Ұлттық банк жаңа дизайнмен номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айналымға шығарды. Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясы негізіндегі төртінші банкнот. Ол қазақы ою-өрнектің түп негізі негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
Ұлттық банктің мәліметіне жүгінсек, жаңа банкноттар 28 наурыздан бастап айналымға шығарылды. Банкноттың түсі – қоңыр, бет жағында «Өмір ағашының» бұтағы, ДНҚ спиралі және беріктік пен төзімділіктің символы ретінде алынған төс айылдың бейнесі бар. Артқы жағында төбет пен тазы және ою-өрнектері бедерленген қалқан бейнеленген, олар қазақтың көшпелі мәдениетінен айқын көрініс табады. Банкноттың ортасында Қазақстан далаларының бейнесі бар, ол шексіздік символымен үйлесім тапқан.
Жаңа мен ескі банкноттар 2025 жылдың 28 наурызынан бастап 2027 жылдың 27 наурызына дейін параллель айналымда болады. Осы уақыт аралығында халық ескі банкнотты жаңаға ауыстыру үшін банктерге немесе Ұлттық банк филиалдарына баруға міндетті емес. Барлық банкноттар заңды төлем құралы болып саналады және Қазақстан аумағында шектеусіз қабылданады.
Параллель айналым кезеңінің аяқталуынан кейін, 2027 жылдың 28 наурызынан бастап ескі банкноттар Қазақстанның екінші деңгейлі банктері мен «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жаңаға ауыстырылады. Бұл кезең 2030 жылдың 27 наурызына дейін жалғасады. Ұлттық банк филиалдары ескі банкноттарды қабылдай береді.
Жаңа 1000 теңгелік банкноттар Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын насихаттай отырып, қазіргі заманға сай төлем құралы саналады. Олар ел аумағында толық қолданысқа енеді, ал параллель айналым кезеңі адамдарға ескі және жаңа банкноттарды алмастыру үшін мүмкіндік береді.
Ерзат АСЫЛ