Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында 1916 жылдың 16-маусымында өмірге келген майдангер Нұрбек Нұрсейітов 1937 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, 1941 жылдың ақпан айына дейін әскери борышын өтеп, кіші командирлердің полктік мектебін тәмамдайды. Қан майдан басталғаннан кейін 173-гаубицалы-артиллериялық полктың әуе шабуылына қарсы қорғаныс взводының командирі болып тағайындалады.
Осы полк сапында жүріп, Тула түбінде жаудың екі ұшағын атып түсіреді. 1942 жылы іс басындағы Орталық майдан армиясының жанындағы саяси қызметкерлер курсына оқуға жіберіліп, бітіріп келген бойда Батыс майдан армиясының 31-атқыштар полкының 210-батареясы командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болады.
Оның ержүректігі мен батырлығы туралы әскери мінездемеде жазылған жазбаларды оқи отырып көз жеткізуге болады. Ол өзінің зенитті қондырғысының ұңғыларынан шашқан отпен құлдилай шүйліккен фашист ұшақтарын бірінен соң бірін отқа орап, талай мәрте ерліктің үлгісін көрсетті. Осындай алғыр командирді байқаған басшылық әскери-авиациялық мектепке оқуға жібереді. 1943 жылы ұшқыштыққа ауысқан аға лейтенант Нұрбек Нұрсейітұлы 1946 жылға дейін 517 рет көк жүзіне көтерілген екен. 1947 жылы Қызыл армия қатарынан босатылады.
Елге оралған соң 1949 жылға дейін Ұйғыр аудандық әскери комиссариатының әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарады. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып еңбек ететін азаматты қай саланың жұмысы ақсап жатса, сол жаққа жұмсап отырған. Сауда бөлімінің меңгерушісі, аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің кадрлар бөлімі меңгерушісі, аудандық кинофикация бөлімінің бастығы, Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы, осы ұжымшардың әртүрлі басшылық орындарына, сондай-ақ Шарын су электр стансасының директоры лауазымдарын абыроймен атқарған. Осыншалық бай өмірбаянына сай «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Жеңіске 20 жыл» және тағы да басқа көптеген орден-медальдармен марапатталған.
Тұтастай алғанда, Нұрбек ақсақалдың отбасын әскерилер династиясы деуге болады. Өйткені ұлы Жеңіс те, ол кісінің қызы Аида Жеңісқызы да әскери салада қызмет атқарған кәсіби мамандар болған. Жеңіс Нұрбекұлы Самарқанд әскери-техникалық училищесін танкіші мамандығымен аға лейтенант шенін алған. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысына шыққан Нұрбек ақсақалдың немересі Аида Жеңісқызы 1972 жылы Шонжы ауылында дүние есігін ашқан. Тараз мемлекеттік университетінің қаржы бөлімін бітірген. Алайда ата мен әке даңқы қайсар қызды әскери салаға жетеледі. Сөйтіп, ол өзінің еңбек жолын 1997 жылы ҚР Қарулы Күштері құрамындағы № 42062 әскери бөлімінің артиллериялық-миномет батареясында топогеодезист болып бастайды. Осылай мінсіз қызмет атқара келіп, 2 баланың анасы Аида Жеңісқызы 2017 жылы № 03811 әскери бөлімінен зейнеткерлікке шықты.
Қазіргі кезде ол Ұйғыр аудандық Қарулы күштері ардагерлері кеңесінің төрағасы. Атқарған мінсіз қызметтерінің өлшеміндей болып бұл күнде І, ІІ және ІІІ дәрежелі ҚР «Оңтүстік» өңірлік әскерлерінің 10 жылдығы», «ҚР Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Сағадат Нұрмағамбетов – 100 жыл», Шекара әскерлері қолбасшылығының «Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары өңірінде жарқыраса, бұларға қоса көптеген Алғыс хаттар мен сыйлықтардың иегері. «Зейнет демалысында екенмін» деп қарап жатпай, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, туған өлкесіндегі жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, Отансүйгіштік, патриоттық рухтарын оятып, тәрбиелеу ісіне ардагерлерді де жұмылдырып, айта қаларлықтай іс тындырып жүр.
Бейбіт МЕКЕЕВ
Ұйғыр ауданы