2025 жылдың 16 наурызынан басталған «Тосқауыл – 2025» бірлескен шекаралық операциясы ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек, Қарасай аудандары бойынша шекара басқармаларының аумағында 12 сәуірге дейін жалғасады. Қазақстан және Қырғызстан шекаралық ведомстволары басшыларының қол жеткізген келісімдеріне сәйкес өтіп жатқан операцияның нәтижесінде ұсталғандар аз емес.
Сондай оқиғалардың бірі, 2 сәуір күні кешкі сағат 5 шамасында Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев атындағы шекара бөлімшесінің учаскесінде өрбіді.
Ерікті жасақшы Н.Тлеубердиев шекараның бойында белгісіз адамның жүргенін байқап қалып, бұл туралы бірден шекара бөлімшесіне хабар берген. Көп ұзамай, аға лейтенант Е.Сауырбаев бастаған «Дабыл» тобы мемлекеттік шекарадан бірнеше шақырым жерден қазақстандық азаматты ұстады. Әйел адамның айтуынша, ол тау ішінде мал іздеп жүрген. Өзі Нарынқол ауылының тұрғыны, жеке басын куәландыратын құжатын үйінде ұмыт қалдырған көрінеді. Алайда, мұндай уәж – шекара режімін бұзушыларды жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан, шекарашылардың құрығына түскен азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі