-13 °c
Qonaev
Friday, May 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home БАҚ

    Алып елден алаш жоғын іздеген

    18.04.2025
    in БАҚ, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Саясат, Тарих
    Алып елден алаш жоғын іздеген
    0
    SHARES
    9
    VIEWS

    Журналист, ақын Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар»  атты жаңа кітабы  – автордың «Болашақ» бағдарламасы аясында Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп, АҚШ архивтерінде жүргізген ғылыми ізденістерінің жемісі. Онда америкалық кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған, қазақ халқы мен тарихына қатысты құнды мәліметтер топтастырылған. Күні кеше Алматыдағы Абай атындағы кітап үйінде аталған кітаптің таныстырылымы өтті. Рухани шараға зиялы қауым өкілдері мен «Болашақ» бағдарламасының түлектері және оқырмандар қатысты.

    Ең алдымен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, белгілі жазушы Қуандық Түменбай, сыншы Әлия Бөпежан, тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы бастаған топ кітаптің тұсауын кесіп, авторға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мереке Әбдешұлы аталған еңбектің тарихымыз бен мәдениетіміз үшін үлкен олжа екенін жеткізсе, ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы «Болашақ» бағдарламасы түлегінің деректануға жаңа бағыт ашқанын айтты.

    Арада Дүйсенәлі Әлімақынның оқырманға жол тартқан танымдық кітабін парақтаған әріптестері мен замандастары ол жайлы ойын ортаға салып жатты. «Бұл кітаптің әр парағына үңілсеңіз автордың өте өнімді жұмыс істегенін аңғаруға болады. Бір қуанатын жағдай, соңғы кездері қазақ тарихы Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы, «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томнан тұратын тарихи-құжаттық жинағы сынды соны еңбектермен толыға бастады. Мұндағы әр суреттің өзінде үлкен тарих пен сан қилы тағдыр жатыр. Бұл фактілер өткен ғасырдың 20-30-жылдардағы қиын кезеңдерде де біздің шырқыраған үнімізді бүкіл әлем естігенін аңғартады, –  деді «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Алматыдағы филиалының директоры Серік Әбікенұлы.

    Отарсызданe – үздіксіз, тоқтамайтын үдеріс. Оның белгілі бір бастапқы не соңғы нүктесі жоқ. Бүгінде қоғамдық санадағы деколонизация процесін де жеделдету керек. Осы тұрғыдан алғанда кезек күттірмейтін, жедел қолға алатын мәселелердің бірі – Кеңес дәуірінде бұра тартып, кері түсіндірілген тарихымызды түзеу маңызды. Жас тарихшы Елдес Орда «Америка ашқан қазақтар» кітабінің осы мақсаттағы құнды еңбек екенін атап өтті. Ал өзге архив мамандары мен деректанушылар зерттеушінің ізденісіне арқау болған еңбекте ұлтымыздың ғасыр бұрынғы болмысы мен бітімі және қазақ даласының сол кездегі экологиялық ортасы жайында мол мағлұматтар бар екенін тілдеріне тиек етті.

    Кітап Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жарық көрген. Кітап авторының АҚШ-тағы ғылыми жетекшісі, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг Дүйсенәлі Әлімақынның бұл тақырыптағы зерттеулерін жоғары бағалап, оны қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тың мәліметтерді жүйелі түрде іздестірген алғашқы зерттеушілердің бірі ретінде атап өткен.

    Кітаптың тағы бір ерекшелігі – оған енген кейбір фотосуреттер мен құжаттар Қазақстан архивтерінде сақталмаған. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың сирек кездесетін фотосуреттері, Міржақыптың суреті мен қазақ әйелдерінің ауыл шаруашылығындағы еңбегін бейнелейтін фотосуреттер алғаш рет осы еңбекте ұсынылған. Сондай-ақ XIX ғасырдағы батыс ғалымдары қазақтардың дәстүрлі киім үлгілеріне ерекше назар аударып, оларды сипаттап, суретке түсіргені де осы кітаптан көрініс тапқан. Автор бір жыл бойы АҚШ Конгресінің кітапханасы, Гельман, Шекспир, Лютер Кинг атындағы қалалық кітапханаларында отырып, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздестірген. Питтсбург, Америка, Нью-Йорк, Джорджтаун университеттерінің ғылыми кітапханаларында сақталған қазаққа қатысты деректерді жинақтаған. Зерттеу барысында профессор Жюль Брошерельдің 1902 жылы «Шотландия географиялық қоғамы» журналында қазақтарды өз атауымен атаған мақаласы сияқты маңызды деректер табылған.

    – Бұл кітапты жазуға не түрткі болды деген сұрақ маған жиі қойылады. Анығында, мен бұл тақырыппен сонау 2018 жылдан бері айналысамын. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға барғанымда, өзіме мақсат қойдым. Америкада жүргенімде бір жыл болса да уақытты зая кетірмей, өзіме жүктелген жауапкершілікті сезіндім. Мемлекетіміз соншама қаржы бөліп, бізді шетелдің беделді университеттеріне оқуға жіберді, енді ел сенімін ақтап, мемлекетімізге титтей де болса пайдасын тигізетін шаруа істейін деген ізгі мақсатта жұмыс істедім. Менің түсінігім бойынша, «Болашақпен» оқу – ел аралап, жер көріп, Көк Ту жамылып, әр қалада суретке түсу емес. «Болашақпен» оқу – осы бақыт басына бұйырған азаматтың жауапкершілігін, сенімін, елге игі істер істеу ниетін таразыға салатын іс. Мен осылай ойладым. Сол үшін «Америка ашқан қазақтар» кітабын Америкада бастап жаздым. Кітапқа сонау 1803 жылы жарық көрген «Ресей империясындағы халықтардың киім мәдениеті» деген жазбадан бастап, Мұхтар Әуезовтің АҚШ-қа сапарына дейінгі кезең қамтылған. Кітапқа енген әр деректі таңдап алып, әр мақаланы оқырманға түсінікті етіп жазуға тырыстым. Негізі менің қоржынымда Америка кітапханалары мен архивтерінен алған ұлтымызға қатысты деректер өте көп. Оның бәрі бір кітапқа сыймайды. Бұл еңбегім – менің зерттеу тақырыбымның алғашқы нәтижесі. Батыс әлемі Орталық Азия елдерін, оның мәдениетін, тарихын кезең-кезеңімен зерттеген. Олар үшін осы аймақтағы түркі мәдениеті, сан ғасырлық қым-қуыт тарих пен алуан түрлі мәдениет пен діннің тоғысуы, Ресей империясы, одан кейінгі Кеңес одағының әртүрлі саяси жүйемен түркі халықтарына жүргізген саясаты, бәрі-бәрі оларды қызықтырғаны анық. Кітапқа енген «Арынғазы сұлтанның ауылына келген неміс ғалымы», «Есет Көтібарұлы Батыс зерттеуінде», «Шотланд жиһангезінің қазақ ауылындағы сапары» сынды мақалалар біздің кейбір ұмытылған, тарих бетіне жазылмай қалған сәттерімізді қайтадан өзімізбен қауыштырады, – дейді автор.

    Байырғы Жібек  жолының күретамырында орналасқан Ұлы дала еліне кімдер көз салмады дейсіз? Ондағы жұрттың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі мен дүниге дүмпу тудырған тарихи кезеңдердің  шын сыры әлемнің айтулы елдерінің архив қорында сарғайып жатқаны күмәнсіз. Шынымен де,  Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» кітабы – біздің тарихымыз бен мәдениетіміз үшін  мәні зор оқиға, ал «Болашақты» бетке алғандар үшін үйренетін үрдіс болмақ.

    Ұсынымдар

    Ер есімі – ел есінде

    Ер есімі – ел есінде

    3 months ago
    Ет өнімін экспорттайды

    Ет өнімін экспорттайды

    6 months ago
    Облыста құны 43 млрд теңге жеміс-жидек зауыты жұмыс істейді

    Облыста құны 43 млрд теңге жеміс-жидек зауыты жұмыс істейді

    1 year ago
    Дамудың басым бағыттары белгіленді

    Дамудың басым бағыттары белгіленді

    4 months ago
    Қонаевта “Шахмат керуені” өтті

    Қонаевта “Шахмат керуені” өтті

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.