Құт дарыған Қарадалаға республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері атбасын бұрды. Көктем келісімен гүлге оранатын ұлы далаға аяқ басқан тілшілер табиғаты тамаша, келбеті келісті, халқы қонақжай мекеннің сұлулығына тамсана қарап, таңдай қақты.
Журналистер қауымы қасиетті Қарадаланың орталығы Шонжы ауылының іргесінде тұрған Бахар ауылына қарай бет алды. Мақсат – осы ауылдағы қазына қарт, Ұлы Отан соғысының аудандағы көзі тірі жалғыз ардагері Алим Кебиров ақсақалмен жүздесу. 102 жасқа аяқ басқан қарияның көзін көріп, әңгімесін тыңдау.
Біз барған бетте қарияны далада отырған жерінен кездестірдік. Қазына қарттың көзінде өткен күндердің елесі, жүзінде соғыс салған жараның табы қалғаны көрініп-ақ тұр. Журналистердің келгеніне дән риза болды. Өзін іздейтін ұрпағының, елінің бар болғанына шүкіршілігін айтып жатыр.
1942 жылы майданға аттанған Алим Кебиров талай тар жол тайғақ кешуден өтті. Ұрыс даласында бірнеше рет жарақат та алды. Бірақ жарақаты жазыла сала қайтадан отты ортаға оралған еді. 1944 жылы алған ауыр жарақаты салдарынан соғысқа жарамсыз болып, елге қайтарылады. Келе сала туған жердің түленуіне үлес қосты. Ұйғыр ауданының Кіші Ақсу ауылында дүниеге келген Алим атамыз туған жерінде, одан соң осы ауданға қарасты Дардамты, Карл Маркс ұжымшарында ұзақ жыл еңбек етті. Кейінгі жылдары Розыбакиев атындағы кеңшарға көшіп келіп, осында тұрақтап қалады. Жұбайы Модәнгүл Варисовамен 8 баланы дүниеге әкелді. Бүгінде 4 ұлын қара жер қойнына тапсырған қарияның қалғандарының амандығын тілеп отырған жайы бар. Өз өмірбаянын ғана емес, қария тілшілерге өздері көрген қиын-қыстау заманның зарын жеткізді. Қазіргі күннің бейбіт те шуақты екенін, тәуелсіз ел болып, қолымыз бар жақсыға жетіп отырғанына тәубе деді. Мемлекет тарапынан бөлінген көмектің де көптігіне алғысын айтты. Ұлы мерекелер қарсаңында аудан аумағынан баспана да алғанын, өткен жылы 100 жылдық мерейтойында аудан азаматтарының арқасында темір тұлпарға да ие болғанын айтып, алғысын жеткізді. Тіпті биылғы 80 жылдық қарсаңында мемлекет бөлген 5 миллион теңгеге қол жеткізіп, бала-шағасының ырыздығына жаратып жатқанын да жасырмады.
Қарияға қамқор болып, бағып-қағып отырған ұлы Талғат пен келіні Халима да дән ризашылықтарын білдірді. 35 жыл бұрын осы отбасыға келін болып түскен Халима Амулова – бүгінде өзі де қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйген әже. Десе де қайын атасының күтімі әлі күнге өзінің еншісінде. «Атам қазынамыз ғой. Ол кісі – біздің әулеттің байлығы. Атамыз біз үшін отқа да, суға да түскен қаһарман. Немере, шөберелеріне өткен өміріндегі қиыншылықтарын айтып, сол күнді бүгінгі ұрпағының көрмеуін жатса да, тұрса да тілеп отырады», – деп ағынан жарылды. Иә, 8 баладан бүгінде 27 немере, 68 шөбере, 2 шөпшек сүйген ғасыр құрдасы Алим ақсақалдың сөзінен түйгеніміз көп болды. Біз осындай батырлардың арқасында бүгінде бақытты ғұмыр кешудеміз. Сондықтан соғысқа қатысқан әр сарбазға қарыздармыз. Олар ешқашан ұмытылмақ емес…
Бахардан шығып, Рахат ауылы маңындағы «Ширингуль» шаруа қожалығына жол тарттық. 100 гектар жерге бау-бақша отырғызып, абрикостың бірнеше сортын өсіріп отырған шаруа қожалықтың жұмысымен таныстық. Жыл бойы жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып, осынша отбасының нәпақасын табуына өз үлесін қосып отырған шаруа қожалықтың төрағасы – Алимжан Ашимов. Жыл сайын жүздеген тонна абрикос көрші мемлекеттерге экспортталады. Оны жинау кезінде аудан аумағынан жүздеген азамат жұмысқа тартылады. Бір ай ішінде 200-300 адамға дейін жұмыс істеп, оларға 20-30 миллион теңге жалақы төленеді. Биыл да абрикос бағы ерекше бүр жарған. Сұлулығына сөз жетпейді.
Жапон еліндегі сакура ағашының гүлдегенін көруді армандайтын жан көп. Олар алқызыл түске боянған сакураның гүлін, табиғаттың тамаша көрінісін көзбен көруді аңсайды. Бірақ бүр жарып, гүлдегенде сол сакурадан кем түспейтін ғажап көрініс көктемде Қарадалада да байқалады. Әсіресе төменгі аймақтағы ондаған, жүздеген гектар бақтар гүл жарғанда, көзің тояттамай қарайсың. Ал иісі ше? Танауыңды тәтті иіс қытықтап, иран бақтың хош иісін алдыңа әкелгендей кейіпке енесің. Қарадаланың «сакурасын» тілшілер де таңдана жүріп тамашалады. Аппақ, алқызыл, сарғыш тартқан небір алуан түсті гүлдердің арасында бірі фотоға түсіп, естелік қалдырса, енді бірі камераның құдіретіне сүйеніп әлек. «Ширингульдің» «сакурасынан» қанаттанып шыққан тілшілер қауымы тау беткейіндегі Ават ауылына жолға шықты.
Қарадалалық шаруалар Алматы облысында бақ өсіруден барлық ауданды шаң қаптырып келеді. Ауданда 4300 гектар жерге бақ отырғызылған. Сонымен қатар 15200 гектар көпжылдық шөп болса, биыл 387 гектарға жаздық арпа, 330 гектар аумаққа жаздық бидай себілді. Сондай-ақ 6000 гектарға жүгері егу жоспарланған. Осындай ерінбей еңбек етіп, елдің алдында абыройы да асқақ, беделі де биік шаруалардың бірі – Ават ауылының азаматтары. Аваттықтар бау-бақша өсіруден де, егін егуден де көштен қалған емес. Ауылдағы ағын судың тапшылығы ғана біраз қолбайлау болып отырған жайы бар. Әйтпесе кетпен, күрегін қолтықтап, мұндағы жас пен кәрі әлдеқашан бос жатқан жердің бәрін гүлдендіріп те, түрлендіріп те тастауды армандайды. Жоқтан бар құрап, шаруасын дөңгелетіп отырған осы ауылдағы қожалықтың бірі – «Бахит». Төрағасы Замира Мустафаева бастаған ауыл еңбеккерлері 100 гектар жерді кәдеге жаратып отыр. Оның 15 гектары алма, өрік бағы болса, қалғанына көпжылдық шөп пен бидай еккен.
Көктем шығысымен жер тырмалап, тіршілік қамына кірісетін шаруалар тілшілер келген сәтте дала жұмысында жүр екен. Бір тобы ағаштарды күтіп, баптап жатса, енді бірі жаздық бидайдың егілуін қадағалауда. Бірі техниканың тілін тауып бақса, тағы бірі қажетті құрал-саймандарды жазғы жұмыстарға дайындауда. Мұндағы бақ та гүл жарып, көктеммен бірге көрікке бөленген. Шаруаларының шаш етектен екендігіне қарамастан тілшілермен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, қожалықтың жұмысымен толықтай таныстырған төраға алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.
Ават ауылындағы бұдан да өзге шаруа қожалықтары болашақта ауылға тоспа салынып, халықтың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туса, тағы да ондаған, жүздеген гектарды игеріп, істерін алға жылжытуға дайын екен. Олардың бір ғана өтініші бар. Ол – тоспа жайы. Осы уақытқа дейін, аудан, облыс басшылары уәде етіп келген су мәселесі шешімін тапса, бос жатқан жерлер игерілмек. Шаруалар оған дайын. Тек судың тапшылығы еккен егінді, төккен терді босқа рәсуа ететіні қынжылтады. Десе де алдағы күннен жақсылық күтетін халық тоспа салынып, егін егіліп, ауылдың әлі көркейетініне сенімді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы