Профессор Гүлдархан Смағұлованың есімі филология ғылымында, оның ішінде, қазақ фразеологиясы саласында ерекше орын алады. Ғылымдағы ғұмырын қазақтың фразеологиясымен байланыстырған ғалымның бұл биікке оңай келмегені анық.
Ұстаз, ғалым Гүлдархан Нұрғазықызы талмай еңбек етіп, қазақ тіл білімінің, оның ішінде, қазақ тілінің фразеологиясы, қазақ лексикологиясы, мәтін лингвистикасы, шешендік сөздер дискурсы, когнитология, лингвоаксиология, тропология, дискурсология салаларының дамуына ерекше үлес қосты. Академик Ә.Қайдардың ізін жалғап, қазақ тілі фразеологизмдерін ұлттық-мəдени танымдық тұрғыдан зерттеді. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің ерекшелігін зерттеуден бастаған ізденушінің қадамы ғалымды «Қазақ фразеолгиясының бəйгеторысына» (Байынқол Қалиев) айналдырды.
Ғалымның «Фразеологизмдердің варианттылығы», «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мəдени аспектілері», «Фразеологиялық калькалар», «Фразеологизмдердің семантикалық категориялары» сияқты зерттеулері қазақ фразеологиясына қосылған сүбелі еңбектер қатарын толықтырды. Ғалым ұлттық дүниетанымның негізгі көзі қазақ фразеологиясында жатқандығына назар аударып, тұщымды ойлары мен тың идеяларын ғылыми ортаға ұсынды. Профессор Гүлдархан Смағұлова халық тіліндегі тұрақты сөз тіркестеріне этнос тұрғысынан баға берді, сипаттады, сол арқылы ұлттың ұлттық менталитетін, көзқарасын, дүниетанымын таныды. Қазақ халқы тіл байлығының кемелдігін, ойлау дағдысының тереңдігін, шешендігін танытатын тұрақты сөз тіркестерінің танымдық ерекшелігін қазіргі тіл біліміндегі жаңа бағыттармен байланыстыра зерттеді. Ғалымның сүбелі ойлары «Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда» атты монографияда жалғасын тапты.
Ғалым бүгінгі тіл біліміндегі қазақ фразеологиясының орны мен қызметін де терең зерттеп, ғылыми пайым жасай білген. Ғалым құрылымдық лингвистика парадигмасында фразеологизмдердің құрамы мен құрылысын, жасалу жолын, яғни құрылымдық ерекшеліктерін зерттесе, қазіргі уақытта фразеологизмдерді тіл білімінің жаңа бағыттарына сəйкес, яғни антропоөзектік парадигма талаптары шеңберінде лингомəдени категория деп танып, когнитивтік бірлік ретінде қарастырды. Ғалым ізденісінде қазақ фразеологизмдері ұлттық-мəдени танымды айқындайтын тілдік таңбалар ретінде көрініс табады. Ғалым тұжырымдарында мəдени коннотациялардың бағалау қызметін атқаратындығы, қазақ фразеологизмдерінің қазақ əлемі бейнесін қалыптастыратындығы дәйектеледі.
Гүлдархан Нұрғазықызы өз саласын таңдауда адаспады. Өзінің сүйіп таңдаған тақырыбының қыр-сырын ұзақ жыл терең зерттеді, оны заман талабына сəйкес зерделеді, өзінің сара жолын сала білді. Ғалымның мағыналас фразеологизмдер, түр-түс атаулары, шет тілінен енген жаңа сөздер туралы сөздіктері қазақ лексикография саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ғалымның 350-ден астам ғылыми-танымдық және әдістемелік мақаласы мен екі монография, үш оқулық, 11 оқу құралы қалың көпшілікке ұсынылды. Гүлдархан Нұрғазықызы – тек республикаға ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал ғалым. Бірнеше ғылыми мақалалары шетелдік ҚХР (Минзу), Испания (Гранада), Түркия (Анкара), Грекия, Франция сияқты елдердің мерзімдік ғылыми басылымдарында, халықаралық конференциялардың жинақтарында жарық көрді.
Профессор Гүлдархан Нұрғазықызы 25 ғылым кандидаты мен 2 ғылым докторы, 5 философия докторын (PhD) дайындап, елімізге танымал ғылыми мектеп қалыптастырды. Заман талабына сəйкес зерттеу жүргізуді өз шəкірттеріне де тынбай үйретіп келеді. Ғалымның шəкірттері ұстаз салған ізбен республиканың барлық аймақтарында қазақ тіл білімінің дамуына өз үлестерін қосуда.
Ғылым мен білім берудегі саналы ғұмырын профессор әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнады. Заманға сай білім берудегі, маман даярлаудағы сұранысқа қарай оқу үдерісіне профессор енгізген жаңа пәндер, электив курстары – ғылым мен білім жолына қосқан елеулі еңбектерінің көрінісі. Ұстаз ұсынған 16 электив курсы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің бакалавриат, магистратура, докторантура білім беру бағдарламаларында жүргізіліп келеді. Гүлдархан Нұрғазықызы – əлі де қазақ тіл біліміне қосары көп әлеуетті ғалым.
Бүгінгі таңда профессор зерделі зейінімен, қажыр-қайратымен ғылыми ортаның құрметіне бөленген. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» сияқты медаль-төсбелгілермен марапатталған. Бұдан бөлек, Қорқыт ата атындағы Алтын медаль иеленген. Ел үшін аянбай қызмет етуді басты парызы деп санайтын, ұлт мүддесін ойлайтын ардақты ұстазды мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.
Жайна СӘТКЕНОВА,
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
Ләззат ӘЛІМТАЕВА,
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты