Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасының Пекин қаласы мен Цзянсу, Шандун және Цзянси провинцияларынан келген бірнеше компанияның өкілдерімен кездесті. Басқосуда тараптар ынтымақтастық мәселесін талқылады.
Қытайлық бизнесмендермен жүздескеніне қуанышты екенін айтқан Марат Елеусізұлы аталған провинцияларға сапары кезінде билік пен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездескенін, сонда ерекше қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
– Алматы облысы – экономиканың түрлі саласында белсенді жұмыс істейтін қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біздің басымдықтарымыздың бірі – ауыл шаруашылығын, металлургияны дамыту, күн және жел сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалану. Осы салаларда біз озық технологиялары мен бай тәжірибесі бар қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін көреміз, – деді аймақ басшысы. Облыстың 80 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратынын, өңірде темекі өндірісі жолға қойылғанын, Қонаев пен Алатау қалаларында Бас жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары жүретінін айтып, логистиканы дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы хабардар етті. Сонымен бірге облыс көлемінде ісін дөңгелетіп отырған шетелдік компаниялардың қандай салаға инвестия салғаны жайлы ақпарат берді.
Келесі кезекте қытайлық компаниялардың төрағалары кезегімен таныстырылымдарын ұсынды. Олар күннен қуат алатын батареялар орнатуға және су тазалайтын қондырғылар мен алюминий профильдерін өндіретін зауыттар салып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ниетті екендерін білдірді. Жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олар кәсіптерін әрі қарай дамытып, өнімдерімен еліміздің барлық өңірін қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын жасырмады.
Кездесуді қорытындылаған Марат Сұлтанғазиев достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде қалып отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде облыс аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейтінін айтқан облыс әкімі ары қарайғы ынтымақтастықтың да табысты әрі тиімді болатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ