Жамбыл ауданындағы балабақшаларға енді Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлары әдістемелік көмек көрсетпекші. Бұл туралы Жаңақұрылыс ауылындағы «Айгөлек» бөбекжайында өткен форумда белгілі болды. Онда жоғары оқу орны мен бірнеше мектепке дейінгі ұйым арасында ынтымақтастық келісімшартына қол қойылды.
«Табиғатпен үйлесім» атты форумда экологиялық тәрбиенің маңызы мен оны жүзеге асырудың инновациялық тәсілдері қарастырылды. Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру жолдары жан-жақты талқыланды. Бұл орайда алдымен Абай атындағы университеттің мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қияқбаева мазмұнды сөз сөйледі. Жамбыл аудандық әдістемелік орталық әдіскері Әтіркүл Қожахметова мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік тәжірибелерін таныстырды. Балабақша меңгерушілері Гүлбаршын Жүнісбекова мен Бақытгүл Смағұлова экологиялық тәрбиені дамыту бағытындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары баяндама жасап, зерттеулерімен бөлісті. Профессор Ақсәуле Манкеш экологиялық білімнің когнитивтік дағдыларды дамытудағы рөлін талдады. Философия ғылымдарының докторы Алтынай Жақыпова тұрақты даму мақсатына негізделген экологиялық білімнің маңызын түсіндірді. Докторант Гүлмира Қапсанова балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық аспектілерін ұсынды. Сондай-ақ университет профессорлары Гүлбану Абитова мен Әсем Бүлшекбаева мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамыту міндетін қозғаса, аға оқытушы Айжан Әуезова тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту мәселесін көтерді.
Ал «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешілері Салтанат Тайлақбаева мен Жансұлу Тоянова және «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ділдә Тұрлыбекова экологиялық білім берудің тәжірибелік әдістерін ортаға салды. Бөбекжайдағы «Жасыл балабақша» және «Эколайф» жобалары таныстырылып, жиынға қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін ата-аналармен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін айтты.
Аталған шарада мектепке дейінгі білім беруде үздік тәжірибелерді таратуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға тың қадам жасалды. Қатысушылар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Жамбыл ауданының бірнеше мектепке дейінгі ұйымы арасында ынтымақтастық келісімшартына қол қойылып, экологиялық тәрбиені дамытуға бағытталған бірлескен жобалар белгіленді.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы