Алматы облыстық мәслихатының депутаты, аталған өкілетті органның дін, тіл, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлтан Нұрдәулетовпен өмір жолы, кәсіпкерлік, жастар тәрбиесі және қазіргі депутаттық қызметі жайлы сұхбаттастық.
– Сұлтан Нұрғайыпұлы, атам қазақ ежелден «Жүздің түсін танығанша, бірдің атын біл» деген, ең алдымен қалың оқырманға өзіңізді кеңінен таныстырып өтсеңіз.
– Мен 1963 жылы 15 тамызда Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында, әйгілі Көлсай маңында дүниеге келіппін. Отбасымыздың тірегі, асыраушысы, қорғаны болған әкеміз ерте қайтыс болып кетті. Мен небәрі 13-те, кенже қарындасым бір жаста еді, шиеттей алты бала жетім қалдық. Менен үлкен ағамды ата-әжемнің етегіне салыпты, бір үйде өспегендіктен бе, ол бізді туысқандай көретін, тіпті туған шешемізді апа демей, атымен атайтын. Мектеп бітірген соң шешеме қолғанат болам деп ауылда қалып, «Көлсай» комсомол-жастар бригадасында еңбек жолымды бастадым. Сөйтіп екі жыл тоқты бақтым. Одан соң Германияда әскери борышымды өтедім. Ауылға хат жазсаң дала поштасы арқылы 1,5-2 айда жауап келеді. Сондай кезде «Алыс кетсем, мен сені аңсап жүрем» деп Бәкір Тәжібаев ағамыз ән-жырға қосқандай, туған жерді, ата-анаңды, бала кездегі достарыңды қатты сағынады екенсің.
Жастайымнан еңбекпен өскендіктен бе, әскердегі қатаң тәртіп, шынығулардың ешқайсысынан қиналмай, жақсы қызмет еттім. 6 шақырымдық жедел марштардың бәрінде үздік нәтиже көрсетіп жүрдім. Бір күні 10 шақырымдық жедел маршта батальон бойынша бірінші болып келдім, командиріміз сол үшін маған қысқа мерзімдік демалыс берілетінін жариялады. Алматы қаласы мен облысында тұратын бірнеше сарбаз үйлеріне соғып, сәлем айтуды, ағайын-туыстарының амандығын біліп қайтуды өтінді. Бұл да олардың елге деген сағынышы ғой! Жалпы ол кезде әскерде болып қайтқан жігіттерге деген құрмет пен көзқарас бөлек еді, армияға бармау намыс саналатын. Өкінішке қарай, біз осы жас жігіттерді шыңдау мектебін әлсіретіп алғандаймыз.
– Дұрыс айтасыз, шынында да біздің кезімізде армия үлкен өмір мектебі саналатын. Әскери қызмет жастардың туған жерге, елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін нығайтатын. Қазіргі кезде көптеген жас әскери қызметтен қашқақтайтынын көріп жүрміз. Қоғамда тәртіп пен заңдылық талаптарының сақталуында кемшіліктер бар десек, бұл да көп жағдайда жастардың сол өмір мектебінен өтпегендігінің салдары деуге болатын шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл пікіріңізбен толық келісемін. Негізінде денсаулығында кінәрат жоқ жастың бәрі 100 пайыз әскери қызметтен өтуі тиіс деп санаймын. Бұл олардың болашақ өмірінде пайдасын тигізбесе, ешқандай зияны болмайтыны анық. Бірақ ол үшін алдымен әскердегі жағдайды реттеп алған дұрыс. Бұрын ата-анасы баласын армияға шақырса – есейіп, күш-қуаты, сана-сезімі толысып, нағыз жігіт болып оралады деп қуанатын. Қазір, керісінше, аман-есен орала ма деген күдік басым. Сол себепті жастар түгілі көптеген ата-ана балаларының әскерге кеткенін қаламайды, қайта мүмкіндігінше алып қалуға тырысады. Өйткені жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы талап өз деңгейінде емес.
Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деп атап көрсетті.
Меніңше, қоғамда заң мен тәртіп талаптары сақталуы үшін, бірінші кезекте әскер мен басқа да күштік құрылымдардың өзінде тәртіп болуы тиіс. Оның үстіне әскери қызмет туралы заң қайта қаралса, қоғамда көп нәрсе өзгерер еді.
– Қазір әскери қызметін өтеп қайтқан жастарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік жасалып, олардың жоғары білім алуына, кәсіп ашуына қолдау көрсетіліп жатыр, гранттар бөлінуде. Сіз әскерден келген соң жоғары білім алып, белгілі бір мамандық иесі болғыңыз келмеді ме?
– Әрине жоғары білім алғым келді, бірақ ежелден келе жатқан «Сананы тұрмыс билейді» деген түсінік бар емес пе?! Оның үстіне біздің қазақ «Үлкен түйенің жүгі ауыр» дейді. Үйдегі алты баланың үлкені болған соң маған көбірек еңбек етуге тура келді. Әскерден кейін баяғы жастар бригадасына қайта қосылып, қой бақтым. 23 жасымда үйленіп, отбасын құрдым. Содан бастап ізімдегі іні-қарындастарымның бәріне бас-көз болып, олар үйленгенде, тұрмысқа шыққанда бас құда ретінде отыратын болдым. Алматы электротехникалық техникумына тоңазытқыштар жөндеу шебері мамандығы бойынша емтиханды сәтті тапсырып, оқуға да түстім. Бірақ қыркүйекте сабақ басталған кезде отбасылық жағдайыма байланысты келе алмадым. Тек қысқа мерзімді курсты бітіріп, жүргізуші куәлігін алдым, бар оқығаным осы.
– Сонда, басқа ешқандай біліміңіз, мамандығыңыз жоқ па? Әрі қарай қандай шаруамен айналыстыңыз?
– Баяғы сол ауыл шаруашылығы, біраз жыл мал бақтым. Тауарлы сүт фермасында оператор, сырғашы болып істедім, өйткені мамандығым жоқ. Сөйтіп, інім аяққа тұрып, анама қарай алатын болған кезде Алматыға қарай жақындап, бұрынғы Мичурин атындағы ұжымшардың Тереңқара ауылында бригадирдің көмекшісі болып 10 жыл тағы мал бордақылаумен айналыстым. 1996 жылға қарай ұжымшардың күйі әбден кетті, алатын жалақымыз айына 2 мың теңге, бір қапшық ұнның бағасы – 2,5 мың. Астымда «Жигули» автокөлігім бар, олай-былай жолаушы тасымалдайтын болдым.
Сөйтіп жүргенде бір қыз қол көтеріп: «Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысына жеткізесіз бе? Жолшыбай Байзақов – Ботаникалық бульвар қиылысына соғып, 20 минуттай күтсеңіз жолақыңызды екі есе етіп төлеймін», – деді. Жарайды деп, алдымен сонда келдік. Күтіп отырмын, 20 минуттан әлдеқашан өтіп кетті, жаңағы қыз әлі жоқ. Содан алдандым-ау деп ойлап, жылжи бергенімде әлгі қыз жүгіріп жетіп: «Аға, дәріхананың есеп-қисабын тапсырып жүріп ұмытып кете жаздаппын», – деп қайта-қайта кешірім сұрады. Жолда келе жатып: «Мен медициналық фирмада директордың орынбасарымын, бізге жүргізуші керек. Қаланың жігіттерінің көбі дәрі-дәрмек, ақша ұрлайды. Сіз адал жігітке ұқсайсыз, бізге келесіз бе?» – деді. Мен көрейік деп едім, мекенжайды, кеңсенің нөмірін жазып беріп, дүйсенбіде келіңіз деді. Айтқан күні барып, директорға кірдім, Айман Таубайқызы есімді әйел екен. Бір ай сынақ мерзімімен қабылдайтын болды. Арадан он күн өтпей директор шақырып: «Сұлтан Нұрғайыпұлы, сіз біздің ұжымға ұнадыңыз, ертең барлық құжаттарыңызды ала келіңіз, жұмысқа біржолата қабылданасыз. 200 доллар айлық, күніне 20 литр бензин, тоқсан сайын көлігіңізді жөндеуге 100 доллар қаражат береміз», – деді. Сөйтіп «Казфарм» деп аталатын білдей бір фармацевтикалық фирманың жүргізуші-экспедиторы болып шыға келдім. Мен тапсырыспен дәрі-дәрмек тасып жүріп қарап тұрмайтынмын, мүмкіндігінше тиеп-түсіруге көмектесіп, көлікке тастап кететін ақшаның бір тиынына, дәрінің бір түйіріне де тимейтінмін. Қызметкерлердің бәрімен жылы амандасып, жақсы мәміледе болдым. Сірә, осы қарапайымдылығым мен өз жұмысыма деген жауаптылығым, өзгенің мүлкіне қол сұқпайтын адалдығым ұнаған болуы керек, арада алты ай өтпей, менеджер, жеті жылда ешқандай арнайы білімсіз, дипломсыз директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін көтерілдім. Тіпті бас кеңсе Астанаға көшкен кезде бір жылға жуық 7 дәріхана қарайтын сол фирманың директоры болдым.
– Ел сізді бірінші кезекте кәсіпкер ретінде таниды, сонда өз кәсібіңізді қашан аштыңыз?
– Фирмада 10 жылдай еңбек еттім. Кейін 2007 жылы өзім тұратын Төңкеріс ауылынан шағын дүкен сатып алып, оның жанынан мейрамхана салып, өз кәсібімді аштым. Себебі бауырларымның бәрін көшіріп алдым, атамның қолында өскен ағам қайтыс болып кетті, оның ізінде төрт қыз, бір ұл қалды, оларды да қатарға қосу міндеті тұрды. Оның үстіне қалада көлік көбейіп, барып-келу де қиындай берді. Фирма басшылығы жалақыңызды көтереміз, қызметтік көлік береміз, бізде қалыңыз деп жібергісі келмеді. Үш рет арыз жазған соң жұмыстан әрең босатты.
Сол кездегі ауылдағы үлкен мәселенің бірі – балабақшаның жоқтығы еді, бірде-бір мектепке дейінгі мекеме болмады. Елге пайдамыз көбірек тисін деген оймен мейрамхананы балабақшаға айналдырдық. Қазір онда 120-дан аса бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр, 30-дан аса адам жұмыспен қамтылған.
– Қай жылы депутат болып сайландыңыз?
– Мен алғаш 2016 жылы Панфилов ауылдық округінен аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Онда да депутат болам деген ойым жоқ еді. Бұрын біздің ауылдық округтен ылғи қалада немесе өзге елдімекендерде тұратын адамдар депутат болып сайланып келді. Сол ауылдың жергілікті тұрғыны есебінен бірінші рет мен сайландым. Оның себебі мынада болуы керек, кішкентайымнан қиындық көргендіктен бе, өз кәсібімді ашқан сәттен бастап мен қайырымдылық жұмыстарымен көп айналыстым. Ауыл, аудан әкімдігі күнкөрісі төмен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек беру жөнінде өтініш жасаса, мен үнемі айтылған мөлшерден артық көлемде көмек көрсететін едім. Ауылдық округтің әкімі, бір орында 35 жыл істеген Серік Рыздықұлы – бүкіл ауыл, аудан халқы құрметтейтін абыройлы азамат еді. Сол кісі үш рет шақырды, әртүрлі себептерге байланысты бара алмадым, төртінші рет шақырғанда, қой енді ұят болар деп бардым. Сонда ол: «Оу, айналайын сен бе, Сұлтан деген жігіт? Мен сені неше рет шақырттым. Елге қанша жақсылық жасап жатырсың, кейбір дүкен иелері, кәсіпкерлер «Әкім бізге не берді?» деп, аузына келгендерін айтып шығарып салады. Ал сен біздің айтқанымыздан ылғи артық көмек көрсетесің! Бізге сендей жігіттер керек. Мысалы, ауылда не жетіспейді, қандай түйткілдер бар, соларды шешуге бірге атсалысайық», – деді.
Мен дәріхана, шаштараз сияқты тұрмыстық қызмет көрсету орындары жоқ екенін айтып едім: «Міне осының бәрін аудан әкімінің есеп беру жиналысында айт», – деді. Содан соң «Нұр Отан» партиясына қабылдандым, праймеризге қатысып, ауылды дамыту бойынша өз ойларымды ортаға салдым. Істеп жүрген ісім, айтқан ойларым ауылдастарыма ұнады ма, сөйтіп аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Еңбегімнің бағаланғаны шығар, «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталдым. Бірнеше рет ауылдық округтің әкімі лауазамына ұсынды.
– Облыстық мәслихатқа қашан келдіңіз?
– Алғаш партиялық тізіммен 2020 жылы, ол кезде облыс әлі бөлінбеген еді. Кейін 2023 жылы № 14 бірмандатты сайлау округі бойынша баламалы негізде екінші рет 8 шақырылымдағы Алматы облыстық мәслихатының депутаты болып сайландым. 7 шақырылымда дін, тіл, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссияның мүшесі болған едім. Сол кездегі қызметімді, қарым-қабілетімді ескерген болуы керек, әріптестерім бұл ретте мені осы комиссияның төрағасы етіп сайлады.
– Көптеген отандасымыз жергілікті мәслихаттар ештеңе шешпейді деп ойлайды, бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Мен бұл оймен мүлде келіспеймін, бұл – Кеңестік кезеңде қалыптасқан қасаң пікір. Қазір заман өзгерді, азаматтардың қоғамдық және саяси белсенділігі жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстанның қазіргі саяси жүйесінде жергілікті мәслихаттардың орны ерекше. Өз құзыреті шеңберінде аймақты дамыту жоспарларын бекітіп, бюджеттің орындалуын бақылайтын, жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешетін өкілді органға сайланған әрбір депутаттың білімді, беделді, белсенді болуы – өңірлердің өркендеуіне үлкен ықпал етеді. Әсіресе азаматтық қоғамның дамуы, әлеуметтік түйткілдердің түйінін тарқатуда халық қалаулыларының рөлі үлкен.
Мысалы, мәслихат депутаттары облыстағы тиісті мекемелердің басшыларына депутаттық сауал жолдап, тұрғындарды толғандыратын табиғи газ жеткізу, әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үй, жол құрылысы, қоғамдық көлік және басқа салалардағы мәселелердің оң шешім табуына тікелей ықпал етеді.
– Өзіңіз соңғы рет кімге және қандай депутаттық сауал жолдадыңыз?
– Мен сайланған №14 бірмандатты сайлау округіне аудан орталығынан ең алыста орналасқан Нұра, Қайнар және Панфилов пен Кеңдала ауылдық округтері кіреді. Бұл ауылдардың халқы да көп. Оларда, әсіресе, мектеп, аурухана, қоғамдық көлік мәселесі өте өзекті. Өз басым тиісті басқарма, мекеме басшыларына депутаттық сауал жолдап, тікелей қабылдауында болып, олардың оң шешілуіне қолдан келгенше атсалысып келемін. Жақында Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы
А.Тұрысбекұлына депутаттық сауал жолдап, 20 мың тұрғыны бар Жаңалық ауылы Талғар қаласынан 40-50 шақырым қашықтықта орналасқанын, онда тек медициналық пункттің болуы, әсіресе, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеткіліксіз болып отырғанын жеткіздім. Соның салдарынан тұрғындар Талғар қаласына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығынан такси жалдап, едәуір шығынға бататынын, қымбат уақыттарын жоғалтатынын, көпшілігі ақылы түрде Өтеген батыр ауылына барып емделуге мәжбүр екенін, бұл жағдай ауыл тұрғындарына қаржылық және психологиялық ауыртпалықтар тудырып жатқанын айттым. Осы жағдайларды ескере отырып, Жаңалық ауылына жақын Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылының орталық ауруханасына тіркелуге, медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау саласындағы жағдайын жақсартуға қажетті шаралардың жолын қарастыруды және қабылданған шешім туралы толық ақпаратты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 21-1 бабында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей жолдауын өтіндім. Бұл өтінішім жақын күндерде шешіледі деп үміттенемін. Олардан басқа ауызсу, орталықтандырылған жылыту жүйесімен қамту, газ жеткізу, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, тағысын-тағы қаншама мәселелер бар, барлығын тиісті мекемелермен бірге қарастырып, қаржы бөлінуіне ықпал етіп келемін.
– Өз басым сіздің осы ауылдарға қоғамдық көліктің қатынауына зор еңбек сіңіргеніңізді білемін. Нақты қай бағыттардың ашылуына ықпал ете алдыңыз?
– Нақты айтсам, Алматыдан Нұра, Туғанбай, Өстемір, Еламан, Дәулет, Қарабұлақ ауылдарына қатынайтын №223, №258, №216, №234, №241 бағыттағы қоғамдық көліктерге ықпал еттім. Әсіресе, Нұра мен Туғанбай ауылдарына қатынайтын №223 бағытты бөліп айтқым келеді. Бұл бағыт бұрын ашылғанымен, екі жылдай автобус жүрмеді. Ауыл әкімінің бармаған жері жоқ, тіпті сотқа жүгінуіне де тура келді. Бірақ мәселе шешілмеді. Осыны мен қолға алып, апта сайын Алматы қалалық мәслихатының төрағасымен жүзбе-жүз кездесіп, екеулеп күш салуымыздың арқасында ақыры шешімін тапты. Қазір соған қатты қуанамын, өйткені ең алыс ауылдарда тұратын тұрғындардың Алматыға келіп-қайтуы айтарлықтай жеңілдеп, олар әр күні дерлік алғыстарын айтып жатыр.
– Өмірдегі ұстанымыңыз қандай? Мансап пен марапатқа қалай қарайсыз?
– Мен ешқашан мансап, марапат дегенге қызыққан емеспін, ешкімнен ештеңе сұрағым да келмейді. Менің ұстанымым – адам марапат іздемеуге тиіс, марапаттың өзі іздеп келуі керек. Биыл мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» және «AMANAT» партиясының «Белсенді депутат» деген медальдарымен марапатталдым. Олардан басқа, облыстық және аудандық мәслихаттың бірнеше Құрмет грамоталары бар. Осының бәрі адал еңбектің арқасы деп ойлаймын. Оның үстіне біреуге уәде берсем, соны орындамайынша тынбаймын. Уәде бердің бе, орындауың керек.
Бір қызығы, маған тек өзім сайланған округтен ғана емес, басқа округ тұрғындарынан да өтініштер жиі түседі. Оларға «Сіздер менің округіме кірмейсіздер» деп, басқаларға сілтемей, ерінбей барып, жағдаймен танысамын, қолдан келгенше көмектесемін, мәселенің шешілуіне барынша күш саламын. Өйткені бұл – маған деген сенім ғой! Ал сенімді ақтау – мен үшін үлкен бақыт!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы