Өмірде адамның болмысы, қоғамда алатын орны мен мәртебесі, жетістіктері мен атақ-абыройы жөнінде қаншама зерттеулер жүргізіліп, еңбектер жарық көрсе де, тұлғатану мәселелерімен айналысатын философтар мен әлеуметтанушылардың, тарихшылар мен әдебиеттанушылардың, бәрінің қорытынды ойлары бір арнаға келіп тоғысады. Кез келген адамды белгілі бір ортада жеткен биіктері мен бағындырған белестеріне, тіпті жасаған жасына қарамастан оны анықтайтын ең басты белгісі – адами қасиеттері. Әкенің қанымен келіп, ананың сүтімен даритын, ұлттық тәрбиемен берілетін, біліммен толығатын ерекшеліктері. Әнуарбек туралы естелік жазар кезде осындай ойға табан тіредім. Арамызда жүрсе, ол биыл ақыл айтар жасқа, адам өмірінің талтүсіне баланар 60-қа келер еді.
Әнуарбек Балтабайұлы Есберген 1965 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысы Төле би ауданына қарасты Мойынқұм ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Шу ауданы Коммунизм кеңшарындағы орта мектеп табалдырығын аттап, оны 1982 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Алматыдағы Қазақ дене тәрбиесі институтының студенті атанады. Бірінші курстан соң әскер қатарына шақырылып, борышын өтейді. 1985-1988 жылдары оқуын жалғастырып, оны ойдағыдай аяқтайды да, жолдамамен Алматының іргесіндегі, қазіргі Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы Чернышевский атындағы орта мектепте дене тәрбиесі мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін 22 жыл осы мамандығы бойынша қызмет етеді.
Әнуарбекпен студенттік кезеңнің соңғы жылдарында танысып, жақын араласып кеттік. Бұл кез 1987-1988 жылдардың шамасы еді. Бізді жақындастырған сол кездегі студент қалыңдықтарымыз, бүгінгі өмірлік серіктеріміз болатын. Мен ҚазМУ-дің тарих факультетінде оқимын, ал Әнуарбек Қазақ дене тәрбиесі институтының студенті еді. Болашақ жарларымыз – Қазақ қыздар педагогикалық институты музыка факультетінің студенттері. Жатақхананың бір бөлмесінде төрт қыз – Эльмира, Жайдар, Алма және Бақыт тұратын. Әнуарбек пен Жайдар ұмытпасам, 1988 жылы оқуларын бітіре сала отбасын құрды және әрі жас шаңырақ ретінде, жас маман ретінде екеуі де Абай ауылындағы орта мектепке жолдама алды. Олар сол кездің заңы негізінде мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз етіліп, баспаналы болды. Алдағы іс-әрекеттерін ақылмен ойластыратын Әнуарбек отбасын құруды, оқуын аяқтауды, жұмысқа тұруды, пәтер алуды алдын-ала жоспарлап қойғандықтан, көп қиналмай үлкен өмірге Жайдар екеуі бірге қол ұстасып еніп кетіп еді.
Абай ауылындағы орта мектепте өздерінің білікті маман екендіктерін жан-жақты көрсетті. Әнуарбек дене шынықтырудан сабақ бере жүріп, мектеп пен ауылдың мәдени шараларына белсене араласады. Табиғатынан көпшіл, адамдармен тез тіл табысатын қасиеті арқылы өз ортасында, ұжымында беделі артты. Әдебиетке, оның ішінде поэзияға жақындығы бар болатын. Кейбір қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа соғатын. Сонымен бірге өнерден де құралақан емес еді. Жайдардың кәсіби музыка мамандығы мен ерекше дауысы және Әнуарбектің әуесқойлық ән салу өнері мен түрлі музыкалық аспаптарда ойнауы екеуін Абай ауылына танымал етті.
Әнуарбек мектеп оқушылары мен ауыл жастарынан команда құрып, спорт жарыстарынан жүлделі орындарға қол жеткізеді. Сол сияқты, Жайдардың шәкірттері де түрлі өнер байқауында топ жара бастайды. Абай ауылында алғашқы Наурыз мерекесін тойлау Әнуарбек пен Жайдардың сценарийімен дүркіреп өткен болатын. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға осылайша өз үлестерін қосты. Осыдан кейін-ақ оларды аудан басшылығы да қолдап, құрмет көрсете бастайды. Ал Әнуарбек болса, өзіне ғана тән қарапайым көркем мінезімен сәл жымиып қойып, болдым-толдым демей, өз ісін жалғастыра беретін.
Әнуарбектің өмірлік ұстанымы мен көзқарасы да терең еді. Елімізде болып жатқан өзгерістерге, әлемдегі оқиғаларға қатысты айтқан пікірлеріне тәнті болатынмын. «Дене шынықтыру мамандығын таңдамағанда, сенен бір жақсы философ, не әлеуметтанушы, не саясаттанушы шығатын еді», – деуші едім. Әнуарбек пен Жайдар екеуінің туған күні бір күн – 12 сәуір. Екеуі де бір ұжымда жұмыс істегендіктен, туған күндерін де бірге атап өтетін. Талай рет қуаныштарына ортақтасып, ақ тілектерімізді ақтарған едік.
2000 жылдары Әнуарбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және дене тәрбиесі кафедрасына жұмысқа ауысты да, күнде болмаса да, жиі көрісіп тұратын болдық. Бұл жерде де Әбекең жаңа достар тауып, кафедраның мәдени-қоғамдық өміріне араласты. Кафедра мен университет басшылығы оған зор сенім артып, университеттің Ыстықкөлдегі демалыс базасының маусымдық басшылығы қатарына енгізді. Онда ол бірнеше жыл абыроймен жұмыс істеп, үнемі алғыс арқалады.
Әнуарбек досымыз өзінің 45 жылдық ғұмырында айналасына тек жақсы адамдарды топтастырды. Өзінің күш-қайраты мен ерік-жігеріне сенген, өзін-өзі қалыптастырған тұлға ретінде оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. «Орнында бар оңалар» дегендей, артында қалған ұл-қыздары бүгінде жеке-жеке отбасын құрып, немерелерінің қызығын Жайдарға көрсетіп отыр. Оған да шүкір дейміз! Әбекеңнің әулеті өсе берсін, өне берсін. Әумин!
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры