Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысында колледж студенттері антифриз зауытының жұмысымен танысты

Алматы облысында колледж студенттері антифриз зауытының жұмысымен танысты

Алматы облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының бастамасымен колледж студенттеріне арналған өндірістік экскурсия өтті.

Экскурсия аясында 30-дан астам студент Қонаев қаласындағы «Бағашар Мекен» антифриз зауытына барып, өндірістік цехтармен, өнім дайындау технологиясымен, зертханалық база және сапа бақылау жүйесімен танысты.

Іс-шара барысында колледж, зауыт және «Жастар Рухы» арасында үшжақты меморандум бекітілді. Құжатқа сәйкес, студенттер зауытта өндірістік тәжірибеден өтіп, үздіктері тұрақты жұмысқа қабылданатын болады.

«Біздің мақсатымыз – студенттерге нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Колледж түлектерін нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Өйткені, бұл – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі», – деді «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.

«Бағашар Мекен» ЖШС – Қазақстандағы антифриз өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығарады, оны Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспорттайды. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, көпшілігі – жергілікті тұрғындар.

Айта кетейік, биыл «Жастар Рухы» бастамасымен Алматы облысында 6 өндіріс орнына экскурсия ұйымдастырылып, 100-ден астам студент қамтылған.

Жыл соңына дейін 20 колледжбен меморандум жасалып, кемінде 500 студент өндірістік тәжірибеге және жұмысқа орналасу мүмкіндігімен қамтылмақ.