Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті өз ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ақындар мен батырлар елінің шежіресін жазуда 90 жылдан астам тарихы бар басылымның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқандардың еңбегін бағалау мақсатындағы шара Жамбыл ауылында өтті.
Өткенге көз жіберсек, қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғалар – Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Әнуарбек Дүйсенбиев сияқты біртуар қаламгерлердің алғашқы тырнақалды туындылары осы басылым бетінде жарияланған. Газеттің басшылық тізгінін әр жылдары Ханымбүбі Ақжолова, Мәжит Түменов, Нағашыбек Қапалбекұлы, Күмісжан Байжан, Есенқұл Жақыпбек, Рәтбек Терлікбаев сияқты зиялы қауым өкілдері ұстады. Республикаға белгілі бірқатар журналист осында қаламын ұштап, қанатын қатайтқан. Олар үшін аудандық газет – қасиетті қара шаңырақ саналады. Қазіргі редакция ұжымы қазақ баспасөзінің айнымас дәстүріне адалдық танытып, ардагерлерін әрдайым құрмет тұтады. Оның бір айғағы – биыл 75 жасқа толып отырған ардагерлеріне арнап әдеби-сазды кеш ұйымдастыруы.
Шараның Жамбыл ауылында өтуінің себебі бар. Ақын атындағы аядай ғана елдімекеннен сөз өнеріне үлкен үлес қосқан бірқатар қарымды қаламгер шыққаны өз алдына, осындағы мектептің бір сыныбында бірге оқығандардан бес бірдей ақын, жазушы, ғалымның шығуы. Олар – Нағашыбек Қапалбекұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Рафат Әбдіғұлов, Күмісжан Байжан, Сейітхан Молдахметов. Өкініштісі, тағдырдың жазуымен бүгінде сыныптастардың үшеуі бұл фәнилік емес. Олар да 75-ке толар еді, дегенмен келешек ұрпаққа өміршең шығармалар қалдырды.
Алыс-жақыннан жиналған ардагер-қаламгерлер алдымен мұражай ауласындағы Жамбыл мен Нұрғиса кесенелеріне тәу етіп, ұлт мәдениетінің ұлы тұлғаларының әруағына құрмет көрсетті. Олардың қатарында Жұмаш Арғымбайұлы, Нұрманбет Қизатов, Манарбек Ізбасар, Талғат Сүйінбаев, Өмірбай Өмірзақұлы, Қарабай Әбуұлы, Тұрсынбек Ешенқұлов, Гүлнар Өмірзақова болды. Кезінде редакцияның отымен кіріп, күлімен шыққан аға буын өкілдері Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің конференц-залында Нағашыбек Қапалбекұлы мен Күмісжан Байжанның шығармашылығына арналған «Қаламым – сиқырлы пырағым» атты әдеби-сазды кешті зор ынтамен бірге тамашалады.
Жамбыл ауылындағы өнер мектебінің шәкірттері ән салып, мың бұрала биледі, домбырашылар ансамблі күмбірлете күй шертті. Кеш иелерінің прозалық туындыларынан көлемді үзінділерді жатқа мәнерлеп оқуымен көрерменді тәнті етті. Осындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушылары да өнер көрсетті. Кеш барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Шығармашылық адамының өмірі мен жазушылыққа қатысты сауалдарға ҚР Мәдениет қайраткері, публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының екі мәрте иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Күмісжан Байжан да толымды жауап беріп, жастарға тағылымды ой-пікірлерін білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл музейінің меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы мерейтой иелеріне ізгі лебіздерін жеткізді. «Жамбыл Атамекен» ЖШС директоры Мирамгүл Бақтыбайқызы қос қаламгердің аудандық басылымды дамытудағы кәсіби шеберлігі мен адал еңбегін атап өтіп, сый-құрмет көрсетті. Мерейтойлық кеш «Жамбыл» мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында жалғасты. Нағашыбек Қапалбекұлы мен Күмісжан Байжан 15-20 жылдан «Атамекен» газетінің бас редакторы болған, бірнеше кітаптың авторы, облыстың Құрметті азаматтары. Журналистика майталмандарының өнегелі еңбегі болашақ қаламгерлер үшін темірқазық болып қала бермек.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы