Перейти к содержимому
Главная страница » Білікті бапкерге арналды

Білікті бапкерге арналды

       Шелек ауылындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде бокстан КСРО спорт шебері, ардагер-жаттықтырушы Қуаныш Абдрахмановтың жүлдесіне арналған 2011-2012 жылғы кіші жасөспірім ұлдар, 2010-2011 жылғы қыздар арасындағы республикалық деңгейдегі ашық турнир өтті.

Қуаныш Нұрқанұлы – Шелек ауылының тумасы. Алматыдағы Қазақ денешынықтыру институтын тәмамдаған. Есік қаласы мен Шелек ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болды. Астана қаласындағы №60 лицейде және М.Жұмабаев атындағы жоғарғы халықаралық колледжінде ұстаздық етті. Ол боксты жастайынан серік етіп, 7-сыныптан бастап жаттықтырушы Нұрғали Мәнкеевтің қол астында жаттықты. Алматы облысында, Көкшетау қаласында өткен республикалық жарыстың жеңімпазы болды. Қазақстан Республикасы чемпионатында 1-орын, ал Ресейдің Омск қаласында өткен бүкілодақтық жарыста жүлделі 3-орын иеленді.
Жарыстың салтанатты ашылуына аудандық мәслихаттың хатшысы Бекет Ахметов, басқа да белсенді азаматтар қатысып, сөз сөйлеп, білікті бапкердің еңбегіне табыс, жас боксшыларға жекпе-жекте сәттілік тіледі. Сондай-ақ бұл шараға Қуаныш Нұрқанұлының әріптестері, достары, шәкірттері қатысып, сый-сияпаттарын жасап, шапан жауып, ат мінгізді.
Төрт күнге созылған бұл жарысқа Астана, Тараз, Шымкент, Жетісу, Алматы облыстарынан 12 команда, 120 боксшы ұл мен қыз қатысты. Бозкілем үстіндегі жекпе-жекте Ж. Үшкемпіров атындағы спорт мектебінің 9 боксшысы дара шығып, алтын медальды жеңіп алды. Ал жүлделі 2 және 3-орындарды Кеген мен Жаркент ауданының жас былғары қолғап шеберлері иеленді.
Жеке номинация бойынша Ж. Үшкемпіров атындағы спорт мектебінен Амир Мұқаш үздік техника көрсеткені үшін марапатталса, №2 Шелек балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен Әлихан Исламов және қыздар арасынан астаналық Гүлнәз Атабай «Үздік боксшы» атанды. Ал «Ең үздік боксшы» атағына Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебі­нің жас өрені Сман Темірхан лайық деп танылды.
Жарыста жеңімпаз болған былғары қолғап шебер­леріне арнайы медальдар, заттай сыйлықтар, алдыңғы үш орынға ие болған коман­даларға кубоктар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Анарбек МӨКІШҰЛЫ
Еңбекшіқазақ ауданы