Жамбыл ауданында спорт ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы Сейітқали қажы Ыбытаевтың құрметіне бокстан республикалық ашық турнир басталды. Жарысқа еліміздің әр аймағынан 2012-2013 және 2010-2011 жылдары туған 250-ден астам жасөспірім бақ сынауға келді.
Турнирдің мақсаты – салауатты өмір салты мен бокс спортын кеңінен насихаттау және жас өрендердің спорттық шеберлігін шыңдау. Аталған турнир осымен алтыншы рет өтіп отыр.
«Дәстүрлі бокс турнирі жасөспірімдер арасында талантты боксшыларды анықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Жыл сайын қатысушылардың саны артып, ауқымы кеңейе түсуде. Өңірімізде бокс қарқын алып келеді. Жерлестеріміз ұлттық құрама сапына қосылып, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Қазіргі таңда облыста бокспен 2 мыңнан астам адам айналысады», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы олимпиадалық спорт түрлері бөлімінің маманы Ербол Кұлжабаев.
Сейітқали қажы Ыбытаевтың «Сәт» мешітінде имам қызметін атқарып келе жатқанына 30 жылға жуықтады. 90-шы жылдары Муфтидің орынбасары да болған. «Үздік ардагер-имам – 2024» номинациясының жеңімпазы. Сонымен қатар ол салауатты өмір салтын насихаттауға да белсене араласып келеді. Осы күнге дейін күрес және шығыс жекпе-жек өнерімен шұғылданып жүр.
«Мұндай жарыстар жас спортшыларды одан сайын ширықтыра түседі. Олар рингте ар-намыс, батылдық, табандылық, бір-біріне деген құрмет сынды қасиеттерді бойларына сіңіреді. Шеберлігін шыңдап, үлкен додаларға қатысуға мүмкіндік алады. Сондықтан ел мерейін үстем ететін чемпиондар дайындауға жол ашып, спортты қолдап жүрген барша азаматтарға алғыс білдіремін», – деді Сейітқали Ыбытаев.
Турнирге қатысушылар 15 салмақ бойынша сынға түседі. Бүгінгі таңда Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы бокс бәсекесіне ерекше көңіл бөлінуде. Соның арқасында спортшылар ерте жастан мол тәжірибе жинақтап үлгереді, ал бапкерлер шәкірттерінің қол жеткізген нәтижесіне қарай жаттығу тәсілін реттеп отырады.
«Рингтегі бәсеке тартысты өтіп жатыр. Жас боксшылардың жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені бірден байқалады. Олар шаршы алаңда жеңіске жету үшін аянып жатқан жоқ. Әрине, қарсыласқа деген құрмет – спорттағы басты қағида. Қатысушылар бұл ережені қатаң сақтауда», – дейді турнирдің бас төрешісі Еламан Жұмашев.
Аталған бокс бәсекесі бес күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен қатар ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанады.