Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында қайғы-қасіретімен есте қалды. Осынау қан майданда он сегізге толмаған өрімдей жастар да басқыншыларға қарсы күресті. Соның бірі де бірегейі – Ташаухан Әлімбекұлы атамыз. 1943 жылы 9-сынып оқып жүргенде он жеті жасында өз еркімен соғысқа аттанған.
Ол кісі 1925 жылы 15 мамырда қазіргі Райымбек ауданы Көмірші ауылында дүние есігін ашқан. Атамыз тірі болғанда биыл жүз жасқа толып, елінің алдында, бала-шаға, немере-шөбересінің ортасында отыратын еді. Бірақ ғасыр жасамаса да, үлгілі ұрпақ өсіріп, халқының қалаулы азаматы болып өмірден озды.
Соғыс ардагерінің өзі жазып кеткен деректерге орын берсек, әкесі Әлімбек 1936 жылы өмірден ерте озып, бар ауыртпалықты анасы Ұлтуар көтереді. Ташаухан атамыздың балалық шағы сонау отызыншы жылдардағы қиыншылықтарға тап келіп, белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып жұмысқа ерте араласады. Бала кезінде Садық атты жамағайын туысынан қазақ халқының ерлік шежіресін естіп өскен. Садық атасының «Қобыланды батыр» жыры, Райымбек бабаның жоңғарларды тізе бүктірген шайқастары, 1916 жылғы Албан көтерілісі кезінде қол бастаған Тайлақ батыр туралы айтқан аңыз-әңгімелері Ташауханды бала жастан қайсарлыққа тәрбиеледі. Ата-бабаларының ел қорғау жолындағы ерлігі оған үлкен күш беріп, соғысқа өз еркімен аттануына себеп болған екен.
«Біз ауылдан Алматыға жаяу жүріп жеттік. Одан кейін жүк таситын пойызбен шығысқа қарай жиырма сегіз күн дегенде Благовещенск қаласына келдік. 1943-1944 жылдары Дальневосточный армиясында атқыш, содан соң Амур полкында жауға қарсы кескілесе шайқастық. 1945 жылы Жапонияның әйгілі Квантун армиясын талқандауға қатыстым. Сөйтіп майдан даласынан екінші топтағы мүгедек ретінде елге оралдым», – деген еді.
Майдангер соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсене қатысады. 1949 жылы Нарынқол аудандық комсомол комитетінде пионер бөлімінің меңгерушісі, 1950 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы. 1951-1961 жылдары Нарынқол аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, одан кейін Калинин және Энгельс атындағы ұжымшарларда партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Зейнет жасына жеткенде малшылар арасында мәдени-көпшілік жұмыстарын жүргізетін автоклуб меңгерушісі болады.
Екі рет аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, төрт рет аудандық кеңестің депутаты, он шақты рет ауылдық кеңестің депутаты болады. Ел алдындағы сіңірген еңбегінің арқасында ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Жапонияны азат еткені үшін» деген сияқты он шақты жауынгерлік мерекелік медальмен марапатталған. Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанған.
Зайыбы Шаруан Құдайбергенова екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. «Орнында бар оңалар» дегендей, атамыздың Болат атты ұлы ұстаздық жолға түсіп, әке аманатын орындаған, өз ісінің шебері болған асыл жан еді. Өмірден ерте өтті. Артында ізін жалғаған ұрпақтары бар. Екінші ұлы Қанат – бұл күнде қара шаңырақтың иесі, жоғары білімді энергетик. Өз саласында өнімді еңбек етіп жүрген Қанат – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қайсар жан. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әке жолын қуған ұрпақтары бұл күнде ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген өрендер.
Нұр Малбеков,
ардагер-ұстаз, ҚР Білім озаты
Райымбек ауданы