Тарих қойнауына «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атпен енген қанқұйлы шайқастың Жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толды. Ел есінен кетпейтін қанды қырғында қаншама ер жат жердің топырағын жастанды десеңізші?! Қаншама жауынгер майдан даласынан ауыр жарақат алып, елге оралды. Сондай сарбаздардың бірі – менің атам Дәуітбай Бектұрғанұлы еді.
Дәуітбай атам 1905 жылы бұрынғы Жетісу уезі, Іле-Балқаш болыстығының Көкжиде ауылында дүниеге келген. Өзінің туып-өскен ауылында бар ғұмырын өткізген атамның өмір жолындағы өнегелі істері жайында қалам тербесем, бір кітапқа жүк болары анық. Дәуітбай атам жайдан-жай отырып, өздігінен әңгіме айта бермейтін, тұйық мінезді, әдептілікті сақтай білетін сыпайы жан болған. Атам әңгіме айту үшін сөзге мұқият құлақ түретін һәм оның айтып отырған әңгімесіне «Па, шіркін, содан?» деп серпін беріп отыратын адам керек. Ерекшелігі сол, тарихи оқиғалар мен аңыз-әңгімелерді нақышына келтіріп айтқанда қамшы салдырмайтын.
Әлі есімде, 6-сынып оқып жүрген кезім. Бір күні үйге көрші тұратын Әбдікерім ата келді. Екеуі амандасып, жөн сұрасып алған соң, алғашқыда бір-біріне ауыл жаңалықтары жайында сөз қозғап отырды. Осы сәтте мен бөлмеден шығып кеттім. Сәлден кейін қариялардың соғыс жайында әңгіме өрбітіп отырғандарын аңғарып қалдым. Жақын келіп жайғасып, олардың әңгімелеріне құлақ түрдім. Сонда Дәуітбай атам: «Мен бастапқыда Украина майданына, содан соң Ленинград қаласын жаудан азат ету ұрыстарына қатыстым», – деп әңгімесін әрмен қарай жалғастырды. Жантайып жатқан Әбдікерім ата: «А, сонда сен алғашқы жарақатың жазылған соң майдан даласына қайта оралдың ба?» – деп сұрады. Басын изеп, Әбдікерім атаның сөзін қоштаған атам: «Түнгі уақытта бізді жүк көлігіне отырғызып, таң ағарып атқан шақта Ленинград маңындағы қалың орманға жеткізді. Көліктен түскен бетте сапқа тұрғызып, тегімізді атап, түгендеп алды да: «Снайперлер, бір адым алға бас!» – деп аға лейтенант бұйрық берді. Мен және тағы алты мерген саптан бір қадам алға басып, тұра қалдық. Қолымызға қару беріп, сынақ алаңына баруымызды бұйырды. Барлық мергенге үш оқтан беріп, нысананы атқызып тексерді. Мен атқан үш оқтың бірі сегіздікке, ал екеуі ондыққа дәл тиіпті. Оны көрген командир «Хорошо стреляешь» деп басын шайқады».
Атамның бұл сөзіне қайран қалған Әбдікерім ата «Па, шіркін!» деп таңырқай әрі демей сөйлеп: «Сен соғысқа дейін осы ауылда атақты мергеннің бірі болдың ғой. Екінші жарақатты қалай алдың соны айтшы?» – деп сұрақ қойып, жантайып жатқан жастығын қолтығының астына екі бүктеп тығындап алды да, атама қарап, әңгімесін мұқият тыңдай бастады.
Атамның айтуынша, Ленинград маңындағы бекініске жау әскері күнара тұтқиылдан шабуыл жасауды дағдыға айналдырған. Менің әңгіме барысында түсінгенім, бекініс орнатылған аймақтың оң және сол қанатында екі қол пулеметі тұрған. Отты қарулар тоқтаусыз атқылағанда жау әскері тойтарысты бұза алмай, бірнеше рет кейін шегініп отырған. Бірақ жау әскерінің жасаған әрбір шабуылында Кеңес әскері адам шығынына ұшырап, бей-берекеттері қашып, жағдайлары күннен-күнге нашарлай бастаған.
Жау әскерінің жасаған кезекті бір шабуылында атама командирі келіп: «Сол қатардағы пулемет атылмай қалды, соны көріп кел», – деп бұйрық береді. Командирдің бұйрығы бойынша қарша борап тұрған оқтың ортасымен бас сауғалап, пулемет орнатылған жерге жеткенде, ол жерде жаралы жатқан пулемет атушының және оның оқтаушысының өлі денесін көрген. Сол сәтте Дәуітбай атам пулеметты жау әскері қаптап келе жатқан ұрыс даласына бағыттап, ата бастаған. Көп ұзамай атыс-шабыс аяқталып, майдан даласында жаралы жатқан жауынгерлер мен қаза тапқан сарбаздарды жинастырады. Ұрыстан аман қалған жауынгерлерді күзетке қойып, жауға тойтарыс берудің қамын жасап жатқанда, сол қанатқа пулемет ататын адам іздейді. Сапта тұрған сарбаздардан командир «Кто умеет стрелят пулемет?» деп сұрағанда әлгі жараланып қалған пулемет атушы «Он умеет» деп атамды көрсетіпті. Командир мән-жайды анықтап, атамның аласапыран кезінде пулеметпен жау әскеріне оқ жаудырғанына риза болып, «Давай дальше также действуй» деп атамды сол күннен бастап пулеметшы етіп тағайындаса керек-ті.
Күндердің-күнінде жау әскері әуеден ұшақпен және жаяу әскері де тұтқиылдан шабуыл жасап, артиллерия зеңбіректері толассыз атқылаған тәрізді. Ұзақ уақытқа созылған шайқас барысында атама снаряд жарықшасы тиіп жараланған. Бұл оқиғаны атам Әбдікерім атаға былай деп айтып жеткізді: «Алдымен менің оқтаушым жараланды. Амал жоқ, оның көмегінсіз жалғыз өзім пулеметті атуыма тура келді. Ол жерде не болғанын қазір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кенеттен дүрс еткен қатты дауыс шықты да, мен жатқан жердегі топырақ аспанға көтеріліп, үстімді құм басып қалғандай болды. Бір есімді жисам, екі аяғым жансызданып қалыпты. Орнымнан тұра алмадым. Айнала көк түтін, ешнәрсе көрінбейді. Атыс-шабыс тоқтаған. Көмекке қосымша әскер келіп, жау әскерінің кейін шегінуіне мәжбүр етіпті. Содан алты ай ауруханада жатып, елге оралдым ғой». Осылай әңгіме тиегін ағытқан атам өзінің соғыстан тірі оралғанына шүкіршілігін айтып отырды.
Балалықтың салдары болар, атамнан соғыс жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, жөн-жосығын сұрап алмаппын. Ол кісі алғашқы жарақатты қай жерде, қашан алғанын, тіпті ауылға қай жылы оралғанынан да бейхабармын. Ал өзімінің аға-әпкелерім атамыз 1941 жыл соғысқа аттанып, 1944 жылы елге оралғанын үнемі айтып отыратын. Сондай-ақ олар атамның «Ленинградтың ақ түнін көрдім ғой» деген сөзін талай мәрте естіп өскен.
Жеңістің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында Балқаш аудандық қорғаныс бөлімінің және ауылдық кеңес өкілдері үйге арнайы келіп, атамның омырауына мерекелік медаль тағып, құрмет көрсетті. Ол медаль атамның соғыс ардагері ретінде өмірінде көрген алғашқы және соңғы құрметі болды.
Мен ес білгелі атам қолына ұстаған таяғына сүйеніп жүретін. Екі аяғында тізеден төмен тобыққа дейін жарақаттардың орны қалған қара дақтар болды. Соғыстың салдарынан алған жарақаттары атамның түн ұйқысын бөліп, мазасын алатынын сезіп жүрдік. Алайда сексеннің сеңгіріне келгенше атқа мініп, мал бағып, қақпан құрып, ит жүгіртіп, аң аулау кәсібімен айналысты. Саятшылықтың қай түріне сапар шексе де, қанжығасы қанданып, олжамен оралатын. Анам Секербала «Атам соғысқа дейінгі қиын-қыстау кезеңде ел-жұрттың басына түскен ауртпалықты халықпен бірге көріп, ашаршылық жылдары қолына қару алып, аң аулап, туған-туысы мен ауылдастарының аштықтан аман қалуына бірден-бір себепкер болған» деп үнемі айтып отырады.
Атамның құралайды көзге атқан мерген екеніне бала күнімде көз жеткізгенім бар. Мектеп табалдырығын аттамаған кезім еді. Әкем Мейрамбек «Ақкөл» кеңшарында саулық қой бағатын. Біздің жайлау биік төбенің етегінде орналасқан. Ал биік төбенің келесі бетінде үлкен айдын көл болды. Қолына аңшылық мылтық ұстаған адамдардың бәрі сол көлді жағалап, үйрек атып жүретін. Бір күні мен және інім Болатбек екеуміз әлгі төбенің басында ойнап отырдық. Сәлден кейін жан-жағыма көз жүгіртіп қарасам, атам есегіне мініп, қолына мылтығын алып, көл жағасына бара жатқанын аңғарып қалдым. Көл жағасына жеткен соң есегін байлап, қалың қамыстың ішіне кіріп кетті. Сол сәтте үш үйрек қатарласа ұшып, атам жасырынып отырған жерге тұспа-тұс келгендей болды.
Алғашқы мылтық атылғанда үш үйректің екеуі төмен құлап, тірі қалған үйрек қанаттарын жылдам қағып, онан әрмен биікке көтеріле бастады. Екінші рет мылтық атылғанда ол үйректе төмен қарай құлдилай жөнелді. Көп ұзамай атам олжасын қанжығасына байлап, үйге оралды. Көл жағасында жүрген аңшылар келесі күні атамның мергендігіне тамсанып, «Қарияны үйректер танып алған ғой» деп әзілдесіп жатты. Олардың олай деп айтатын себебі, мылтық асынып күні бойы көл жағасында жүрсе де, кеш батқанша екі-үш қана үйрек атып алатын. Ал атам жарты сағат ішінде олжалы болды.
Соғыстан кейінгі жылдары атамыз өңірдің мал шаруашылығын өркендету жолында еселі еңбек сіңірді. Зейнеткерлік жаста жүрсе де, шаруашылықтан еш қол үзбей, ұлы Мейрамбектің озат шопан болуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Атамның ерекше қасиеттерінің бірі – ел алдында көкірек керіп, ауыздыға сөз бермей сөйлейтін, мақтаншақ адамдарды ұнатпайтыны. Қарапайымдылығы болар, қан майданның ортасында жүріп, елге ауыр жарақатпен оралса да, Отан қорғау жолында көрсеткен ерліктерін еш міндетсінбей, өмірден өтті.
Алапат соғысқа қатысып, ауыр жарақат алып, елге аман-есен оралғаны – бүгінгі ұрпағы үшін үлкен олжа. Менің атам кеудесін оққа төсеп, бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан қаһарман деп мақтана аламын. Иә, фашистік Германияны өз ұясында талқандаған аға буын өкілдері, яғни аталарымыздың барлығы да біз үшін қаһарман!
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
Балқаш ауданы