Алматы облысы Қарасай ауданының, Алматы қаласы Наурызбай ауданының Құрметті азаматы Төлеш ата Станбеков жасы тоқсанға жетіп отырса да, еліміздің басына нәубет болып төнген Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естеліктерін жас ұрпақпен жиі бөліседі. Ақсақал айтқан ерлік пен тағылымға толы әсерлі әңгіменің бүгінгі жас ұрпақтың отаншылдық рухын оятуға мол септігін тигізері сөзсіз.
«Әкем Станбек 1942 жылдың қараша айында қан майданға аттанды. Ауылда бүкіл бір отбасына тірек болып анам Мүгілсім ғана қалды. Бақандай он үш баламыз. Әкемнің ағасы Сағымбек ерте қайтыс болып, оның екі баласын – Бәсібек пен Шәменді асырап алған. Анамыздың ағасы Әбдіғапар соғысқа барып, мерт болып, одан қалған үш жастағы Батиха мен бір жарым жастағы Болатханды бауырларына салды. Бәрі жас, қолғанат болады-ау деген үлкені менің өзім жеті жастамын. Үйдің бітпес тірлігі, балалардың қамына қарамастан, анам біз тұрған Изенді ауылынан аудан орталығы Держінге қос өгізді шанамен жиналған сүтті апарып, өткізіп, қайтарда газет-журнал, хат-хабар алып келеді. Арасы қырық шақырымдай.
Әкем майданға кетер алдында мені жанына ілестіріп, мал қорадан бастап, үйде не істеу керектігін үйретті. «Мен тапсырған жұмысты істейсің, оған сенемін, байқадың ғой, айналада қанша жұмыс барын? Мен тапсырмаған жұмысты да шамаң келсе істе, үйге оралғанда бәрін көретін боламын», – деп қояды. Изендіде сайды бойлай ну қалың алма ағашы өседі, соның өте жуан емес 20 шақтысын біршама ұзындықта кесіп, үйге әкелді, әр ағашты шағын-шағын етіп жартылай аралады, маған соларды балтамен бір соғып үзіп, отын етіп жаруды тапсырды. Бір темір сына жасатып берді. Сынаны қағып, ағашты қалай жару керектігін көрсетті. Басымды сипап отырып:
– Төлетайым, менің соғыстан аман келуімді қалайсың ба? – деді.
– Әрине, аман келіңіз, әке, – деймін.
– Аман келсін десең, мен саған тапсырма беремін, соны орындайтын бол. Таңертең ерте тұрасың. Шешең сиыр сауғаннан кейін малды өріске айдайсың. Аяқ киіміңді оң аяғыңнан бастап ки. Үйге кіргенде табалдырықтан оң аяғыңмен аттап кір. Сонда ісің оңға басады. Менің де жолым оң болып, аман ораламын. Соны ұмытпа!
– Жарайды, әке, ұмытпаймын. Оң аяқтан бастап киіп, оң аяқпен үйге кіремін, тек аман келіңіз.
Сол сөзді жадымда ұстаған мен де, менен кейінгілер де мәңгілік сақтап, әке аманатын қалтқысыз орындап жүрдік. Әкеміздің тілеуін тілеп, үй мен түздің жұмысын қатар атқардық. Ер азаматтар жоқтың қасы. Бала болғаннан кейін ұжымшардың жеңілдеу жұмысын істеймін. Көбінесе соқаға жегілген өгіздің басын ұстаймын. Күн ұзақ өгіздің митың жүрісіне ілесіп, қатты шаршаймын. Үйге келіп, анама көмектесемін.
Бір оқиға ойымнан кетпейді. Бірде анам әкеме жазған хаттың ішіне жеті тары салып жібереді. Тарыны салуы – ауылдың дәмі, дәм тартып, ауылға аман-есен келсін деп ырымдағаны. Жеті деген қасиетті сан ғой, қазақ оны ерекше бағалаған. Ұлтымыз «Жеті атаңды біл», «Жеті қазынаны қадірле», «Өлген адамдарға арнап, жеті шелпек пісір», «Меккеге барсаң, Қағбаны жеті рет айнал» деген сияқты ырым-амалдарды жүзеге асырған.
Ол кезде майданға жөнелтілетін хат мұқият тексеріледі. Қалай екенін кім білсін, әлгі жеті тары салынған конверт бақылаушының көзіне шалынбай, әкемнің қолына тиеді. Бір окопта жатқан орысы бар, өзбегі бар, украины бар, түрлі ұлт өкілдері бұған қайран қалады. Көбі тары өспейтін аймақтан, кішкентай дәмді көріп, таңырқайды. Олар тұрмақ, біздің Алакөлде де тек Қызылтоғай мен ескі Ақшиде ғана тары себілетін.
– О, Станбек, сенің жарыңның тілегі адал екен, саған елге аман-есен қайтсын деп, дәм салып жіберіпті. Ниеті қабыл болсын! – деп жауынгер жолдастары бір-бір тарыдан алып, ауыздарына салып, жейді.
Шешемнің ырымдап, сонау майдан даласына жіберген туған жердің дәмі – киелі жеті тарының қасиеті тартты ма, әкем қатты жараланса да, бір жақ қанаты сынған жаралы құстай аман-есен елге оралды. Осы оқиғаны кейіннен інім Жақсыбек өлең жолдарына түсіріп, өзінің «Тама ұрпақтары» деген кітабында енгізіпті.
Туған жердің дәмі үшін,
Хатқа салды тарысын.
«Фашистерді жеңіп қайт,
Балалардың бағы үшін!»
Деп анамыз айтыпты,
Елдің дәмі тартыпты.
Фашисті жеңіп әкеміз,
Ерлікпен елге қайтыпты, – деген жолдары ешкімді бейжай қалдырмайтын.
Қайтқанда да өлі мен тірінің ортасында оралды. Майданға барғаннан кейін екі жыл өткенде үйге хат келді, қасындағы жолдасы жазыпты, әкемнің жаралы болып, ауруханаға түскенін айтыпты. Жеті жерінен жараланған, жарасы өте ауыр, бірінші отадан өтіпті. Шешем жылап, бәріміз амандығын тілеп жатырмыз. Минаның жарықшағы жамбасының сүйегін үзген, жағынан кірген бір жарықшақ тісіне келіп тоқтап қалған. Қасында госпитальда жатқан Ешмұрат деген өзбектің жігіті әлгі жарықшақты алған кезде әкеміздің сұлық түскенін көреді. Медбикелер қанша тірілтеміз деп тырмысса да, ештеңе шықпайды. Дәрігер өлгендігін айтады, сол арада түскі үзіліс болып қалады, әкемді қалдырып, өздері тамақ ішуге кетеді. Медбикелерге: «Тамақ ішіп келген соң бір қараңдар, егер өзгеріссіз жатса, зембілге салып, өлген сарбаздарды жерлеп жатқан шұңқырға апарыңдар», – деп айтады. Әкемді зембілге сала бастағанда Ешмұрат әлгілерге: «Ол өлген жоқ, тірі», – дейді. «Оны қайдан білдің?» «Сендер жоқта жүрек жақ қолтығына қолымды салып көрдім. Сәл-пәл жыбырлағанын сездім».
Екі медбике тексеріп, болар-болмас тіршілікті байқайды да, дәрігерге жүгіреді. Бәрі жабылып, қайтадан жүрегіне массаж жасап, тірілту шараларын жүргізеді. Әкем көзін ашады. Содан жеті ай ауруханада жатады. Медбикелер келіп, қолтықтап жүргізіп, далаға шығарып, көмектеседі. Кішкене жүруге жараған кезде соғысқа жарамсыз деп ауылға қайтарады. Әкем қуанғаннан есі шығып, құжаттарын да алмай, елге қайтыпты. 1944 жылы қараша айында үйге оралды. Үйге келгенде мүгедектік туралы қағазы да жоқ. Әлсіз, біресе тұрады, біресе жығылып құлайды. Шешем марқұм үйдің табиғи тамақтарын жаңадан жасап, әлсін-әлсін алдына қояды. Ет, май, қаймақ, сиыр сүтінің сарысуын, қымыз береді. Шешемнің емшілік қасиеті де бар еді. Ақырындап беті бері қарайды.
Біз алғаш көргендегі әке бейнесі – жамбасының жоғары жағын оқ жұлып кеткен, тек теріге ілініп тұрушы еді. Жалпақ омыртқаның қанатын да оқ опырыпты. Сырт көзге жарымжандығы анық көрінсе де, құжаты болмағандықтан – зейнетақы тағайындалмады. Бір күні әкем: «Төлеш, бері кел, менің есіме бір нәрселер түсті, қалам, қағазыңды ал, жаныма келіп отыр», – деді.
Әкем өзі де хат таниды, отызыншы жылдары сауатсыздықты жою мектебінен өткен. Бірақ жазуы ирек-ирек, қисық болатын. Өзі айтып отырып, маған хаттың ішіне көп цифр жаздырды. Тура 12 цифр болды. Соғысқа қатысқан кездегі бөлімшесінің бе, полкінің бе, дивизиясының нөмірі ме, білмеймін, әйтеуір ұзын-сонар сан. Сол ұзақ санды әкем қағазға жазбай, жадында сақтапты. Конверттің сыртына «Москва, Климент Ефремович Ворошилову» деп жаздырды. Онысы кім екен деп қоямын. Хатты маған қайта оқытып, ойында жүрген цифрларды қайта айтып, қайыра бір тексерді. Конвертті желімдеп, атына мініп, аудан орталығындағы поштаға барып, салып келді. Сол хатқа көп ұзамай екі айдың ішінде жауап келді. Онда ағамның соғысқа қатысқанын нақтылап, қай жерде, қалай жаралы болған қағазын да салып жіберіпті. Сөйтіп, ол кісіге мүгедектігі жөнінде 48 сом зейнетақы тағайындалды.
Әкем жарымжандығына қарамай, ұжымшардың біресе егіншілік, біресе мал шаруашылығын басқарып жүрді. Еңбек дегенде өте талапшыл, тумысынан зерделі, тиянақты адам болатын. Шешем Мүгілсімнің ағасы Әбдіғапардың соғысқа кеткенде ұжымшарда алашақтары қалған екен. Соғыстың алдында Держін ұжымшарында егін бітік шығып, еңбеккүн ретінде беретін үлесі – бидайды диірменге тарттырып үлгермепті. Соны білген әкем сотқа айта жүріп, Әбдіғапардан қалған бәленбай центнер бидайды архив арқылы дәлелдеп, ұжымшардан астық алмақшы болды. Сол жылы ұжымшардың өзінде тұқым жетпей жатса керек, бидайды малға айырбастап беріпті. Бидайдың бағасын малға шағып, бізге үш сиыр, бірнеше қой берді. Осыны көре алмаған кей ағайын ағамның үстінен арыз жазып, «Станбек байып алды, төрт жетім баланы балалар үйіне бермей, үйінен «детдом» ашып, солардың әкелеріне тиесілі үлесті ұжымшардан алып, қоңданды» деп көрсетеді. Осыны естіген әкем ағайындарының жетім балаларын «детдомға» алып кетпесін деп, әлгі Ворошиловке хат жазып, әрең алған зейнетақысынан да бас тартты. Ауданнан жазылған арыз бойынша арнайы комиссия шығып, тексеріп, ештеңе таба алмаған соң, жалған іс жабылыпты.
Ол ол ма, жетімдерді балалар үйіне алып кету үшін ауылға арнайы комиссия келеді. Ағайындарының қолтығында жүрген жетімдердің бәрін жинап, Кеңес өкіметінің ата-анасыз балаларға қамқорлық жасап, тегін оқытатынын, оның үстіне киіммен, тамақпен қамтамасыз ететінін, болашақта жоғары оқуларға түсуге мүмкіндік беретінін айтады. Жиналысқа қатысқан әкем: «Менің көзім тірі кезінде төрт қарғам ешқандай өкіметтің қарауындағы жетімдер үйіне бармайды, ешкімнен кем қылмай оқытып, тәрбие беремін, егер бала керек болып, «детдом» толмай жатса, онда менің өз балаларымды алыңдар», – деп комиссия бастығының бетіне қатулы қабақпен қатты-қатты сөз айтып тастапты. Әкемнің тіріде бала бермесін түсінген комиссия мүшелері кері қайтыпты, Сөйтіп, төртеуін де аман-есен өсіріп, аяқтандырып, бір-бір шаңырақ болуына көмектесті. Баяғы Әбдіғапардың төлеміне алған малды бағып, өсіріп, кейін балаларына енші етіп берді. Үйдегі 13 баланың барлығына да жағдай жасады, оқытты, тоқытты, бәріміз арнайы не жоғары білім алып шықтық.
Жалпы, біздің әулеттің тарихы тереңнен, сонау Жоңғар шапқыншылығынан басталады. Түп атамыз Кіші жүз, Тама, Тоқтар деген батыр кісі болыпты. Жоңғар мен қазақ арасындағы соңғы шайқас біздің Алакөлде болған. Қаракерей Қабанбай, Тоқпақ Қасабай батырлар бастаған сарбаздар қалмақтарды атамекеннен қуып, Жоңғар қақпасынан ары асырып жіберсе керек. Тама Тоқтар батыр да осы соңғы шайқасқа қатысып, Майлышатта өткен Жеңіс тойына барыпты. Алакөлдің көркем табиғаты ұнаған ба, әлде басқа себептері болды ма, кім білсін, батыр Шыбынды тауының етегіндегі Тентек өзенінің бір тармағы Дорбақтың жанындағы Қарабұлақ ауылын мекендеп қалыпты. Сол Тоқтардан Атамбек, Атамбай ұрпақтары тарапты.
Шыбынды тауының етегінде, Қарабұлақ ауылының оңтүстік жағында күрежолдан тауға қарай жүргенде жарты шақырымдай жерде «Атамбектің тұмасы» деген тұма бер. Жұрт аузындағы атауы – «Атекең тұмасы». Біздің қазақ бұрын ел арасындағы беделді адамдардың азан шақырып қойған есімін атамай, сыйласымды түрде Атеке, Ахаң, Мәкең деген. Тұманың суы мол, қазіргі кезде екі айырық болып ағып жатыр.
2017 жылы Станбек ұрпақтары жиналып, тұманың басына тас қойып, айттың кезінде ас бердік. Екі үлкен тасқа қашап, жазу жазылды. Біреуінде «Арғымақ туған тұлпардың тұяғы баспас жер ме?» деген Қазтуған жыраудың сөзі бар. Сонау батыс өңірінен өрбіген ұрпақ Аңырақай шайқасына қатысып, жауды жеделдете Жоңғар қақпасынан асыра қуып, Тоқтар батыр бастаған Тамалар осы Қаракерей руы мекендеген Алакөл өңірінде қалғанын меңзеп жазылды. Екінші тастағы «Тамырым тереңде, бұтақтарым биікте» дегені – «Бүгінгі алғыскер ұрпақ бабаларын ешқашан ұмытпайды, қазір өсіп-өнді» дегенді аңдатады.
Атам Атамбек те өте өнерлі адам болыпты. Темірден түйін түйген, теріден неше түрлі қолөнер бұйымдарын жасаған. Естуімізше, тіпті Атекең Анненковқа ма, әлде бір басқа орыстың генералына ма, күмістелген ер-тоқым жасап, тарту етіпті-міс», – деп Төлеш аға әңгімесінің басын қайырды.
Мен бұл әулетті бұрыннан танушы едім. Айдынды Алакөл өңірінде Станбековтерді танымайтын ел жоқ. Барлығы қызмет атқарды, көпшіл, ағайынмен араласып, бір туған болып кеткен. Әсіресе әулеттің ең үлкендері, биылғы Жеңістің 80 жылдығы тойланатын 9 мамыр күні 90 жасқа толатын Төлеш аға үнемі ел көзінде жүрді. Лепсі педучилищесін және ҚазМУ-дың филология факультетін үздік бітіріп, 33 жыл білім саласында еңбек етіп, оның 18 жылын Қайнар және Жайпақ орта мектептерін басқаруға арнады. Арасында мемлекеттік қызмет атқарып, 10 жылдан аса Қайнар ауылдық кеңесінің төрағасы, әкімі болды.
Ел арасында «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөз бар. Бұл жағынан алғанда, Төкеңді сегіз қырлы бір сырлы азамат деуге әбден болады. Атасы Атамбекке тартып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін зергерлікті қаузады. Ауылдағы шағын ұстаханасында неше түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. Өзі қолдан ер-тоқым шауып, ат әбзелдерін күміспен өрнектеп, қамшы өріп, кісе жасап, түрлі білезік, жүзік соғады.
Төкең бірнеше аспаптың құлағында ойнайды. Әсіресе «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын жырлағандай, өзі дәулескер күйші, әу деп жіберетіні де бар. Жайпақ ауылында ұстаздық етіп жүргенде Тасқын Оқаповтың (Роза Рымбаеваның жары) қолына алғаш домбыра ұстатып, өнер әлеміне жетектеген адам – Төкең.
Бойында шығармашылық қуаты ерен. Жасынан әдебиетке құмар болып өсті. Өйткені Станбек ақсақал жұмыстан шаршап келгеніне қарамай, «Төлештің дауысы жағымды әрі тез оқиды» деп, «Мың бір түн», «Батырлар жырын» оқытып қояды екен. Содан болар, бала кезінен кітапқұмар болып өсті. Жас кезде махаббат, сезім тақырыбына анда-санда қалам тербесе, Төлеш аға ордалы отыз жастан асқанда өлең жазуға дендеп бет бұрады. Көпке дейін жырларын ешкімге көрсетпей, жасырын ұстаса керек. Бір күні кеңседе отыр едім, кабинетіме Төкең кірді.
– Ахмет-ау, «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» деген сөз бар. Сол айтқандай, маған тұқымнан дарыды ма білмеймін, соңғы кезде қағаз шимайлайтынды таптым. Мынау өзімше жазған өлеңдерім еді, – деп дәптерін ұсынды. Жазуы маржандай, жалпы сол кездегі адамдардың қолтаңбасы керемет. Асықпай оқып шықтым. Ойы анық, тілі жатық, тәп-тәуір өлеңдер, тек буын, ұйқасты сақтамау сияқты ұсақ-түйек кемшіліктер анда-санда көзге ілігеді. Дәптеріне бірнеше шумақ ақ тілекпен өлең жазып, соңын:
Асау жырға жөн шыдам,
Келмей бір жатса болжамы.
Асыққан балаң аңшыдан,
Кешіккен аңшы олжалы, – деп қайырдық. Расында, Төкең кешіксе де, қанжығасына бір тоғыз байлады. Қызмет бабымды пайдаланып, өзі сияқты бір топ ақынға арнайы көлік бөлгізіп, аудандағы ауыл еңбеккерлерімен, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып бердім. Төкеңе қанат бітті, өзіне деген сенімі нығайды. Содан бері жұртшылыққа «Изендім», «Жайсаң жандар», «Шарапат», «Жомарт жандар». сияқты әдеби туындыларын ұсыныпты. Ауылда тұрып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға үзбей мақала жазып тұрды. 100-ге жуық жарияланған мақала, очерктері ұлағатты ұстаздарға, еңбек адамдарына, қолөнерге, тәрбие тақырыбына арналды.
Алакөлде жемісті жұмыс істеп, зейнетке шыққаннан кейін балаларының өтініші бойынша Алматы төңірегіне қоныс аударды. Бұрын Қарасай ауданында тұрса, қазіргі кезде Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты «Құрамыс» шағынауданында. Бұл жерге келгеннен кейін де ауданның, қаланың тірлігіне араласып, ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесіне айналады. Тәлім-тәрбие шараларына жиі қатысып, мектептердің тұрақты қонағы болады. Көрген-білгенін, естіп-түйгенін қағазға түсіріп, баспасөзге жариялап тұрады. Ел арасында батагөй қарт атанды. Алматы облысы бойынша «Батагөй» байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Зайыбы Сақышпен 65 жылдан бері өмірдің ыстық-суығын бірге бастан кешіп келеді. Бауырларынан өрбіген Назгүл, Ләззат, Сәуле, Дәулен, Дархандардың барлығы да жоғары білім алып, халық шаруашылығының сан саласында жемісті еңбек етіп жүр. Бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі құрылысшы, екеуі кәсіпкерлік саласында. Қазір қос қария немерелерінің арасында бақытты да бақуатты күн кешуде. Алатаудай ақиық ақсақал, Қаратаудай қадірменді қария Төлеш ағаға:
Жеңіс күнін түсіріп ел есіне,
Шықтыңыз өмірдің бір белесіне.
Рейхстагқа көтерілген
Рақымжандай,
Ту тіктіңіз тоқсанның төбесіне!
Туыңыз мәңгі-бақи желбіресін,
Ұрпағыңыз «Ата» деп елжіресін.
Тоқсанды тойлап-тойлап, шығарып сап,
Тәңірім жүз жасты енді белгілесін! – дей отырып, мақаламызды түйіндейміз.
Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы