Тәуелсіздігімізді алдық. Шекарамызды шегендедік. Экономикамызды қалыптастырып, іргелі ел болу қамын жасаудамыз. Алайда мемлекетіміздің іргетасын мызғымастай етіп, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу үшін бұл аздық ететіні түсінікті. Осы орайда ата-бабадан мұра болған салт-дәстүріміз бен бала тәрбиесіндегі асыл қазынамызды ұрпаққа аманат етуді мақсат еткен «Ұлт анасы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Құралай Жарболмен жолығып, ұйымның жұмысы мен мақсат-міндеттері жайлы білгіміз келген еді.
– Құралай Пернебайқызы, әңгімемізді өзіңізді таныстырудан бастасаңыз.
– Мен – Түркістан облысының тумасымын. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық институтта құрылыс саласын меңгеріп, содан кейін педагогикалық институтта оқыдым. Өз ұмтылысыммен психология және философия ғылымдарына да сүрлеу салып көргенмін. Ал негізгі атқарған қызметім ұстаздық десем болады. Алдымен Түркістан қаласында балабақшада еңбек жолымды бастап, мектепте басшылық қызметтерде болдым. Содан кейін Алматыдағы Д. Қонаев атындағы университетке келіп, зейнет демалысына шыққанға дейін түрлі лауазымдағы қызметтерді атқардым.
Зейнетке шыққан адам алғашында абдырап, бағдарынан айырылып қалғандай күй кешетіні бар. Мен де алғашында осындай жағдайды басымнан өткіздім. Осыдан кейін өзімді-өзім іздей бастадым. Осы жолда алдымен Исламды түсінбек болып, «Нұр-Мүбарак» университетіндегі ұстаздардан сабақ алдым. Жалпы, дін саласы ұшы-қиыры жоқ түпсіз дүние ғой. Сондықтан бүгінгі күнге дейін ғұламалардан үйреніп, әлі де іздену үстінде келемін десем де болады.
– Жалпы, сіздің тәрбиеңізге, дүниетанымыңыздың қалыптасуына әсер еткен кімдер еді?
– Өте орынды сұрақ. Менің әкем оңтүстік өлкедегі бір демалыс орнын басқарған, ауқатты адам болатын. Дегенмен мен әжемнен көп сабақ алдым десем, қателесе қоймаймын. Ғұмыр бойы бес уақыт намазын қаза қылмаған, жұма күндері етегіне бидай салып, құмырсқаларға садақа деп тарататын кейуана еді ғой, жарықтық. Болашақ орыс тілінде деп әкемнің мені орыс сыныбына бергеніне қарамастан, қазақ мектебіне апарған да сол әжем болатын. Неге екенін қайдам, елде тым тоқшылық болғанын қаламайтын. Тоқшылық адамды аздырады деуші еді. Оның айтқан сөздері, үйреткен өнегесі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр.
Біз сондай адамдардың тәрбиесін көрдік. Сонымен өсіп, жетіліп, бүгіндері төрге шықтық. Ал енді қазіргі ұрпаққа кім тәлім беріп келеді? Кейінгіге өнеге көрсететін кімдер? Мені осы сауал үнемі мазалай берді. Осы сұрақтарға жауап табу үшін айналама қарай бастадым. Өзіммен үндес, пікірлес адамдарды іздедім. Үйден алған сабағымды дәстүрмен ұштастырып, білгенімді, түйгенімді әлеужелі арқылы өзгелерге жеткізуге тырыстым.
Қазір әлеуметтік желінің мүмкіндіктері мол ғой. Аңғарар болсаңыз, бүгіндері елімізде Батыстың дәстүрі, идеологиясы басым түсіп бара жатқандай. Ұл-қыздарымыз шет елдерге барып, оқып, солардың түсінік-танымдарын әкеліп жатыр. Өзгенің жылтырағына құмар халық емеспіз бе, мұның барлығы ұлттық құндылықтарымыздың арзандауына, мансұқталуына жол ашқандай. Осыдан келіп, адам психологиясында «Мен» деген тақырып бірінші орынға шықты. Яғни, ата-ана ешкім емес, сен өз өміріңді ғана ойлауың керек, өз тағдырыңды қалыптастырмасаң, жан адам саған көмектеспейді деген көзқарас басым түсіп бара жатқандай. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресеміз деген желеумен отбасындағы әкенің орнын табалдырыққа сүйреп тастағандаймыз.
Ау, біздің ата-баба дәстүрі олай емес еді ғой?! Бізге тәлім берген әжеміз алдынан жас бала шықса да, кідіріп, оны өткізіп жіберетін. Біздің: «Неге жүре бермейсіз?! Ол кішкене бала ғой?» – дегенімізге: «Кішкене бала ертең өседі. Мүмкін болашақта осылардың арасынан ел билейтін ерлер шығар. Сондықтан олар өздерінің орнын біліп, санасына сіңіріп алуы керек!» – дейтін. Дұға жасағанда: «Ел аман болсын! Елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар аман болсын!» – деуден жалықпайтын. Бұл ілгеріден келе жатқан дәстүр емес пе?! Бұлай істеген аналарымыз ер адамның қадір-қасиетін білген болар?!
Әкеміз тоғыз ағайындыдан аман қалған жалғыз ұл екен. Киіп жүрген көйлегі тозған кезде жағасын жыртып алып, жоғарыға іліп қоятын. Оның жайын сұрағанымызда: «Ер-азаматтың жағасы жерде тапталса, онда біз елдіктен айырылып қаламыз!» – деуші еді. Ғасырлар бойы сұрыпталып, ұлттың ұстынына айналған осынау асыл дәстүрімізді біз жалғастыруымыз керек. Егер бүгін біз насихаттамасақ, ертеңгі ұрпақ мұны қайдан білмекші?!
Әлгінде әкемнің орыс мектебіне бергенін айттым емес пе?! Ал әжем өзі барып қазақ сыныбына отырғызатын. Сондай кездері: «Алладан келетін адамның қасиеті ана тілімен беріледі» – дегені санамда сақталып қалыпты. Әжемнің әйел-анаға қатысты айтқандары да жадымда. Ол: «Әйел мықты болуы керек. Әйел сәбиін тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейді!» – деген сөзін қайталай беретін. Қарап отырсаңыз, осы сөздерінде үлкен даналық жатқан жоқ па?!
– Осы ізденулеріңіз «Ұлт анасы» қоғамдық бірлестігінің құрылуына ықпал еткен болуы керек?
– «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген тәмсіл бар. Біз де бүгін біраз жасқа жетіппіз. Ұл мен қыз өсірдік, қыз ұзаттық, келін түсірдік. Айналада болып жатқан жайларға да құлағымыз түрік жүреді. «Әлмисақтан келе жатқан салт-дәстүрімізді бүгін мансұқ етсек, ертеңгі күніміз не болады, келер ұрпаққа біз нені беріп кетеміз?» деген сауалдар жиі мазалай берді. Ақыры Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызымен кеңесе келіп, елдегі дана әжелер мен өнегелі аналарды жарыққа шығарып, солардың үлгісі арқылы әйелдерді тәрбиелесек деген тоқтамға келдік.
Біз мемлекетке де, халыққа да кінә артудан аулақпыз. Біз – ата-баба дәстүрін өнеге еткен көшелі аналарымызды көрсету арқылы ұрпаққа тәрбие беруді мақсат етіп келеміз. «Ұлт анасы» қоғамдық бірлестігі, міне, осындай мүдделерді көздеп келеді. Құдайға шүкір, арамызда осындай аналар баршылық.
– Бүгіндері сіздер құрған бірлестіктің мүшелері бар ма?
– Әрине, бар. Олар еліміздің әр шалғайында тұрса да, бір мақсатта жұмыс істеп жатыр. Бірлестікте көпті көрген көнекөз әжелер, кейінгіге көрсетер өнегесі мол аналар, өнерімен, өрелі қадамдарымен жұртқа жағымды әсер етіп жүрген келіндер топтастырылған.
Иә, ұйымымыздың ашылуы 2022 жылы Астана қаласында өткізілді. Алда үлкен жоспарларымыз бар. Дана әжелеріміздің өмірлік тәжірибесін үлгі ете отырып, келер ұрпақтың санасына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру, сол арқылы ата-баба ұстанымдарын ұлағаттау – басты мақсатымыз. Келін деген, ене деген кім? Отағасының шаңырақтағы орны мен рөлі қандай болуы керек? Ертең елін қорғайтын азаматтар мен отбасын ұйытып ұстайтын аналарды қалай қалыптастырамыз? Осы мәселелерге байланысты жер-жерде құрылған әжелер алқасымен, өзге де қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеміз.
– Өзіңіз айтып отырған отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болашағымыз үшін қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген түсінік бар. Шынымен, бәрі де отбасындағы береке-бірлікке байланысты. Әрине, қазақ атамыз қыз баланы ерекше құрметтеп, еркелетіп ұстағаны белгілі. Бір қыздың намысы бүтін бір елдің намысына айналғанын тарихтан білеміз. Дегенмен ұл баланың орны қашанда биік болған. Ал қазір ше? Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, отбасындағы орны төмендеп бара жатқандай. Оған қазіргі заңдар да себепші болуда. Сонымен қатар ер адамдар өздерінің қасиетінен айырылып бара жатқандай көрінеді. «Еркектің үркітері болмаса, әйел оған бағынбайды» дегенді естуші едік. Азамат ең алдымен отбасының жайын ойлап, жағдайын жасауға міндетті.
Біз қарттар үйіндегі кемпір-шалдарды көргенде, олардың балаларын кінәлауға дайын тұрамыз. Ал ол бала неге олай жасады, осыны ойладық па?! Мәселе сол әкенің немесе ананың кішкене кезінде баласына мейірім сіңіре алмағанынан, тәрбие бере алмағанынан ата-анаға қайырымсыз, безбүйрек болып қалыптасса ше?! «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығады» деген осыдан қалыптасқан.
Міне, «Ұлт анасы» қоғамдық бірлестігінің алдына қойған азды-көпті мақсаттары осындай. Көкірек көзі ояу, өмірден көрген-түйгені көп аналарымыз аман тұрғанда, солардың өнегесін үйреніп, ұрпаққа аманат ету біздің пешенемізге жазылған болар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев