-13 °c
Qonaev
Sunday, June 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Аққуды күймен қайырған

    02.04.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Мерейтой
    Аққуды күймен қайырған
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

    Қазақтың көрнекті композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Жамбыл ауданында «Аққуды әнмен тербеткен» атты салтанатты кеш өтті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, аудан әкімі Нұрлан Ертас, зиялы қауым өкілдері қатысты.

    Аймақ басшысы алдымен Жамбыл ауылына барып, жиналған жұртшылықпен бірге Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды, кесенесінде рухына құран бағышталды. Одан кейін музей ауласындағы Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-зиратында тізе бүгіп, аруағына құрмет көрсетті. Құрметті қонақтарды Жамбыл музейіндегі жәдігерлермен музей меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы таныстырды.

    Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен шарада Марат Елеусізұлы көпшілікті Қазақстанның халық әртісі, күйші, қазақтың маңдайына біткен асыл тұлға Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деп атап өткен болатын. Ұлы бабалардан қалған төл мәдениетімізді, өнерімізді өскелең ұрпаққа жеткізу, алып тұлғамызды әлемге паш ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өткен жылы қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өтсе, биыл Нұрғиса Тілендиевтің ғасырлық мерейтойы да осы ұйымның көлемінде тойланатын болады», – деді.

    Ары қарайғы сөзінде облыс әкімі кең даланы күйімен күмбірлеткен ұлт перзенті Нұрғиса Атабайұлының мерейтойына орай облыста арнайы жоспар әзірленіп, республикалық және халықаралық іс-шаралар атқарылатынын айтты. Оның ішінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен шаралар және белгілі өнер ұжымдарының қатысуымен халықаралық концерттер ұйымдастырылады. Келер ұрпаққа үлгі етіп қалдыру мақсатында Жамбыл ауылындағы ескерткіш-зиратына биыл реставрациялық жөндеу жұмысы жүргізілген. Іле ауданында еңселі ескерткіші бой көтеріп, жаңадан салынып жатқан аудандық Мәдениет үйіне, облыстағы елдімекендердегі көшелерге, саябақтарға, бой көтерген мектептерге Н.Тілендиевтің есімі берілмек. Бұл игі бастамалардың барлығы – Нұрғиса Атабайұлының ұлт руханиятындағы өлшеусіз орнын айшықтауға бағытталған зор қадам екенін атап өтті.

    «Есімі ел жүрегіне әуен болып еніп, халықтың мол ықыласына ие болды. Еселі еңбектерінің арқасында Халық қаһарманы, «Отан», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 1980 жылы әлемге әйгілі «Отырар сазы» оркестрін құрғаны – ел мәдениетін асқақтатқаны сөзсіз. Елімізге үлкен рухани құндылық сыйлап отырған оркестр қазақ халқының музыка өнерін барша әлемге паш етуде.

    Нұрғиса Тілендиев – халқымыздың жүрегіне ән болып енген, ұлы өнерімен елінің рухын асқақтатқан дара перзент. Оның есімі қазақ музыка өнерінің мәңгілік биігіне айналды. Халқымыздың мәдени мұрасын байыта түсетін осындай ұлы есімдер көбейе берсін! Ұлы тұлғаның рухы асқақтап, қазақ өнері өрлей берсін!», – деді облыс басшысы.

    Салтанатты шарада қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нағашыбек Қапалбекұлы сөз алып, ұлы композитор туралы тебіреністі лебізін білдірді.

    «Нұрғиса Тілендиев – Алатау самалы әлдилеп, Каспий толқыны толғатып, Сарыарқаның жусанды бесігі бөлеп, Алтайдың сыңсыған орманы ән салып, мына жарық әлемге сағынтып әкелген қазақтың біртуар перзенті. Әкесі баласына кеудесіне нұр құйылсын деп атын Нұрғиса қойыпты. Ұлы өзендердің басы мөлдір бұлақтан басталады. Нұрағаң да батырлар мен ақындар елінде туды. Титтейінен жырдың пірі Сүйінбай бастаған қара ормандай ақын, әнші, жыраулардың ән-жырын, ертедегі қисса-дастандарды естіп өсті. Күллі қазақтың абыз ақыны Жамбыл ата тізесінде еркелеп отырып, қарт жыраудың домбыра қағысын, жыр әуенін құлағына сіңірді. Ұлыны ұлы таниды, сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар шалқар шабысынан таниды», деп өрнекті сөз саптаған қаламгер тума талант иесінің Ахмет Жұбановқа қалай тап болғанын әңгімеледі. Бес жасында отбасының Қарақыстақ ауылынан Алматыға көшіп барғанын, қаладағы теміржол вокзалы маңындағы үйінің төбесінде күй тартқан 6 жасар бала Нұрғисаның талантын атақты академик жазбай танып, қолынан жетелеп музыка мектебіне апарғанын әсерлі баяндады. Туған өлкесін аралауға келгенде Атабай сайында бірге болған кезінен естелік айтты.

    Нұрғиса Тілендиев «Алтын таулар» операсы, «Достық жолымен» балеті, «Ортеке» балет-поэмасы, «Менің Қазақстаным» кантантасы, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары, «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» увертюралар, 400-ден астам ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем, 17 мультипликациялық, 14 деректі-хроникалық фильмдерге музыка жазды. Шығармалары қазақ музыка өнерінің алтын қорына енді. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ол 1925 жылы 1 сәуірде Іле ауданының Шилікемер ауылында дүниеге келіп, 1998 жылы қазанда Алматы қаласында өмірден өтті. Құстар жылы жақтан көктемді қанатына қондырып келген көкмұнар шақта туып, қоңыр күзде құстар қайтқанда дүниеден өткен  Нұрғиса  Атабайұлының мәдени мұрасы халқымен бірге мәңгілік жасамақ. Мерейтойлық іс-шаралар туған облысында басталып, еліміздің түкпір-түкпірінде және шет елдерде жалғасады. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар оның бай мұрасын насихаттауға, жас ұрпаққа таныстыруға және қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесін дәріптеуге бағытталған.

    Кеште аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасы тамашаланды. Композитордың жүрек қылын шертер әсем әндері көптеп шырқалып, көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ,

    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

    Кеген ауданында ең қарт және ең жас сайлаушы дауыс берді

    2 years ago
    Алматы облысында 337 шақырым туристік жол жабдықталады

    Алматы облысында 337 шақырым туристік жол жабдықталады

    2 years ago
    Антына адал жас сарбаз

    Антына адал жас сарбаз

    4 weeks ago
    Қамыстан қағаз шығармақ

    Қамыстан қағаз шығармақ

    2 weeks ago
    Жер сілкінісінен бірнеше ғимарат бүлінді

    Жер сілкінісінен бірнеше ғимарат бүлінді

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>