Райымбек аудандық әкімдігінде жыл сайын сәуір айының соңында Отан алдындағы әскери борышын Чернобыль апатының зардаптарын жоюға арнаған азаматтармен кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл айтулы шара кезекті рет жалғасын тапты.
1986 жылы 26 сәуірде Украина жеріндегі Чернобыль атом электр стансасында кенеттен болған жарылыс адамзат баласына зор қауіп төндіріп, орны толмас қасірет әкелгені белгілі. Содан бері 40 жылға таяу уақыт өтсе де апаттың зардабы жойылып, жарасы жазыла қойған жоқ. Тұтқиылдан келген тілсіз жаудың бетін қайтаруға сол кезеңде Кеңес Одағының әр түкпірінен 600 мыңдай адам тартылған. Апатты аймаққа Қазақстаннан 30 мыңға жуық адам барса, солардың 2 мыңнан астамы Алматы облысынан екен. Өкініштісі сол, бүгінде солардың қатары сиреп, біразы апаттан тапқан түрлі сырқат салдарынан жарық дүниемен қош айтысқан. Қазіргі уақытта ауданда Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 13 жауынгер-ардагер бар. Олардың сол бір сұрапыл шақта көзге көрінбейтін апатқа қарсы күш-жігерлерін аямай, ерен ерліктің үлгісін таныта білгенін қалай мақтаныш етсе де артықтығы жоқ. Солардың бәрі бүгін бір-бір ауылдың ардақты азаматтары, өнегелі отбасының орны бөлек отағалары, немерелерінің сүйікті аталары. Қоғамның дамуына өз тарапынан лайықты үлес қосып жүрген, ниеті ақ, пейілі кең, жаны жомарт жандар.
Бұл жолғы кездесуге Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері де қатысып, апатты оқиғаны Чернобыль ардагерлерімен бірге еске алды. Кездесуде аудан әкімі Берік Дүйсенбаев Чернобыль ардагерлеріне ізгі тілегін арнады.
– Құрметті Чернобыль апатына қатысушы ардагерлер! Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тіктіңіздер. Апат аймағына барып, адам баласының жарқын болашағы үшін жанқиярлық таныттыңыздар. Бұл ерліктеріңіз Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік пен адалдықтың, патриотизм мен қайсарлықтың өлшенбес өнегесі ретінде елге мұра, ұрпаққа ұран болып жалғаса беретіні анық. Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің тыныштығы, ұрпағымыздың бақытты өмірі сіздердің апат аймағындағы ерлік істеріңіздің нәтижесі деп білеміз, – деген аудан әкімі бүгінгі таңда Чернобыль апатына қатысушыларға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік көмектер көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Чернобыль ардагерлерін Алғыс хапен марапаттады.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, Чернобыль ардагері, аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Сыдықов сөз сөйлеп, ұсыныс, пікірлерін ортаға салды.
Кездесу бұдан кейін аудан орталығындағы Б.Соқпақбаев және Т.Жанұзақов орта мектептерінде жалғасты. Чернобыль апаты, Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері оқушыларымен кездесіп, жас буынға өздерінің жауынгерлік жорық жолы, қарулас достарының ерлік рухы, Отан алдындағы әскери борышына деген сүйіспеншілігі мен адалдығы туралы естеліктер айтты. Туған ел мен жерді, Отанды қорғаудан асқан абыройлы борыш жоқ екеніне нақты дәлелдер келтіре отырып, жасөспірімдерді оттан ыстық Отанын қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды. Ардагерлер бұдан кейін Жеңістің 80 жылдығы құрметіне арнап, екі мектептің ауласына тал екті. Өздеріне қолғабысын тигізген оқушыларға «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөздің мән-мағынасын түсіндіріп, еккен талдарын көздің қарашығындай күтіп-баптауды аманаттады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы