Әлемге татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған бірлігі жарасқан елімізде этносаралық қатынастардағы ең маңызды мәселе – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. 105 этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Алматы облысында қазақ тілінің елді біріктіруші фактор ретіндегі рөлі күшеюде.
Өзге этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді меңгеруге ықыласы артып, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге талпынып жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Адамға берілер тәлім-тәрбие тілден басталады десек, осы бағытта Алатау қаласының Заречный шағынауданында орналасқан 3660 әскери бөлімінде де мемлекеттік тілді меңгеруге жан-жақты қолдау жасалып, бірқатар іс жүзеге асырылуда. Жуырда аталған әскери бөлімде өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқау – соның бір айғағы.
Әскери қызмет атқаратын өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені безбенделген байқаудың ереже-талабына сәйкес қатысушылар «Бастау», «Өрлеу», «Көркемсөз оқу» деп аталатын 3 кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде мемлекеттік тілді өз ана тіліндей жетік меңгерген өзге этнос өкілдері өздерін таныстырып, отбасы мен қызметі туралы баяндап берді. Екінші кезеңде Отан, патриотизм, даңқ, ерлік, отбасы, бала тәрбиесі тақырыптары бойынша сөз жауһары саналатын мақал-мәтел айтып, ізденімпаздықтары мен білімділіктерін паш етті. Үміткерлер үшінші кезеңде бұл сайысқа үлкен дайындықпен келгендіктерін анық аңғартты. Олар ақындардың өлеңдерін жатқа айтып, жазушылардың шығармаларынан үзінді оқыды. Сайыстың бұл бөлімі әскери қызметкерлердің бойындағы талантын ашып, дарынына қанат бітіргендей әсер қалдырды.
Кезеңдер арасындағы және қазылар алқасының ақылдасу кезіндегі үзілістерде Қонаев және Алатау қалалық Мәдениет үйлерінен келген Айнұр Бекбосынова, Амалият Бұқас, Толқынай Жұпарбекқызы өз өнерлерін ортаға салып, үлкенді-кішілі көрермендерді өнердің кәусар бұлағынан сусындатты. Сонымен қатар «Қазына» би ансамблінің мың бұралған биші қыздары сахнаны бимен көркемдесе, әскери бөлімнің өнерпаз қызметкерлері әсем әнмен әрледі.
Байқауды қорытындылаған 3660 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Ербақыт Қалышев мемлекеттік тілді дамыту әрбір қазақстандықтың борышы екенін айта келе, осы байқау жеңімпазының Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өтетін сайысқа жолдама алғанын хабардар етті. Қазылар алқасының атынан сөз алған облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкері Гүлмира Әбілқасымқызы әскери бөлім басшылығының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы жұмысына өз бағасын беріп, байқаудың жоғары деңгейде өтуі аталған мемлекеттік тіл маманы Әлия Тәңірбергенқызының әрбір істің қыбын тауып, ұйымдастыра білген өрелі іскерлігінің арқасы екенін атап өтті.
Сайыс қорытындысында 1-орынды бірінші атқыштар ротасының аға сарбазы, ефрейтор Расул Мансұров жеңіп алды. 2-орынды 3-атқыштар ротасының бақылаушысы, қатардағы жауынгер Мұхамедәлі Әбдіқадыров иеленсе, 3-орынды жедел мақсаттағы батальонның РХБ барлау қорғаныс взводы есептоп командасының командирі, ефрейтор Исламхан Кебиров еншіледі. Жүлдегерлерге арнайы түрлі дәрежедегі дипломдар мен сый-сияпат табысталды.
– Мемлекеттік тілді білу – маңызды. Осы орайда 3660 әскери бөлімінде жыл сайын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыс өтеді. Дәстүрлі байқауға биыл орыс, әзербайжан, ұйғыр, шешен, тәжік этностарының өкілдері қатысты. Мемлекеттік тілді үйренуге ниетті этнос өкілдеріне әскери бөлім тарапынан әрдайым көмек көрсетіледі. Жүлделі орындар алған байқау жүлдегерлері әскери бөлім тарапынан марапатталды, – деді 3660 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі бөлімше бастығы, капитан Елдес Қазыбек.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Алатау қаласы