездеспегелі де жылдар жылжып, арада көп уақыт өтіпті», – деді Рысбала замандас.
«Егемендіктерден» басқа суретте сол кездегі аудандағы мекеме, ұйым басшылары да бар. Соңғы қатарда Ержанбек Нұрбеков, Сандыбай Керімбеков, марқұмдар Көбенбек Көпбаев, Өтесін Құбиев те сол кездегі іскер басшылар еді. Азаматтардың ауданның дамуына қосқан үлесі де ерекше.
Адамның тағдыры қайда бас бұрғызбайды. Қай қиырға да барасың, қай шиырды да шаласың. Бұған бір Раббым ғана төреші ғой. Ақшаңдаққа орын тепкен Ақшидің ақ түтек бораны мен ақшулан желіне тасқайнай қайратын қарсы қойған сол кездегі 20-30 жас аралығындағы жастар бүгінде ардагерлер легіне қосылды. Бірақ өткен күннің қимас сәттері – қызығы мен қиындығы әр жүректе жазылып қалды. Оны оқу, сезінудің өзі бір ғанибет!
«Иір-иір, иір құм, Маңдайындай анамның, Жолым түсті бұл жерге, Ұлы едім қиырдың», – деп еске алады қабырғалы қаламгер Асқар Алтай. Ол да еңбек жолын Ақшиден бастап, аудандық газетте еңбек етті. Сол кезде оған тәлімгер-ұстаз болғанымды ол да ұмытпайды. Тағы бір айтатыным – Ызғарбек Бектұрсынов бауырым Төлепберген Байжанов екеуі Қазақ ауыл шаруашылығы институтының инженер-механизация факультетіне бірге түсіп, бітіргенше бір бөлмеде жатқан қимас достар. Бауырым өмірден ерте өтті, бірақ аға досының жаназасынан бастап, барлық шараға келіп, қолдау көрсетті. Балаларымен байланысып тұрды. Бұдан тағы да достыққа берік, азаматтық бейнесін байқайсың.
Әр адамның өзіне ғана бұйырған ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Десек те, еткен еңбек, көрген бейнет, төккен тер, алған асу, шыққан биік әркімнің өмірінде әрқилы. Сырт көз өз тәлейімен бағалар. Сондағы олардың көргісі, сезгісі, келетіні – кісілік келбет, азаматтық биік тұлғасы. Адами асқақ қасиетке қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де, жетпей зая кеткендер де бар-ау. Ызғарбек Бектұрсынов жайлы мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов сонау жылдары пікір білдіргені есіме түсіп отыр.
– Ызғарбек – өте әділ, жүрегі кең, қолы таза азамат. Ата-ана балалары есейгенде ертеңін ойлап, қаладан бір бөлме болсын пәтер алуға ұмтылады. Ол бұл жайлы ойламаған. Аудан тарағанда үй мәселесінен көп қиналды, – деген еді таңданып. Осыдан-ақ Ызғарбек Бектұрсынұлының қоғам мүлкіне деген ар тазалығын, биік адамгершілік қасиетін аңғарасың. Бұдан кейін де жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Азаматтың «Абыройды – түзден, несібені – үйден бер» деген тәлімді өмірлік мұраты ретінде ұстанғанының дәлелі шығар деп топшылаймын. Әрине, бұл – екінің біріне бұйырма бермейтін қасиет, мінез-ау.
Иә, бір суреттің соңында қаншама тағдыр, азаматтардың елге сіңірген еңбегі жатыр. Олардың арасында өмірден өткен мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушы, біртуар азаматтар Балғабек Қыдырбекұлы, Жұмабек Кенжалин, Ақайдар Ысымов, Сәуле Ілімтонова, Жұмабай Шаштайұлы, тағы басқа марқұм азаматтар соңына өшпес із, рухани мол мұра қалдырды.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» деген сөз дәл осы азаматтарға арнап айтылған-ау. Сондықтан естеліктер ешқашан ұмытылмайтынын, ескірмейтінін бір суреттің тарихынан-ақ көз жеткізуімізге болатыны анық.
Күмісжан БАЙЖАН,
ҚР Мәдениет қайраткері