Оңтүстік Кореялық «RETD CO., LTD» компаниясы Алматы облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың «RETD CO., LTD» компаниясының өкілдерімен кездесуінде айтылды. Басқосу барысында өңіріміздегі жолаушылар тасымалы, жол-көлік инфрақұрылымы және индустриялық-инновациялық жобалар саласындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктері кеңінен қозғалды.
Кездесуге «RETD CO., LTD» атынан компанияның атқарушы директоры Ли Чан Вук, заңгер Ким Тэ Янг, «Trinity Interworks» директоры Кристина Михайлиди мен аудармашы Меруерт Алдиярова қатысты. Компания өкілдері «Маглев» жеңіл рельсті көлік жобалары туралы айтып, Алматы мен Қонаев қалаларында аталған жобаларды жүзеге асыруға деген айрықша қызығушылығын танытты.
Алғашқы болып сөз алған Рустам Маратұлы өңіріміздің қарқынды дамып келе жатқанын айтып, аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен инфрақұрылымды тұрақты дамыту өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін алға тартты.
– Бүгінде Алматы қаласы мен облыс арасындағы көлік қозғалысы күннен-күнге артып келеді. Облыстан күн сайын Алматыға 500 мыңнан астам көлік кіріп-шығады. Бұл жүктемені азайту және тұрғындардың қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін жеңіл рельсті көлік тиімді шешім болмақ. ЖРК Алматы мен Қонаев қалалары арасында заманауи, экологиялық және ыңғайлы көлік түрі ретінде жоспарланып отыр, – деп жобаның стратегиялық маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Келесі сөз кезегін алған «RETD CO., LTD» компаниясының атқарушы директоры Ли Чан Вук компанияның жобалары Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Филиппинде жүзеге асырылып жатқанын жеткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ «Маглев» жеңіл рельсті көлік жобасына тоқталып, оның мол мүмкіндігін тарқатты. «Маглев» құрылысы жобасы – инновациялық көлік технологиясын қолданатын заманауи инфрақұрылымдық бастама екенін алға тартты. Жобаның негізгі ерекшеліктерін атап, жолаушыларға жайлы сапар сыйлайтын көлік қозғалысы іске қосылса, Қазақстанның көлік саласын серпінді дамытуға мол мүмкіндік ашылатынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы өз кезегінде Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құятын елдердің бірі екенін алға тартып, 2005 жылдан бері Қазақстанға шамамен 9,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда елімізде кореялық капиталы бар 611 кәсіпорынның барын айтып, оның ішінде Алматы облысында 15 кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
– Алматы мен Қонаев арасындағы ЖРК жобасы – аймақтың көлік мәселесін шешуге бағытталған аса маңызды қадам. Бұл жоба тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, экономикалық өсім мен тұрақты даму үшін де айтарлықтай серпін береді. Сол себепті жобаны қолдап, мүмкіндігінше оның табысты жүзеге асуына қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Дегенмен бұл жоба тек облысты ғана емес, Алматы қаласын қамтып отырғандықтан, республикалық көлемде шешілетін мәселе екендігін ескерткім келеді. Осы орайда біз Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне сұраухат саламыз, – деп аталмыш жоба төңірегіндегі жайттың шешімі алдағы уақытта мәлім болатынын айтты.
Құралбек СӘБИТОВ