Астанада өткен мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаев консультативтік-кеңесші орган Парламент пен мəслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды əрі тиімді тетігіне айналғанын айтты. «Кеңес жұмысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынғанын атап өткен жөн. Жалпы, бүгінгі іс-шара мəслихаттардың мемлекеттік жəне жергілікті өзін өзі басқару жүйесіндегі рөлін талқылауға арналып отыр. Президенттік реформалардың келесі бір бағыты – əлеуметтік саланы дамытуға да мəслихат депутаттарын жұмылдыру аса маңызды. Бюджет қаражаты азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей əсер ететін мақсаттарға бағытталуы керек. Бюджеттегі қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзінің барлық əлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда» деген М.Әшімбаев
«Агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері» туралы секцияда бірқатар өзекті мәселелер қамтылды.
Сенат жанындағы кеңестің құрылғанына биыл 17 жыл. Биылғы отырыста секциялық және пленарлық сессиялар кезінде Парламент пен мәслихат депутаттары, Үкімет мүшелері, шетелдік және қазақстандық сарапшылар Мемлекет басшысының Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында және Ұлттық құрылтайдың IV отырысында белгілеп берген міндеттерді іске асыру барысын талқыланды. Сенаторлар мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылын одан әрі жандандыру, жергілікті өкілді органдар қызметінің өзекті мәселелерін шешу және өңірлердің дамуына ықпал етудің маңызы айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында жергілікті өкілді органдардың алдағы міндеттерін айқындады. Жергілікті жердегі жағдайды жете білетін саяси институт яғни Мәслихаттың абыройы жоғарылап, беделі биіктей түсті. Және бұл үрдіс жалғасын тауып, жылдан-жылға мәслихат депутаттарына жүктелер міндет те ауырлай түсетіні анық. Бір анық нәрсе алдағы уақытта да елдің дамуына серпін беру бағытында мәслихат депутаттары өңірдің экономикалық саясатын күшейтуге серпін беруі тиіс. Кеңестің кеңейтілген отырысында бұл мәселе де қамтылды.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Демек бұл саладағы қадау-қадау түйткілді мәселелерді шешуде мәслихат депутаттарының тигізер көмегі зор. Өңірлерге бөлінген мемлекет қаржысының талан-таражға, тонауға түспей тиімді жолмен жоспарлы жұмсалуын да қадағалайтын мәслихат депутаттары. Мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруда, саяси институттарды дамыту ісіне де мәслихат депутаттарының қосар үлесі зор.
Мұндай кеңес не үшін керек? Ең алдымен өзекті мәселелер бойынша тиімді шешімдер мен нақты ұсыныстар әзірлеу үшін мәслихаттар мен Парламент арасындағы ынтымақтастық нығайту үшін керек. Және солай болады да. Елдегі саяси тұрақтылық пен басқару институтының жүйесін тиімді жолмен жандандыруда жергілікті орган – мәслихаттардың қызметін күшейту маңызды. Президенттің ұсынған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үштағанының аясындағы реформалардың жүзеге асуына да елеулі үлес қосып келеді. мәслихат деген ұғымның ауқымы да кеңейе түседі енді. Бұған дейін тек өкілетті орган ретінде айқындалған саяси институт енді мемлекеттің ұстанымын жүзеге асыру жолында қоғам мен билік ортасында алтын көпір орнатып, кері байланысты да қамтамасыз етуі тиіс.
2022 жылы болған конституциялық реформаның жемісі деп мәслихаттардың дербестігін арттыруға негізделген өзгерісті айтуға болады. Реформаның нәтижесінде мәслихаттар жергілікті жердегі мәселелерді шешуде өкілеттілігі кеңейіп, тиісінше жауапкершілігі де жоғарылады. Өңірлердің инвестициялық ахуалын жақсартып, әлеуметтік саясат өрісін қан жүгірту, жоғарыда атап өткендей бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қадағалау мәслихаттардың қырағы бақылауында болуы керек. мемлекеттік органдар қызметінің ашық болуын қамтамасыз етіп, ауылдық аумақтарды дамытудағы ілкімді істер мәслихаттардың стратегиялық саясатын күшейте түседі. Сенат жанынан құрылған Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмысы жанданса, Парламенттің өңірлермен қарым-қатынасы, байланысы беки түседі. Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының жұмысы аймақтағы мәселелерді оңтайлы шешуде де мәслихаттардың қосар үлесі зор.
Жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда мектеп, аурухана, емхана, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың уақытында салынып елдің игілігіне берілуін мәслихат депутаттары қадағалап, тиісті бақылауын жүргізуі тиіс. Жыры бітпейтін жол мәселесін де оңтайлы шешіп, тұрғындарды титықтатқан түйткілдің түйінін тарқатуда да мәслихаттар белсенді болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде әкімдерді жергілікті жұртшылықтың сайлау арқылы тағайындау қарқынды жүргізіліп келеді. 2021 жылы енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі арқылы бүгінгі күнде 2,5 мыңға жуық әкім тікелей сайлау жүйесі арқылы тағайындалды. Жергілікті тұрғындар өздері дауыс беріп, көңілдері қалаған кандидатқа сенім артты. Ендігі жерде әкімдердің де құзіретін кеңейтіп, жергілікті мәслихаттардың да ауқымын ұлғайтып, саяси салмағын арттыру түскен абзал. Әкімдерді сайлау арқылы тағайындау ісіндегі бір ілкімділік – бұрын-соңды мемлекеттік қызметте істемеген азаматтар да ел басқару ісіне араласты. Бизнесте жүрген, басқа салада да жемісті еңбек етіп келе жатқан азаматтар да атқа қонып, әкімдік лауазымды атқаруға кірісті. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамның бірі деп осы сайлау жүйесін айтуға болады. Алдағы уақытта мәслихат институты тек жергілікті жердегі басқару құрылымы ғана емес, қоғамдық дамудың да қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Мемлекеттің нығаюына үлес қосатын маңызды қадамның бірі – мәслихаттардың әлеуетін арттыру.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты