Облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін қазына тұнған құт мекен – Жамбыл ауданында баспасөз туры ұйымдастырылды. Бір күн бойы алыс елдімекендерге сапар шеккен журналистер егістік алқабын, малды ауылдарды аралап, дала төсін дүбірге бөлеген еңбек адамдарымен жүздесті.
Алдымен Самсы ауылдық округіне жол бастаған Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісов әңгіме арасында облыста жер көлемі ең үлкені – осы Жамбыл өңірі екенін айтып қалды. Жалпы аумағы 2 миллион гектарды алып жатқан өңірдің бір шетінен екіншісіне жету үшін жүздеген шақырым жол жүруге тура келеді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елдімекендердің арасы бір-бірінен алыс. Самсы ауылының сыртын айнала қара жолмен шығысқа қарай он шақырымдай жүріп, «Дәуітхан» шаруа қожалығының көктеуіне атбасын тіредік. Шаруашылық иесі Ержан Құсайынов жұмыс барысымен таныстырды. Аталған шаруа қожалығы 2000 жылы құрылған, қазақтың биязы жүнді меринос қойын өсіреді. Иелігінде 2 жарым мыңдай қой бар, оның 1400-і –саулық. Сонымен бірге 120-дай сиыр, 4 үйір жылқысы бар. Малдарының дені қыста шалғайдағы мал жайылымында, жазда Майтөбе жайлауында бағылады. Шаруаға қажетті ауылшаруашылық техникаларымен қамтамасыз етілген.
Қожалық иесі қазір мұнда төл алу науқаны жүріп жатқанын, 700 бас саулық осы қорада күтімге алынса, тағы 700-і басқа жердегі қорада төлдетіліп жатқанын айтты. Саулықтың жартысынан астамы қоздап үлгеріпті. Егіз туғаны бар, арасында бірлі-жарым шығын да болады, сонда орта есеппен аналықтың басына бас төл алуды жоспарлап отыр. Малшыларға қажетті жағдай жасалған, тұратын баспана, отын-су, ішер астан тарықпайды. Сақманда студенттер де жүр. Жоғары оқу орнының мал мамандығына оқитын білімгерлері өндірістік тәжірибелерін осында өткізуде.
Сақманға студент тарту жобасын аудан әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев түсіндірді. Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті мен Жамбыл ауданы әкімдігі және шаруа қожалықтары арасында үшжақты келісім жасалған. Соған сәйкес, жылда көктемгі мал төлдету кезінде аталған білім орнының студенттері осында бір ай өндірістік тәжірибеден өтеді. Жоба үш тарапқа да тиімді. Қожалық иесі ынталы жастың тың күшін пайдаланса, әкімдік болашақ маманды ауданға тартады, ал оқу орны үшін бұл – теориялық білімді іс жүзінде қолданатын тәжірибе алаңы іспетті. Қазір ауданның 25 шаруа қожалығында осы оқу орнының 65 студенті өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Соның төртеуі осы «Дәуітхан» шаруашылығында шыңдалуда. Олармен тілдескенімізде жағдайлары жақсы екенін, сақманда болудың мамандықты меңгеруде көп септігін тигізіп жатқанын айтты. Мұнда студенттер төлдеу үрдісін бақылау, жас қозыны күтімге алу, ауырса дәрілеу, шираған соң құйрығын кесу сияқты жұмыстарды үйренеді. Кітаптан оқығанды іс жүзінде қолданып, кәсіптің қыр-сырына қанығады.
Студенттерінің жай-күйін білуге Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінен келген ұстаздармен осында кездестік. Оқу орнының практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Бақыткүл Есімова төрт жылдан бері білімгерлер өндірістік тәжірибеден осы ауданда өтіп жүргенін айтты. Студенттерінің тұрмыстық жағдайын көріп, жұмыс істеуге қолайлылық жасалғанына көз жеткізді. Айтуынша, сақманда болу – қаланың, алыс облыстардың балаларына бір жағы қызық.
Бұл жобаның нәтижесі сол, сақманда болғандардың барлығы диплом алғаннан кейін өз мамандықтары бойынша қызмет істеуде. Ветеринария және зооинженерия факультетінің деканы Асылбек Мұсаев, деканның тәрбие жөніндегі орынбасары Дана Бектасқызы да сол күні тілшілермен бірге тағы бірнеше шаруашылықты аралап, білімгерлерінің жағдайын көрді.
Баспасөз турына қатысушылар «Алматы-Бішкек» күрежолымен батысқа қарай жол тартып, Беріктас ауылының тұсындағы егістік алқабына барды. Мұнда «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Өмірзақұлын жұмыс басында кездестірдік. Қожалық 16 жер иесінің біріккен кооперативімен бірлесіп, 300 гектарға арпа, 300 гектарға майбұршақ егуде. Оған 5 ауылшаруашылық техникасы тартылған. Аталған қожалық өткен жылы ғана құрылыпты, иелігінде 1730 гектар егістік, 5700 гектар жайылым жері бар. Тұқым себіліп жатқан мына жер 28 жылдан бері ештеңе егілмей бос жатқан көрінеді. Ауыл тұрғындары тың жерді қожалықпен бірлесіп игеруге келісіпті.
Осында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас журналистерге сұхбат берді.
– Ауданда 2 мыңға жуық шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Олар көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы атқаруға жұмылған. Жалпы 106 мың гектарға жуық егістік бар. Былтырмен салыстырғанда егістік алқабының көлемі мың гектарға ұлғайтылды. Сол егістіктің 50 мың гектардан астамына арпа-бидай, жүгері, сұлы сияқты дәнді дақылдар өсіріледі. 47 мыңнан астам гектарда көпжылдық шөп түрлері егілген. Шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, арзандатылған жанар-жағармай, минералды тыңғайтқыштар алып, жаңа техникамен қамтамасыз етуде жеңілдіктерді пайдалануда. Ауылшаруашылық техникасының тозуы – аудан бойынша 45 пайыз. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қолжетімді техника сатып алу мүмкіндігі кеңінен насихатталады. Нәтижесінде былтыр 35 техника алынса, биыл 50-ден астам техникаға ұсыныс беріліп, алды алып жатыр. Басты мақсат – саланы дамыту, – деген әкім су үнемдеу технологиясын енгізуге тоқталды.
«Оған да мемлекеттің қолдау шаралары бар. Егістікті тамшылатып суару әдісіне көшуге қолжетімді несие беріледі. Ауданда барлығы 20 мың гектар суармалы егістік тіркелгенімен, нақты 15 мың гектары пайдаланылып отыр. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруашылықтар бар. 6 мың гектар жер тамшылату әдісімен суарылып келсе, биыл жаңа әдіспен суару көлемін 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Алайда бұрынғы су қоймалары мен су жүйелерінің тозуы салдарынан су діттеген жеріне жетпейді. Оған республикалық деңгейде қаржы бөлінуіне ұсыныс жасалған. Былтыр 1 миллиард теңге бөлінсе, биыл 1,2 миллиард теңге қаражатқа ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмысы жүргізілмек. Күрті аймағындағы су қоймалары мен арналар ескіргендіктен, су топыраққа сіңіп, ысырап болуда. Сондықтан табанын бетондау маңызды. Бұған қомақты қаржы қажет. Ол республикалық деңгейде шешілетін мәселе, оған аудан тарапынан ұсыныс жасалуда», – деді.
Аудан басшысы қазіргі мал төлдету науқаны өте маңызды кезең екенін атап өтті. Облыста мал саны ең көбі – Жамбыл ауданы. Мұнда 1 жарым миллионға жуық мал басы бар. Оған биылғы төлі қосылса, 2 миллионға жуықтайды. Үлкен шаруашылықтарға көмекке 2022 жылдан бері Аграрлық университеттің ветеринария факультеті студенттері сақманға келеді. Көмектен бұрын теориялық білімін тәжірибемен ұштайды. Бастысы сол – тәжірибе жинайды, мамандықты дұрыс таңдағанына көз жеткізеді. Студенттердің қауіпсіздігі – басты назарда. Киімі бүтін, тамағы тоқ болуын әкімдік үнемі қадағалап отырады. Сақманға былтыр – 73, биыл 65 студент келді. Ветеринария факультетінде 200-ден астам студент бар. Ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 4 мың шаруа қожалығы барын ескерсек, барлық білімгерді өндірістік тәжірибеден өткізуге мүмкіндік барын жеткізді.
Бұрын ауданда қойдың 100 пайызы биязы жүнді болатын. Сол сапа жоғалды. Қазір малдың 30 пайызы ғана асыл тұқымды. Алдағы уақытта малды асылдандыру көрсеткішін кезең-кезеңмен өсіру жоспарланып, іс-шаралар белгіленіп отыр.
– Жайылым жердің көлемі 1,5 миллион гектарға жуықтайды. Кеңес кезінде қой саны 600-700 мың бас болған. Оның сыртында табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы ұсталған. Шопан ата түлігі жылына төрт рет жайылым ауыстырып, қыстау, көктеу, жайлау, күздеуге көшіп отыратын. Қазір неге жайылым жетпейді деген сұрақ туындайды. Оған бірнеше фактор бар. Біріншіден, мал басы екі есе өсті. Екіншіден, алған жерін өз мақсатында пайдаланбайтын шаруашылықтар бар. Солар анықталып, екі жыл ішінде 50 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарып алынды. Оны мақсатына сай пайдаланамын деген малы бар шаруашылықтар мен шаруаларға беру үшін жұмыстар жүргізілуде, – деді Нұрлан Ертасұлы.
Бұдан кейін Қопа жазығымен жүріп отырып, Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылына аялдадық. 150-дей ғана тұрғыны бар, 15 отбасы тұратын шағын елдімекен іргесінде республикалық «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының бас кеңсесі орналасқан. Одан ары қорық-мұражайдың жалпы ауданы – 3800 гектар қорғалатын аймағы. Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мүкеев ондағы жәдігерлерді көруге туристер көптеп келетінін айтты. Аядай ауылдың жомарт жүректі азаматы, кәсіпкер Асхат Сәкиевпен кездестік. Ол саяхатшылардың арасында намаз оқитындар болатынын ескеріп, жол бойынан оймақтай намазхана тұрғызыпты. Жанына жеке қаржысына спорт алаңын салған. Өзі «Асхат» шаруа қожалығының төрағасы, оны 2008 жылы құрып, жұмысын дөңгелетіп отыр. Қонақжайлық танытқан Асхат Болатұлының шаңырағынан дәм татқаннан кейін қорық-мұражайдың арғы жағындағы шаруашылығына бардық.
Мұнда да төл алу науқаны жүріп жатыр, сақманға 4 студент келіпті. Қожалықта 2200-дей Еділбай қойы бар, оның 1600-і – саулық. Кәсіпкер ірі қара санын бір жылдары 300-ге жеткізген, бірақ бұл маң сиырға қолайсыз болғандықтан қазір 60-тай ғана аналығын ұстайды. Екі үйір жылқысы бар, оның ұзын саны 50-60 бас. Биылғы қыс қолайлы соғыпты, малдарының күйі жақсы. Қожалықта 14 адам еңбек етеді. Малшының алды осында 12 жылдан бері тұрақты жұмыс істейді. Меңгеруші Ерік Сәмиев жұмысты ұйымдастырады. Ауған Ілиясов 11 жылдан бері осында шопан. Төл алуға 6 сақманшы мен 4 шопан жұмылған. Қожалық басшысы студенттерге көңілі толатынын білдірді, оларға 100 мың теңгеден еңбекақы төлейді. Ал малшыларының жалақысы 150-300 мың теңге аралығында. Қожалықтың жұмысына пайдаланатын жаңа «Беларусь» маркалы тракторды Жеңіс Сұлтанов жүргізеді. Ол осында 9 жылдан бері тұрақты жұмыс істейді. Жалпы Мәтібұлақ округі бойынша былтыр осындай 3 техника алынса, биыл тағы екеуіне қол жеткізілмек.
Бұдан соң Қопа теміржол бекеті маңынан қара жолға бұрылып, Үлгілі ауылдық округіне қарасты «Мұрынбай» шаруа қожалығының көктеуіне бардық. Мұндағы сақманға 6 студент келіпті, жағдайлары жақсы, көңілдері көтеріңкі, атпен қой қайырып жүр. Шаруашылықта қазақтың биязы жүнді Еділбай қойы өсіріледі. Шопан ата түлігінің саны 7 мыңдай, он отарға бөліп бағылады. Әрқайсысына бір шопан мен көмекшісі жауапты. Бұл малдың 3200 басы аналық, 2 мыңы аталық, 1800-і бойдақ қой. Төрт отар саулықтың 50 пайызы төлдепті, басына бас қозы алынатынына малшылар сенімді. Науқан кезінде әр отарға 7 адамнан жұмысқа тартылған. Кәсіпкер оған қоса 50 ірі қара, 200 бие ұстайды. Шаруашылықта шопандардан бөлек мал дәрігері, механизатор, көлік жүргізуші, құрылысшы-жөндеушілер еңбек етеді. 2009 жылы құрылған «Мұрынбай» қожалығына 2014 жылы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі берілген. Үлгілі ауылдық округінің әкімі Тұрар Батырбаев аталған округ бойынша 60 шаруа қожалығы бар екенін, оның тең жартысы мал шаруашылығымен айналысатынын айтты.
Баспасөз өкілдері бұл сапарда ен даладағы қайнаған тіршіліктің куәсі болып қайтты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы