Еліне еселі еңбек сіңіріп, биік белестерді бағындырған арда азаматтың бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс депутаты, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған жерлесіміз Омархан Өксікбаев десек, ақиқаттан алшақтағынымыз болмас.
Қасиетті өлкеде өзінің көшбасшылығымен танылып, көп алғысымен кемелденген ардақты азамат, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және бірнеше медальдың иегері Омархан Нұртайұлының 70 жас мерейтойы туған өңірінде дүркіреп өтті.
Балқаш аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға алыс-жақыннан ат терлетіп келген құрметті қонақтар аудандық кітапхана қызметкерлері дайындаған кітап көрмесін тамашалады. Бақанас мектеп-интернатының оқушылары жырдан шашу шашты. Бұдан кейін Омархан Нұртайұлы жайында бейнеүзінді көрсетіліп, мерейтой иесін құрметпен сахна төріне шығарды. Осы сәтте ауданға танымал күміскөмей әнші Гүлшаһар Несіпбаева «Мерекеңмен» әнін нақышына келтіре шырқап, той көрігін қыздыра түсті.
Кеште Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов өзінің құттықтау сөзін арнады. Өңірге белгілі меценат Әбдіжаппар Қыстаубаев пен «Балқаш таза су» мекемесінің басшысы Бақытжан Хамзин мерейтой иесінің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мәдени шараның келесі бөлімінде аудандық «Бақанас» театрының өнерпаздары қайраткердің балалық шағынан бастап, қызмет биігіне көтерілген кезеңдерін сахналады. Бақытжан Өксікбаев ардақты ағасына арнаған әнін орындап, туыстары сый-сияпат жасады,
Туған жер төсінде өткен айтулы шара ақ дастарқан басында жалғасып, ақ тілектер ағытылды. Ал кешкісін республикаға танымал өнер жұлдыздары қатысқан концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы