Таяуда еліміздегі ірі супермаркеттер желісінің бірі «Маgnum»-ға қатысты ел құлағын елең еткізген дау шықты. Мәселе әлі де өз тұғырына қона алмай келе жатқан ана тіліміз – қазақ тілінде сөйлеу мен сөйлемеу төңірегінде өрбіді. Бұған дейін де тілге қатысты осындай ірі сауда кешендері мен олардың тұтынушылары арасында кикілжің туғызған бірнеше жайт (мысалы, «Chokolife») орын алып, соңы тараптардың бірінің кешірім сұрауымен аяқталып келген еді. Десек те, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болып шықты. Бүгінде «Magnum» дауына нүкте қойылып, тараптар татуласып, жұмыс қайтадан жүйелі жалғасын тапса да, бұл оқиға мемлекеттік тіл мәселесін бұрынғыдай жылы жауып, бейжай қарауға болмайтынын көрсетті.
Дау тұтынушы мен курьер – екі жігіт арасында туындады. Ал қос тараптың ортасында жанама сипатқа ие ірі супермаркет басшылығының жағдайды ушықтырмай, бітіммен бітірудің орнына бір ғана тараптың сөзін сөйлеп, шешілгелі тұрған мәселені одан ары шиеленістіріп, қызметкерін жұмыстан шығарып жіберуі жалпыхалықтық бойкот жариялау түріндегі көпшіліктің жаппай наразылығын туғызды. «Magnum» басшылығы сабырмен, байыппен қос тарапты тыңдап, талап-тілектерін біліп, наразылықтарын реттесе, бұл жайт мұншалықты қауламас еді дейді тіл жанашырлары. Иә, бизнес заңы бойынша антижарнама да – жарнама. Оған сөз жоқ. Осы жерде мәселені жоқ жерден ушықтырып отырған компания қызметкерінің уәжіне тағы бір назар салып көрелікші.
«Маgnum» дүкендер желісінің менеджері: «Құрметті ағайын! Әлеуметтік желіде «Magnum» компаниясы курьерді тіл мәселесі үшін жұмыстан шығарды деген ақпарат тарауда. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Жағдайдың мән-жайы мүлдем басқаша. Курьердің жұмыстан босатылу себебі – клиенттермен бір емес, екі емес, бірнеше дүркін дөрекі сөйлесіп, қызмет көрсету әдебін қайталап бұзуы. Біз оған өз қателігін түзетуге жеткілікті уақыт, мүмкіндік бердік, ескерту жасадық, сынақ мерзіміне ауыстырдық. Алайда, өкінішке қарай, сол уақыт ішінде де әдебі өзгермей, тағы да тұтынушымен араздасып қалды. Келеңсіз оқиғалар қайталанды. Артынан шағым түсіп жатты. Содан кейін, амал жоқ, еңбек шартын бұзуға тура келді. Біз үшін қызмет көрсету мәдениеті өте маңызды. Сыпайылық пен адамға құрмет бірінші орында. Курьердің жұмыстан кетуіне тіл емес, мінез-құлқы себеп болды, мұны нақты айтып өткіміз келеді. Біз ана тілімізге, яғни мемлекеттік тілге үлкен құрметпен қараймыз. Бұл жағдай мемлекеттік тілге қатысты болып қабылданғанына өкініш білдіреміз. Құрметпен, Талғат. «Magnum» командасы», – деп жазған екен кезекті бір парақшада.
Осы хабарлама әлеуметтік желіде тез-ақ тарап кетті. Мұны көпшілік тығырықтан шығудың бір жолы, ақталу деп түсінді. Нақты жағдайға, келеңсіздіктің неден басталғанына үңілер болсақ, желі қолданушысы «Magnum»-нан азық-түлікке тапсырыс бергенін жазған. Өз әрекетін ақтау мақсатында жазған постына қарасақ, тауарды жеткізген курьер одан қазақ тілінде сөйлеуін талап еткен. «Бүгін жеткізу қызметі арқылы «Magnum»-нан азық-түлікке тапсырыс бердім. Барлығы әдеттегідей жүріп жатты: таңдадым, төледім, күтіп отырмын. Курьер келді, есік ашып, амандасып, рахмет айттым. Ал ол «Атың кім?» деп сұрады. «Асылхан» дедім. Тапсырысты тексеріп жатқан шығар дедім. Келесі айтқаны мені ашуландырды, ол: «Қазақша сөйле», – деді. Демек, менің үйімде маған қай тілде сөйлеуім керегін айтып отыр ма? Бұл қалыпты жағдай ма? Таңданысымда шек болмады. Сосын бұл жағдай бірінші рет пе, әлде мұнымен тағы басқалар да бетпе-бет келді ме деп ойладым. Сіз не істер едіңіз?» – деп жазады ол.
Оның наразылық білдіруінен кейін компанияның клиенттерді қолдау қызметі желі қолданушысымен байланысқа шығып, тапсырысты жеткізген курьердің жұмыстан шеттетілгенін және компанияға қайта жұмысқа орналаса алмайтынын жеткізген. Иә, клиенттің айтқаны қашанда дұрыс деп есептелетіні – сервистік салада бекітілген талап. Оған дау да, сөз де жоқ. Әйтсе де, қандай тараптардың болсын арасында туындаған дау тексеріліп, түп-төркіні мен мән-жайы анықталуға тиіс. Осы тұста «Істің анық-қанығып тексеруі тиіс құзырлы, қадағалаушы органдар, сот жүйесі қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Компания басшылығы бұқара халыққа мән-жайды түсіндіріп, қажет болса кешірім сұрап, бұл істі ушықтырмай, тез арада басуына да болар еді. Бірақ бояуы сіңіп, жаппай халық бойкотты қолдап үн қоса бастағанда ғана аталған компания басшылығынан бір өкіл ресми түрде мәлімдеме жасады. Кеш айтылған сөзінде ол компания атынан кешірім сұрап, мемлекеттік тіл қашанда ең қастерлі дүние екенін жеткізді. Артынша, әлгі курьер мен тұтынушы да татуласып, араларында ешқандай өкпе-реніштің жоғын айтып, қол алысқан бейнежазба тарады. Онда курьер бұрынғы қызметін қайта жалғастырып жатқанын айтқан.
Не болса да, өз тілін менсінбей, тіпті «Қазақша сөйле!» деп талап еткен өзінің ағасындай жігіттің ескертуін мәдениетсіздікке балап, үстінен арыз жазған қарадомалақтың әрекеті біздің елдегі тілдік жағдайдың қандай күрделі екенін ұғындырды. Бұл жердегі әңгіме де, мәселе де үлкен сауда желісінің, оның иесінің яки қызметкерінің іс-әрекетінде емес, өз тілінің қадіріне жете алмай жүрген жаста болып тұр. Әрине, бір есептен қарасақ, «Маgnum», басқа да сервистік орталық болсын, кез келген қызмет көрсетуші өз тұтынушысының құқығын қорғауға міндетті. Өйткені олар өзі өмір сүріп, тірлік етіп жатқан ортада адамдардың өнімін тұтынушыға жеткізумен айналысуды кәсібі етіп алған. Десе де, қандай мекеме болсын, заңға бағынып, тілге құрметпен қарауға, жағдай осы мәселеге келіп тірелгенде іс-әрекетін салмақтап барып, шешімге келуі тиіс. Ал сөз болып отырған жағдайда зардап шегуші адам өз ана тілі үшін жаны ашып, оның құқығын қорғаған жан. Неге ол жай ғана қазақша сөйлеуді талап еткені үшін жұмыстан қуылып, отбасын асырап отырған нәпақадан айырылуы тиіс?! Кеш те болса, компания мұны түсініп, бейнеүндеуін жариялады. Тараптар кешірім сұрап, жұмыс өз арнасына түссе де, көкейде көп сұрақ қалды. Бұл қоғамдық дау мемлекеттік тілдің мәртебесін заңдық тұрғыда қайта қарап, нақты баппен міндеттеу қажеттігін меңзеп тұрғандай әсер қалдырды. Ендігіде отандық кәсіпкерлер де қазақ тілді ортаның талап-тілегін ескеріп, бизнесін дөңгелетемін десе, барынша мемлекеттік тілді құрметтеу керегін түсінді. Осы жайтқа байланысты желі қолданушылары тарапынан саналуан эмоцияға толы пікір айтылып, әлі де тоқтаусыз жазылып жатыр. Бұл іске басты себепші болып отырған тапсырыс беруші жігіт те, аталған компания басшылығы да, белгілі бір деңгейде курьер де қазақша сөйле деп түйеден түскендей сөйлей салмай, әр қатысушы тарап өз қателіктерінен сабақ алса игі еді. Өйткені, бізге қазіргі уақытта елдің бірлігі, татулығы ауадай қажет. Сондықтан, әр қадамымызды ойланып, толғанып басайық, сөзіміз бен әрекетіміздің ұлтқа, елге кесірі тиіп кетпеуін қадағалайық. Сөз соңында айтарымыз, тіл білуді міндетім дейтін, ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятын жас ұрпақ көбейсін демекпіз.
Бейбіт МЕКЕЕВ