АҚШ президенті Дональд Трамп 2 сәуірді «Американы азат ету» күні деп жариялап, АҚШ-қа импортталатын тауар түрлеріне өткен ғасырдан бері болып көрмеген жаппай баж салығын салатынын мәлімдеді. Міне, солай Ақ үй қожайыны әлемдік нарықты әлекке салды. Салдарынан жаһандық қор биржаларындағы құнды қағаздар мен мұнай бағасы күрт төмендей бастады. Трамптың әлемнің 180 елін қамтыған жаңа тарифтік жоспар тізімінде Қазақстан мен оның көршілері де бар. Әсіресе АҚШ-Қытай арасындағы экономикалық қайшылық күшейе түсті. Екі елдің экономикалық қақтығысы сауда ағыны, жеткізу тізбегі, инвестиция үлгісі және нарық қатынасы сынды түрлі аспектіге ықпал етіп, жаһандық экономикаға теріс әсер етуі мүмкін. Қазақстанда әлемнің өзге елдеріндегідей, Трамптың бұл қадамы қызу талқыға түсті. Біз жаһандағы жаңа экономикалық тектірестің елімізге әсері жайын аздап саралап көрдік.
Сонымен, Ақ үй басшының айтуынша, 2024 жылдың өзінде АҚШ-тың сыртқы саудадағы теріс балансы 1,2 трлн доллар болған. Ол мұны елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер деп атап, жарлығын халықаралық қатынастардағы төтенше құзырет туралы 1977 жылғы заңға негіздеді. Бұл заң АҚШ президентіне Конгреске қарайламай шешім шығаруға мүмкіндік береді.
Қосымша баж салығы жайлы тізімде 185 ел мен жердің аты бар. Оның ішіне тәуелсіз мемлекет болып саналмайтын, тұрғылықты халқы аз аралдар да кіреді. Ақ үй баж салығының екі түрін жариялады. Біріншісі, 10 пайыздық базалық мөлшер, екіншісі, әріптес елдің АҚШ тауарына салған салығына қарымта жауап. Жарлықпен бірге тараған тізімде елдердің АҚШ-қа салған салық көрсеткіші мен Вашингтонның 50 пайыздық жеңілдікпен салынған қарымта салығы да бар. Базалық пайыз 5 сәуірден, қарымта пайыз 9 сәуірден бастап күшіне енді. Қарымта салық АҚШ-тың одақтастарына да салынған. Мәселен, Еуроодаққа 20 пайыз, Жапонияға 24 пайыз, Оңтүстік Кореяға 25 пайыз, Швейцарияға 31 пайыз. Ең ауыр салық Оңтүстік Азия елдері мен Қытайға тиген.
Қазақстанның АҚШ-пен саудадағы баж салығы 54 пайыз деп көрсетіліп, елімізге Вашингтон 27 пайыздық салық енгізіп отыр. Ақ үйде алауы тұтанған осы бір эконмикалық құбылысқа еліміздегі кәсіби мамандар әралуан көзқарасын алға тартуда. Қаржыгер Расул Рысмамбетов алаңдауға негіз жоқ дейді. Оның сөзінше, Трамптың тариф саясаты Қазақстанға тікелей әсер етпейді. «Президент Трамп термоядролық тариф бомбасын жарса да, оның толқыны бізге қатты тимейді, көбіне психологиялық тұрғыда әсер етеді. Біздің басты артықшылығымыз – Қазақстан сауда соғысының ошағына кірмейді. Қазір негізгі қақтығыс АҚШ пен әлемнің ең ірі деген экономикалары (Қытай, Еуроодақ) арасында жүріп жатыр. АҚШ-та оларды лас 15 мемлекет деп атап, Трамп оларға қарсы баж салығын енгізуге уәде берді. Біздің АҚШ-пен саудамыз сыртқы сауда айналымының 1 пайызына да жетпейді, сол себепті біздің тауарларға 27 пайыздық салық енгізілсе де, экономикаға ауыр соққы болғанын көрмейміз», – деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, былтыр екі ел елдің сауда айналымы 4,2 млрд доллар, алдыңғы жылы 4,1 млрд доллар болған. Қазақстан статистикасына қарағанда, 2024 жылы екі жақты саудадан керісінше АҚШ ұтқан. Қазақстанның АҚШ-қа экспорты 2 млрд доллар болса, импорты 2,2 млрд доллар құраған. Сауда министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспортының едәуір бөлігі қосымша баж салығына жатпайды. «Қазақстанның АҚШ-қа экспорт құрылымында негізгі орын алатын тауарлар – шикі мұнай, уран, күміс, ферросплавтар және басқа да тауарлар. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ Президентінің “Тауарлар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы» Жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92 % құрайды», – деді министрлік.
Сарапшылар алпауыттар арасындағы экономикалық шиеленістің кейбір дамушы елдерге жаңа мүмкіндік жарататынын жоққа шығармайды. Экономист Бауыржан Ысқақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан Қазақстан қандай өзіндік нарыққа ие болатынын айтты. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артады. «Қытай АҚШ-тан әкелінетін кейбір ауыл шаруашылығы өнімдеріне баж салығын енгізгеннен кейін, Қазақстан бұл нарықтағы бос орынды толтыруға мүмкіндік алды. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның Қытайға бидай экспорты 50%-ға артты. Сонымен қатар соя бұршақтарын жеткізу көлемі де ұлғайды. Жалпы алғанда, сауда соғысы Қазақстанға Қытай нарығындағы өз позициясын нығайтуға және экономикалық әртараптандыруға мүмкіндік береді», – деп қарайды сарапшы.
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, Трамптың сауда шешімдері әлем экономикасына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Өндірістің баяулауы мен шикізат нарықтарының құлдырауы үлкен қатер тудырады. Ең басты қауіп – мұнай бағасының арзандауы. Егер мұнай баррелі 65 доллардан төмен түссе, бұл Қазақстанның Ұлттық қоры үшін ауыр соққы болуы ықтимал. Сонымен қатар импорттық тауарлардың қымбаттауына алып келеді. АҚШ-тан импортталатын тауарлар, тұтыну тауарлары мен техникалардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл ішкі нарықтағы баға деңгейіне әсер етіп, инфляцияға алып келеді және тұтынушылардың сатып алу қабілетін азайтады. Қымбаттаған импорттық тауарлар халықтың әл-ауқатын да төмендетуі ықтимал. Одан кейін Қазақстанның АҚШ-пен саудасының қысқаруына әкелу қаупі де жоқ емес. Бұл өз кезегінде Қазақстанға басқа нарықтарды іздеу қажеттілігін тудырады. Мысалы, Қытай, ЕО елдері немесе ТМД елдері секілді нарықтарға назар аударуға мәжбүрлейді.
Осынау бір дүниежүзлік нарықтың сан құбылған шағында экономистер елімізді дағдарысты еңсеруге өзіндік күш қалыптастырумен бірге, кейбір сын-қатерлерге дайын болу қажет кенін ескертеді. «Жалпы осылардың әсері – бұл әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтың және сауда келісімшарттарда осындай өзгерістердің болуы – Қазақстанның ішкі өндірісіне де әсерін тигізеді. Сол үшін де Қазақстан осындай санкцияларға, осындай өзгерістерге әрқашан дайын болатындай жоспары болуы керек. Өйткені экономика саясатқа тікелей бйланысты. Ал Қазақстан көпвекторлы экономикалық ұстанымды мемлекет болғандықтан, Трамп сияқты әлемдік экономиканы иеленіп отырған мемлекет басшыларының саясатына қарсы тұра алатындай, ішкі сұранысты қамтамасыз ете алатындай нұсқалары болуы керек. Сонда ғана біз әртүрлі бәсекелестік ортада өзімізді еркін сезіне аламыз деп есептеймін. Қазір көріп тұрғанымыздай, Қытай мен АҚШ арасында сауда соғысы ушығып тұр. Бұл АҚШ валютасы доллардың күшейуіне ықпал етті. Сол себепті де мұнай бағасын төмендетуде. Ал Қытайдың ұлттық валютасы – юань әлсіреп жатыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық негізінен қай валютамен жасалуда? Юаньмен бе, әлде басқа валютамен бе, бұл жағы ашық жарияланбайды. Сол себепті, бұл «сауда соғысының» бізге нақты әсері туралы кесіп айта алмаймыз. Юаньнің құнсыздануы – Қазақстан мен Қытай арасындағы саудаға қалай әсер ететіні қазір белгісіз. Бірақ Қытай АҚШ-қа жетпеген тауарларын басқа нарықтарға жіберуге тырысады. Сондықтан біздің елдегі Қытай тауарларының үлесі көбеюі мүмкін деп болжам жасауға болады»,– дейді экономист Меруерт Махмутова.
Ps. АҚШ Қытайға экономикалық қысымды күшейтері анық. Алда тағы қандай қадам жасайтыны әзірге белгісіз. Қазақстан бұл жерде өз пайдасын қалай сақтап қала алады? Міне, әңгіме осында. Жаһандық эконмиканың бір бөлшегі болған бізді алыптар арасында сауда айқасының жанап өтетіні түсінікті. Қысқасы. осындай қиын сәтте бізге де дұрыс жол табу керек.
Ерзат АСЫЛ