– Түріміз өзгеріп бара ма, қалай? – деп жаттықтырушылар жаққа қараған Дәулет менен жауап күткендей болды. Түрінде мысқыл бар тәрізді. Мен де солай қарай еріксіз назар аудардым. Бозкілемнің ортасында тұрған төрешінің қою қара сақалы самайымен тұтаса бітіпті. Ал үстелдің шетіне таман отырған жігіттің сақалы қою болғанымен, қалай болса, солай өскен. Қарап отырсаң, бәрі де отыздың ар жақ, бер жағындағы жастар.
– Апырай, ә! Бұлар сонда кімге еліктеп жүр? Біздер, өткен ғасырдың елуінші жылдары туғандар, мұртын қырып тастап, сақал қойғандарды сирек кездестіруші едік. Оларды тек орыстар түсірген басмашылар туралы кинодан көретінбіз. Ол кезде жігіттер Сәкен Сейфуллинге еліктейтін. Шоқан Уәлихановқа, Ілияс Жансүгіровке, Тұрар Рысқұловқа ұқсағысы келіп, солар сияқты мұрт қойғанды ұнататын.
Спорт залынан шыққан соң Іле өзенінің жағасына бардым. Бір топ жас қармақ салып отыр. Мұнда да сақалдылар аз емес екен. Шеткерірек тұрған қою сақалды, жүзі жылы жігіттен:
– Не үшін сақал қойдың? – деп сұрадым. Есімін Еркебұлан деп таныстырған әлгі жас:
– Ата-бабамыз кезінде осылай жүрген. Тегіме тартқым келді, – деді.
Тарихқа үңіліп, арғы аталарымыздың кескін-келбетіне ойша көз жүгірттім. Әл-Фарабиден бастап, одан бергі би, батырларымыздың арасынан мұртын қырып тастап, сақал қойған бірде-бір тұлғаны көз алдыма елестете алмадым. Адамның бет-әлпетінен көп нәрсені аңғарасың. Ішкі ұстанымын, жандүниесін де білуге болады. Дәстүрімізге үйлесетін сыртқы келбетіміз қазақтың тұтас халық екенін айшықтайды. Әйтеке, Төле, Қазыбек сынды даналарымыз, Сырым, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай тәрізді батырларымыз да мұртын қырып тастап, сақал өсірмеген.
Біздің ата-бабаларымыз аса діндар болмаған, бірақ аруақтан ешқашан аттамаған. Осындайда қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы туралы мына бір оқиға еске түседі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыға Панфилов туралы кино түсірмекші болып, бір топ маман келіпті. Олар алдымен генералдың қызына жолығып, содан кейін атақты панфиловшылардың бірі, жазушы Дмитрий Снегинге барса керек.
«Атақты дивизия командирі, панфиловшы Бауыржан Момышұлымен сөйлестіңдер ме?» – деп сұрапты Д.Снегин. Олардың аты аңызға айналған батырмен кездеспегенін білген соң:
– Бауыржан Момышұлынсыз Панфилов туралы кино ешқашан нәтижелі болмайды. Алдымен Баукеңе барып, батасын алып келіңдер, – деп әңгімесін сол жерде шорт үзіпті.
Әлгілер Баукеңе келгенде ол кісі қабылдамай қойған екен. Сөйтіп, сол жылы кино түсірілмепті. Кейін осы әңгіменің авторы, жазушы Мамытбек Қалдыбайға батыр оларды не үшін қабылдамағанын айтып берген.
«Мен генерал Панфиловты аса құрметтеймін. Тіпті әкемнен кем көрмеймін. Бірақ әлгі киногерлер әруақ аттап, ең бірінші генералдың қызына барып жолығыпты. Панфилов басқарған дивизияда қаншама қазақтар болды?! Олардың көбісі Мәскеу үшін шайқаста жер жастанды. Солардың әруақтарын сыйламады, сондықтан қабылдамадым», – депті.
Міне, алты Алашқа үлгі болуға тұрарлық батыр атамыздың ұстанымы. Біртұтас ұлт болып қалғымыз келсе, тектілігімізден айнымауымыз керек.
Ғасырлар тұңғиығынан сүзіліп, тағдыр талқысынан сүрінбей бүгінге жеткен, шыр етіп жерге түскеннен жүректеріне ананың әлдиімен мейірім ұялаған текті ұрпақтың ұлдары бабалар салып кеткен жолдан жаңылмаса екен деймін. Тек ішкі жандүниеміз бен ниетіміз ғана емес, сыртқы түр-әлпетіміз де ата-бабаларымызға ұқсап тұрса ғой, шіркін? Бар қазақтың арманы да осы!
Марат Қашқынбаев
Балқаш ауданы