Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ғалымдарды марапаттау рәсімі отандық ғылымның беделін арттыруға бағытталған маңызды әрі тарихи оқиға болды. Бұл басқосу тек мерекелік сипатта ғана емес, еліміздегі ғылым саласының даму бағыты, өзекті мәселелері және болашағы жайлы мазмұнды ойлар айтылған тағылымды кездесу болды.
Президенттің ғылым саласына деген құрметі мен ерекше назары осы жиында айқын көрінді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде ғылымның мемлекеттің стратегиялық дамуында шешуші рөл атқаратынын нақты дәлелдермен атап өтті. Мемлекет басшысы ғылыммен айналысу үлкен табандылық пен адалдықты талап ететін күрделі жол екенін баса айтып, осы саланы таңдаған азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл барлық ғалымдарға, соның ішінде жас зерттеушілерге зор мотивация әрі жауапкершілік жүктейді.
Президент ғылым саласында орын алған әділетсіздіктер мен қиын кезеңдерді де ашық айтты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға жеткілікті көңіл бөлінбегені, көптеген мамандардың басқа салаға кетуге мәжбүр болғаны – бұл өткеннің ащы шындығы. Соның салдарынан еліміздің ғылыми әлеуеті едәуір әлсіреді. Алайда қазіргі таңда бұл бағыттағы жағдайдың жақсаруы мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі реформалардың нәтижесі екені даусыз. Ғылым академиясының қайта жаңғыртылуы, инфрақұрылымның жаңаруы, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңының қабылдануы осының айғағы.
Әсіресе Президенттің жас ғалымдарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударуы мен сияқты жас зерттеушілер үшін үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Ғылыми қауымдастықтың жартысынан астамының 40 жасқа дейінгі мамандар екені болашаққа деген сенімді арттыратын көрсеткіш. Сонымен қатар жас ғалымдарға баспана кілтінің табысталуы бұл тек әлеуметтік қолдау ғана емес, сонымен қатар жас буынға көрсетілген зор құрмет деп білемін.
Қасым-Жомарт Кемелұлының ядролық ғылым мен технологияларды дамыту туралы айтқан ойлары да өте өзекті. Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті жоғары және мұны тиімді пайдалану еліміздің энергия қауіпсіздігі мен ғылыми дербестігіне жол ашады. Сондай-ақ жасанды интеллект, криптография, ақпараттық қауіпсіздік секілді заманауи бағыттардың дамуы ғылымның жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашатын маңызды салалар. Бұл тұрғыда жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін атап өтуі ғылым жолындағы дарынды жастардың еңбегін елеп, құрметтеудің жарқын үлгісі.
Президенттің «университеттер ғылымның бастауында тұруы тиіс» деген сөзі қазіргі жоғары білім беру жүйесінің алдына нақты міндет қойып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғылыми-зерттеу бағытын күшейту, білім мен ғылымды қатар дамыту міндеті бұл ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті сияқты құрылымдық бөлімшелерге де қатысты. Өйткені бүгінгі дайындық курстарында оқып жатқан шетелдік студенттер – ертеңгі күннің білімді мамандары мен зерттеушілері. Сол себепті ғылымға қызығушылықты ерте кезеңнен ояту – біздің, оқытушылардың, басты міндеттеріміздің бірі.
Жиын соңында Мемлекет басшысының ғалымдарды марапаттауы ғылымға жасалған зор құрмет пен қолдаудың жарқын көрінісі болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағының алғаш рет табысталуы еліміздің ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Бұл іс-шара отандық ғылымды дамыту жолында жасалып жатқан нақты қадамдардың көрінісі. Президенттің кездесуде айтқан әрбір сөзі біз үшін бағдаршам іспетті. Ғалымдарға жүктеліп отырған жауапкершілік орасан. Еліміздің болашағы – білім мен ғылымның дамуында. Осы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!
Жансая ӘДЕН,
PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің оқытушысы