«Өткен өмірдің өшпес іздері жадымызда» дегенді көнекөздер тегін айтпаса керек. Жайсаң жандардың өнегелі өмірі – таусылмайтын әңгіме. Тілімізге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз – кешегі қан майдан мен одан кейінгі бейбіт өмірдің бел ортасында болған, 85 жасында дүниеден озған соғыс және еңбек ардагері Қуандық Асауов.
Алпысыншы жылдары Нарынқол ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегізжылдық мектепте жыл сайын Жеңіс күніне орай іс-шаралар өтетін. Әсіресе оқушылар соғыс ардагерлерімен болатын кездесуге ерекше мән беруші еді. Сынып жетекшіміз Рая Иманбекова сабақтың соңына таман:
– Ертең мектептің акт залында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қуандық Асауов аталарыңмен кездесеміз. Ол кісі – сендерге сабақ беріп жүрген Кеңескүл Қуандықованың әкесі. Сол салтанатқа қалмай қатысыңдар, – деп бізге мән-жайды тәптіштеп түсіндірді.
Сынып жетекшіміз сыртқа шығып кеткеннен кейін менің қасымда отыратын Кәдіржан Адамзатов бәрінің назарын өзіне аударып:
– Қуандық атаны мен жақсы білемін. Омырауында ордендері мен медальдары көп. Біздің үйге жиі келіп, атаммен әңгімелеседі. Өте жақсы адам, – деді. Сол сәтте парталасымыз Тоғанбай Станбеков те қарап тұрмай:
– Қуандық атаны мен де жақсы танимын. Астында атырылып тұрған ақбоз аты бар. Қоржыны газет-журналдарға толып жүреді. Біздің таудағы үйге екі күннің бірінде газет-журнал әкеледі, – деп біз білмейтін жайдан хабардар етті.
Ертесінде кездесу кеші басталды. Мектеп директоры Шоғанбай Мұсаев та майдангер еді. Сахна төрінде ол кісі замандасы Қуандық Асауов туралы біраз әңгіменің басын қайырды. Мұғалімдер де ардагер жайлы құлақ құрышын қандырар өнегелі әңгімелер айтты. Өздерінің әріптесі Кеңескүл сияқты үлгілі, инабатты да ибалы ұстазды тәрбиелеген Қуандық ақсақалдың әкелік қасиетін айрықша атап өтті. Сол кезде Кеңескүл тәтеміз Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, алты баласы бар ардақты ана екен.
Бұдан кейін сөз кезегі қадірлі қонағымызға тиді. Енді ардагердің бастан кешкен тағдыр тарауларын сабақтап көрейік.
Ол 1907 жылы Ұйғыр ауданы Шарын ауылында дүниеге келіпті. Анық-қанығына жеткізіп айтар болсақ, белі бекімей жатып, бейнетпен алысып өскен. Балалық шақтың қызығына да кенелмеген. Жазмыштың жазуы солай шығар, тоғыз жасында әкесінен айырылған. Бұл қайғының қара бұлты сейілмей жатып 12 жасында анасы да дүниеден өтіпті. Сөйтіп, ол ата-ананың мейірім шуағынан ерте айырылып, қиындықтың қыспағында қалған.Алайда «Жалғыздың жары – Құдай» демекші, Қуандықты жетімдіктің құрығынан әкесінің бірге туған інісі Бекберді құтқарып қалады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, оған қалқан болады. Соның арқасында көштен қалмай, алдыңғы қатарлы азаматтардың қатарына қосылады. 1928-1930 жылдары ауылдық кеңес, кеңшар басшысы болған. 1933-1935 жылдары Нарынқолмен іргелес жатқан Каганович ұжымшарының төрағасы қызметін атқарады. Сондай-ақ 1938 жылы Нарынқол орта мектебінің директорлығына тағайындалады. Мұның өзі Қуандықтың жас ұрпақ алдындағы міндеті мен сенімін, жауапкершілігі мен адалдығын арттыра түседі.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда көппен бірге қолына қару алады. Оның құжаттарындағы деректер мен дәйектерге назар аударсақ, 1942 жылдың 8 сәуірінде Кеген аудандық әскери комиссариатынан №405 команда бойынша әскер қатарына алынады. Майдан шебіндегі алғашқы айқасы Сталинград қаласын қорғау үшін №120 атқыштар полкында басталады.
Соғыстың аты – соғыс. Қару-жарақтардың дүмпуі адам айтқысыз. Жер мен көктің астан-кестенін шығарып, қаланы қара тұманға айналдырып жіберген. Қуандық та жауды нысанаға алудан аянып қалған жоқ. Жаңбырша жауған оқтардың, снарядтардың тасқыны оның полктастарының талайын жер жастандырып кетті. Ол да қаруластары сияқты жауға қарсы толассыз оқ жаудырады. 1942 жылы Мамаев қорғанын азат ету жолындағы шайқаста оң қолынан жанға батар жарақат алып, Горький қаласындағы госпитальға түседі. Мұнда 7 айдай ем қабылдайды. Ал 1943 жылдың сәуір айында НКО-ның №386 ұйғарымымен әскер қатарынан босатылады. Содан елге оралады.
Осы жерде атқыштар полкінің жауынгері Қ.Асауовтың І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің кавалері болуы – соғыста ерлікпен күрескенінің нақты дәлелі. Мұндай марапат алғандар аудан көлемінде өте сирек. Сонымен қатар «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», Жеңістің мерекелік медальдарын қосатын болсаңыз, ол кісінің тұлғасы одан әрі зорая түседі. Бейбіт күннің берекесін арттырудағы сіңірген еңбектері де жоғары бағаланды. «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарының өзі оның қандай адам болғанын асқақтата паш етіп тұр. Екінші топтағы мүгедектігімен дербес зейнеткер болған атамыздың абыройы тым биікте қалды. Ол кісіні арманы жоқ адам деп айтсақ та жақсы жарасымын тауып тұр.
Елге оралғаннан кейін 1943-1946 жылдары Ақбейіт ұжымшарында төраға қызметін атқарады. 1946-1947 жылдары Энгельс атындағы ұжымшарды басқарды. Тәлімді тәжірибесінің молдығынан болар, Қуандық Асауов бұдан кейін 1948 жылы Еңбекші ұжымшарына да басшылық етеді. Қашан болсын халықтың қамын ойлаған азаматтың қол қусырып қарап отырған жері жоқ. 1955-1963 жылдары ауданның мал дайындау мекемесінде жұмыс істейді. Бұл жұмыстың қыры мен сыры да оған бес саусағындай белгілі. Зейнеткерлікке шықса да, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы кеңшардағы жұмыстарға белсене араласты. Жалпақ жұртшылық Қуандық Асауовты көш бастаушымыз, ақылгөй ақсақалымыз, қажуды білмейтін қариямыз деп қадірледі.
Ардагердің отбасылық жағдайына да сәл шегініс жасап кеткен артық бола қоймас. Ең алғашында өзінің жүрек қалауымен Нұрғайша Нүсіпқызын өмірлік қосағы етіп алған. Зайыбы Нарынқол ауылындағы алғаш трактор айдаған қыз-келіншектердің сапынан көрінген. Нұрғайшадан екі қызды болған. Тағдырдың жазуына не дерсің, аяулы жарынан ағамыз ерте айырылып қалады. Содан «Құдай жалғыздықтан сақтай көр» деп Мәсімқан Игісіноваға үйленеді. Ол кісі балабақшада тәрбиеші болып істейтін. Екеуі өмірлерінің соңына дейін Нарынқолдан тұрақ тауып тұрды. Қуандық атамыз қарттығына қарамастан, астындағы ақбоз атымен ауыл айналасындағы, сырттағы малшылар қауымына қос қоржынын газет-журналдарға толтырып алып тарататын. Мәсімқан апамыз ақ боз атын ерттеп беріп, жолға шығарып салатын. Сол кезде оны «Ақбоз ат мінген ардагер» деп ауылдастары атап кеткен еді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас сөз екен. Ол соғыстан кейінгі бейбіт күнде де азаматтық арына шаң жуытпады.
Әңгімеміздің басында үлкен қызы, ұлағатты ұстаз Кеңескүл Қуандықова жайлы аздап сыр ағытып едік. Ол сүйікті жары Әбітай Сүттібаев екеуі өмірден ертерек өтіп кетті. Бірақ артында 3 қызы мен 3 ұлы қалды. Балалары бүгінгі күні жоғары білімді ұстаздар, инженерлер, энергетиктер болып жемісті еңбек етіп жүр. Ал Гүлназат Сүттібаева болса, нағашы атасы Қуандық Асауовтың нағыз жоқтаушысы. Атасы туралы деректер мен дәйектерді ұқыптылықпен жинақтап, баспасөзде жарыққа шығарып келеді. Атамыздың кіші қызы Сараның мамандығы – есепші. Төрт ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Талғар қаласында бетке ұстар қолөнер шебері. Ол да Қуандық әкесін емірене еске алып, әркез мақтан тұтады.
1995 жылы 21 қаңтарда Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында аудандық «Хантәңірі» газетінің қос бетіне әріптесім Дүйсен Досымбаев екеуміз «Майдангерлер, ерлікпен еңбек еткендер – Жеңісті жеделдеткендер!» деген айдармен газеттің айқара бетін шығардық. Сонда ардагер Алмабек Байтуовтың «Есімі есте қалса екен» деген тақырыппен Қуандық Асауов жайлы материалы жарияланды. Қуандық Асауовты мәңгілік есте қалдыру мақсатында ауылдың бір көшесінің атын беруді сұрап ұсыныс тастаған.
Содан бері 30 жыл өте шығыпты. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегендей, ұсыныс жүзеге асса, әлі де кеш емес. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагері Қуандық Асауовқа ауылдан бір көшенің аты берілсе, ол кісінің рухына көрсетілген зор құрмет болар еді!
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы