Алматы облысында мектепке, емханаға немесе мемлекеттік мекемеге кіріп-шығу қиын болып келген мыңдаған азамат үшін жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Кейінгі екі жылда өңірде 780-ге жуық әлеуметтік нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделді. Бұл – «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асқан жұмыс.
Партия өкілдерінің мәліметінше, облыста бейімдеуді қажет ететін 1300-ден астам нысан бар. Қазірдің өзінде олардың 780-іне пандус, тактильді жолақ, арнайы санитарлық бөлме, кең кіреберіс сынды қолжетімділік элементтері орнатылған. Биылдың өзінде 24 рейд жүргізіліп, 69 нысан тексерілді. Соның 22-сінен кемшіліктер анықталып, жауапты мекемелерге ескерту берілген.
«Бүгінгі таңда облыста 40 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Олар үшін мектепке, емханаға немесе мемлекеттік мекемеге өз бетімен кіріп-шығу – үлкен мәселе. Біз бұл кедергілерді жою үшін нақты жұмыс атқарып жатырмыз. Биыл 84 мектеп пен балабақшаны бейімдеу жоспарланған, қазірдің өзінде 36 нысанда жұмыс аяқталды», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов.
Бейімделген 36 нысанның ішінде он үші – денсаулық сақтау мекемесі, алтауы – білім беру ұйымы, оны – мемлекеттік мекеме. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін облыста тағы 421 білім беру нысанын бейімдеу көзделген.
Сонымен қатар, өңірде инклюзивті білім беру мен оңалту бағыты бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 19 инклюзивті кабинет жұмыс істейді. 22 оңалту орталығы 937 баланы қамтып отыр. Сондай-ақ ерекше балалардың бейімделуіне арналған 110-нан астам мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылған.
Айта кету керек, «Кедергісіз келешек» – «AMANAT» партиясының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобасы. Жоба аясында қолжетімді орта құру, инклюзивті білім беру және оңалту бағыттары қамтылған.