-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРГЕН

    26.04.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРГЕН
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

           Қолымызға қалам алуға бір ерекше жайт себеп болды. Биыл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы! Қазіргі кезде барлық ауылдарда, облыстарда, республикамыздың түкпір-түкпірінде соғыс кезінде жанын аямай, өлімге бас тігіп, майданда қаза тапқандармен қатар Жеңістің берік тірегі болған, тыл майданында ерлікпен еңбек еткен азаматтарға да құрмет пен қошемет көрсетіліп жатыр. Солардың ішінде қиыншылықта ел еңсесін көтеріп, өнімді еңбек етуге жұртшылықты жаппай жұмылдыруға күш-жігерін аямай жұмсаған әкеміз Әбілда Бүркеұлының есімінің аталмай, ескерусіз қалуы біз үшін және келешек ұрпағы үшін орны толмас үлкен өкініш болады-ау деген ой қатты мазалап, осы әңгімені жазуға итермеледі.

    Әкеміз Әбілда Бүркеұлы 1906 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген деген жерде дүниеге келген. Ол – сегіз баланың жетіншісі. Бір отбасының шикіөкпе балалары буындары бекімей жатып ата-анадан айырылып, өмірдің ащы-тұщысын тартады. Бар ауыртпалық үлкен ағасы Бөкенбайға түседі. Ол сол жердегі орыс байларының шөбін шауып, малын бағып жүріп, іні-қарындастарын асырап күнелтеді. Көзі ашық, ақылды, ептеп орысша да сөйлей білетін адам екен. Сол ағамыз кішкене Әбілдаға назар аударып, «Түбінде осы баладан бірдеңе шығар. Өте пысық. Шаруаға да икемді бала. Мұны оқыту керек екен» деген ойда болады. Бірақ Бөкенбай ағасы бұл арманын жүзеге асыра алмай, ойламаған жерден бір-ақ күнде қатты ауырып, түйнек ауруынан (соқырішек) қайтыс болып кетеді. Ол кісінің де артында қалған қарадомалақтарының буындары әлі қатая қоймаған жас-тұғын. Кіші інілері Шыныбай, Шынасыл орыс байларының жалшысы болып жүріп, күн көреді. Осылайша, елге Кеңес өкіметі орнап, халыққа біраз өзгерістер әкеледі. Ел отырықшылыққа дағдыланады. Өмірдің жаңа түрі басталады. Халық жер жыртып, егін егуге талпына бастайды. Оқып, білім алуға да мүмкіндік туады. Солардың алғашқыларының бірі болып біздің әкеміз Әбілда Түргендегі жаңадан ашылған екі жылдық мектепке қабылданады. Оқу оңайға түспейді. Жағдай қиын, күнде 8-10 шақырымдай жерге жаяу барып-келуге тура келеді. Үстіне кигені ескі жыртық қара тон. Бірде аш, бірде суыққа тоңып жүріп, осы мектепті ойдағыдай бітіріп шығады. Өз тірлігімен талпынып, ізденіп жүріп, әжептәуір сауатын ашады. Өздігінен білімін тереңдетуге талпынады. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында жаңа құрылып жатқан өкімет жұмысына араласып, келе-келе ел басқаруға дейін қол жеткізеді.
    Әкеміз Әбілда өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап өкімет тапсырған қоғамдық жұмыстарды атқарды. Сол кезде бытырап жүрген елді отырықшылыққа айналдыру мақсатында көптеген үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Жаңа құрылып жатқан кедейлер комитетінің мүшесіне сайланады. Халық қазынасын, мүлкін әртүрлі сұғанақ қолдардан сақтау, қорғау, олармен күресу жолында құрылған Халықтық бақылау ұйымының мүшесі болады. Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылында халық қорғаны атанып, милиция қатарында қызмет істейді. Міне, осы жылдары көптеген қиыншылықтармен және әртүрлі қауіпті іс-әрекеттермен бетпе-бет келіп, халық мүлкін талай рет аман сақтап қалуға белсене қатысады.
    Әкеміз кейде өткен жылдарды есіне түсіріп, болған оқиғалардан сыр шертетін еді. «Қашанда адал өмір сүру керек, балалар. Адалдық – адам бойындағы жақсы қасиет. Көңілі, ниеті таза адам ұтылмайды», – дейтін әкеміз. Көзкөрген қариялардың айтуы бойынша, әкеміздің өз өміріне де бірнеше рет қастандық жасалыпты.
    Бірінші ауыл атанған мекен – Таутүрген деген жерде 1930 жылдары ұжымшар құрылады. Оның алғашқы төрағасы болып әкеміз Әбілда сайланады. Мұндағы жұмыс та оңайға түспейді. Бәрін де жаңадан бастап, көп нәрсені өзі ойлап тауып, ізденіп, өзі шешіп, басқаруға тура келеді. Өзіне жүктелген міндетін аса жауапкершілікпен, күш-жігерімен, білгірлікпен атқаруға бел буады. Өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, халықтың хал-ахуалы мен тұрмыстық жағдайының жақсаруына қатты көңіл бөледі. Жер бөліп беріп, бастарына баспана тұрғызуына көмек көрсетіп, жаңа мектеп салуды жоспарлайды. Кейде өткен өмір жолдарын есіне алғанда, әкеміз сол кездегі халықтың басынан өткізген қасіретті ашаршылық зардаптарын жиі айтатын еді. Халықты аман сақтап қалу жолында ерекше тапқырлық көрсеткенін, аштықтан әлсіреп жатқан жасөспірімдерді жинап әкеп, биенің сүтін ауыздарына қасықпен құйып, тірілтіп алғанын, оларды асырап-сақтап, ел қатарына қосқанын әңгімелеп отыратын.
    1934 жылы өңірлік атқару комитеті­нің ұйғаруымен әкеміз Әбілда Бүркеұлын Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Рахат» ұжымшарына бас бухгалтер етіп тағайындайды. Одан 1936 жылы өзі құрған «Таутүрген» ұжымшарына қайтадан басшы болып келеді. Алғашқы күннен бастап өз ауылын көркейту жолында бар күш-жігерін салады. Бұрынғы жаңа мектеп салу жоспарын іске асыруға кіріседі. Ескі мектептің орнына бөренеден қидырып, үш бөлмелі кең, жарық мектеп салдырады. Жастардың кең әрі жарық бөлмеде оқуына мүмкіндік жасап, осы мектепті салғызуда үлкен еңбек сіңіреді. Сол кезде ол мектеп бізге үлкен бір зәулім сарай сияқты көрінетін еді. Аталған мектепті бітірген түлектер қазір еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі мамандықтарда қызмет істеп, міндеттерін абыройлы атқарып жүр.
    Ауылдың мәдениетін, экономикасын көтеруде әкеміз Әбілданың ұйым­дастыруымен қыруар жұмыс істеледі. Уақтысында жер жырту, тұқым себу, піскен егінді төкпей-шашпай жинап алу науқандары кідіріссіз атқарылады. Мал шаруашылығы қатар өркендейді. Таутүргеннің тұрған жері таулы-тасты, ойлы-қырлы, табиғаты көркем жер. Мұнда егін егу, шөп шабу өте күрделі. Өйткені бәрі тек қолдың күшімен істеледі. Мал баққанға өте ыңғайлы өріс әрі қоныс десе болады. Сондықтан да шаруашылықтың негізгі кәсібі төрт түлік малдың санын арттыру болатын. Олардың ішінде өте көп өсірілетіні ешкі еді.
    Еңселері түскен елдің көңілін көтеріп, еңбекке құлшындыру мақсатында көркемөнерпаздар үйірмелері мереке­лерде концерт беріп жататын. Алматы­дан да әртістер келіп, концерт қоятын. Шағын клубтың іші халыққа лық толып, сыймай кететін. Бала-шаға, үлкен-кіші түгел жиналатын еді. 1939 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша әкеміз Әбілда «Жаңашар» ұжымшарындағы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Ал 1941 жылы аудандағы кадрларды даярлау, білімін жетілдіру үшін жоғары оқуға жібереді. Оқу ұзаққа созылмайды. Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты бұл оқу орны жабылады. Содан кейін әкеміз С.Киров атындағы ұжымшар басқармасының төрағасы болып сайланады.
    Соғыс кезі. Астаң-кестең дүние. Қолдарына қару ұстауға жарайтын ер-азаматтар түгелімен майданға сұранып кетіп жатады. Күңіренген ел. Әкем де көппен бірге майданғa өзі сұранып барады. Бірақ тылға да қолынан іс келетін білімді, ұйымдастырушылық қабілеті бар мамандар керек еді. Майданнан оралған соң өзі қызмет істеген С.Киров атындағы ауылға қайта оралады. Келісімен елде қалған қарттар мен әйелдерді, еңбек етуге жарайды-ау деген балаларды түгел жинап алып, ел басына төніп тұрған қауіпті, ауыр жағдайды түсіндіре келіп, халықты шамалары келгенше жұмыла еңбек етуге шақырады. Ел болып, жұрт болып, таңның атысы, күннің батысы демей, майдандағы жауынгерлерге қолдан келген бар жақсылық, көмектерін көрсетуге барша жұрт бір кісідей жұмылдырылады.
    Осы отты жылдары жеңіске жетудің тірегі болған тыл майданында әкеміз бар күш-жігерін, қайратын аямай жұмсап, табандылықпен еңбек етеді. Халықты соңынан ерте біліп, үлкен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған ғой. Жаппай бәрі майдандағы жауынгерлерге жылы киім дайындап, қолғап, шұлық тоқып, іш киімдер тігіп, сәлемдеме ретінде соғыс даласындағы жауынгерлерге жіберіп жатады.
    Егінді дер кезінде салып, қысқа мерзім ішінде ысырапсыз жинап алуды үлкен ұйымшылдықпен өткізіп, алған астықтарын майданға жібереді. Бұл ұжымшар аудан бойынша ірі шаруашылықтың бірі болатын. Темекіні өсіріп, баптап күтіп, өнім жинау күрделі жұмыс. Міне, осындай қиындық әрекеті көп жұмысқа үлкен-кіші, кәрі-жас ұйқы-күлкісіз, күн-түн демей, егіс басында күндерін өткізіп, жиған-тергендерін майданға деп жөнелтетін. Сол кездегі күндерін қалай өткізгендерін есіне алған қарттар: «Әбекең, Әбілданы айтамыз, бізбен әрқашанда бірге, қасымызда болушы еді. Ол кісінің бірауыз жылы сөзі бізге жігер, күш-қуат беретін. Шаршағанымызды да ұмытып, жұмыс істеуден басқаны білмейтінбіз. Жинаған темекімізді сұрыптап буып, жауға деген оғымыз болсын деп, майданға жіберетінбіз. Сонда ыстық-суығымызға көніп, уайым-қайғымызды бірдей бөлісіп, жылы сөзімен жұбатып, бізге күш-жігер беретін Әбекеңді біз ұмыта алмаймыз. Ол кісінің адамгершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, әр адаммен тіл табыса білетін қасиеті өте ерекше екендігін ел-жұрт жиі әңгімелейді. Қиыншылық жылдары еңбекке жұмылдырып, тұрмысымызды оңалдырып, елдің еңсесін тіктеудегі Әбекеңнің атқарған ісі ұлан-ғайыр екендігін көзбен көрдік. Ол елі үшін туған, жөні бөлек жан еді», – деп әлі күнге дейін еске алып отыратын.
    Соғыстан мүгедек болған жауын­герлер елге оралып жатты. Майданнан күнде хабардар болып отырған халық құлақтарын сол жаққа тігеді. «Соғыстағы жаралы жауынгерлерге дәрі-дәрмек керек, жетіспей жатыр», – деген хабарды естісімен тағы да ел-жұрт болып, үлкен-кіші, бала-шаға тау-тасты кезіп жүріп, шипалы шөптер жинап, оларды да «Жаралы жауынгерлерге!» деп жіберіп отырды. Әкеміз Әбілда «Отан қорғауға қосқан үлесім» деп соғыстың нағыз қайнаған қаһарлы кезінде, 1944 жылы, өз еңбегімен жинаған қаражатынан 100 мың сом ақша береді. Бұл жайлы хабар 1944 жылы 6 мамырдағы республикалық газеттердің біріне шығады. Онда: «Отан үшін жүз мың сом, батыр Қызыл армияның, сүйікті Отанымыздың жерін неміс фашистерінен азат етуі үшін, мемлекетіміздің күш-қуатын арттыра беруі үшін мен адал еңбегіммен тапқан ақшамнан үшінші соғыс қарызына жүз мың сомның облигациясына жазылып, оның ұтыстары мен облигациясын Отан қорғау қорына бердім. Еңбекпен тапқан менің қаржыма жасалған Кеңес қаруы жауды талқандай берсін! Ә. Бүркеев. 1944 жыл», – делінген. Бұған 1944 жылы И.Сталиннің өзінен ризашылық алғыс жеделхаты келеді. Онда орыс тілінде былай жазылған: «Телеграмма Высшая правительственная из Москвы Иссык Алма-Атинской область Председателю колхоза им. Кирова Энбекши-Казахского района Буркееву А. Примите мой привет и благодарность за Вашу заботу о Красной Армии. И. Сталин 1944 года».
    Бұл жеделхат әлі күнге сақтаулы. Шаршап, талып, сарғайып күткен Жеңіс күні де келді. Түсіне білгенге бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл күндер әр отбасының, әр адамның жүрегінде мәңгі сақталардай айықпас із қалдырғаны баршаға аян. Кішкентай бала болсақ та халықтың басына түсіп жатқан ауыртпалықты көріп-біліп жүріп өстік. Соғыстан азап шеккен халық, майданнан мүгедек болып қайтып келіп жатқан жауынгерлер әлі күнге көз алдымызға елестейді. Қанды майдан кезінде тұралап әлсіреген шаруашылықтың экономикасын көтеріп, халық тұрмысын, жағдайын жақсарту жолында әкеміз Әбілда Бүркеев қыруар жұмыс істеді.
    Бірде соғыс жылдарында бір түн ішінде Кавказдан Қазақстанға жер аударылған түрік ағайындар ауылға көшіп келеді. Елінен, жерінен айырылған, азып-тозып, жүдеп-жадаған ағайынды әкеміз бастаған топ жылы жүзбен қарсы алады. Әрбір отбасына бір-бір үйден орын бөлініп беріледі. Әлі есімізде, Паша Алиев деген азамат әке-шешесімен, әйелі, қарындасы Әмрия біздің үйге кірді. Бір шаңырақтың астында, бір дастарқан басында отырып, тамақ ішіп, қазақ-түрік болып тұрып жаттық. Міне, мұндай жағдай сол кезде әрбір отбасында болып еді. Әкеміз бұларға аса қамқорлықпен қарады. Жаз шыға әр отбасына баспана, үй салынды. Олар ұжымшардың белді мүшелеріне айналып, жұмысқа араласып, кәдімгі туыстай бауыр басып кетті. «Әбеке аға ардақты, аяулы жан еді, біз оның өте қиын кезде істеген жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз», – деп олар әлі күнге ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Сөз соңында айтарым, бар саналы өмір жолын халқына қызмет етуге арнаған, қоғамдық, мемлекеттік жұмыстардың іскер ұйымдастырушысы, қазақтың адал ұлдарының бірі болған әкеміз Әбілда Бүркеұлының рухына тағзым етіп, есімі өзі туған еліндегі ауылдың біріне берілсе деген ізгі тілегімізді кейінгі жас ұрпақтың есіне сала кеткенді де жөн санап отырмыз.

    Шара ӘБІЛДАЕВА,
    еңбек ардагері

    Ұсынымдар

    Салық реформасы баршаға тиімді болуға тиіс

    МНЭ РК: Недополученные налоги – недостроенные школы и больницы

    1 month ago
    Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылуда

    Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылуда

    1 year ago
    АЛАТАУ ҚАЛАСЫ АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

    АЛАТАУ ҚАЛАСЫ АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

    2 months ago
    Татулық – тұрақтылық кепілі

    Татулық – тұрақтылық кепілі

    1 year ago
    Қазына тұнған  – құт мекен

    Қазына тұнған  – құт мекен

    10 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.