Сталиндік құғын-сүргіннің зардабын тартқандардың бірі – Бибайдың әулеті еді. Бибай мен зайыбы Тобажаннан Бошанбек, Арынбек, Керімжан, Омар, Оспан (Өшкел атанып кеткен) бес ұл тарайды. Сол аласапыран жылдары «Бұлар Қойайдар болыстың ұрпағы, Кеңес өкіметіне жау» деп үкім шығарып, 1929 жылы Арынбек пен Өшкелді он жылға соттап жібереді.
Айдауда кетіп бара жатып көп адам, аштықтан, ауру-сырқаудан жол азабын көтере алмай қайтыс болады. Түрмеде 1938 жылға дейін отырып, мыңдаған адамның ішінен 60 тұтқын босап шығады. Өшкел отбасын сағынып, туған ауылы Қырбалтабайға келсе, үлкен бауыры Бошанбек қана қалыпты. Ал Арынбектен еш хабар жоқ. Керімжанның әйелі жолаушылап Қырбалтабайдан Төңкеріске барған жерінде қызыл әскерлердің бірі оны танып, ұрып-соғып, жауап алған. Азапқа шыдамаған ол сол жерде жан тапсырған. Әйелінің мәйітін түрмеден алып, жер қойнына берген Керімжан мен Омар тұрмыс қиыншылығы салдарынан сал болып ауырған шешесін арқалап, бас сауғалап Қытайға өтеді. Қақаған қыста Омардың баласы ауырып, жолда қайтыс болады. Жерлейін десе, топырақ тоң болып қатып қалған. Амалсыз бір талдың бұтағына іліп кетіпті.
Өшкел де олардың артынан барады. Шешесі үш жыл бұрын қайтыс болған екен. Бауырлары ел қатарлы тірлік етіп жүр екен. Бірер жылда жер сатып алып, Өшкелдің де тұрмысы түзеледі. Кейін Рысжан деген қызбен танысып, екеуі үйленеді. Екі ұл мен бір қыз дүниеге келеді.
Рысжан Тұрғынбайқызы 1920 жылы бұрыңғы Шелек ауданы Масақ ауылында туған. Тұрғынбайдан Рысалды, Бекетай, Рысжан, Рысбүбі және бір ұл болған. Ұжымдастыру науқанында халықтың бар малын тартып алып, көнбегендерін қатаң жазалау басталған. Тұрғынбайдың бір інісі қорлыққа шыдамай бас сауғалап Қытайға өтіп кетіпті. Қызыл жендеттер Тұрғынбайға: «Кеңес өкіметіне қарсы шыққан ініңді тауып бер? Ол тыңшы, сатқынның көзін құрту керек» деп үйін тінтіп, астаң-кестеңін шығарады. Бір бұрышта нәресте жатқан бесікті де лақтырғанда, бала шетінеп кетеді. Анасы Рысжанды төңкеріліп жатқан қазанның астына жасырып үлгереді. Ал Рысалды мен Рысбүбіні тоғай жаққа жан сауғалап қашқанда, артынан әскерлер қуып жетіп, қорлап өлтіреді. Бұл жағдайды Қытайдағы інісі естіп, жасырын келіп, Рысжан мен Бекетайды атқа мінгестіріп, алып кетеді. Кейін Рысжан бойжетіп, Оспанға тұрмысқа шығады.
Қытай мен Кеңес одағы арасында қарым-қатынас жақсарып, арғы бетке еріксіз өтіп кеткен қазақтар атажұртқа орала бастады. Сол көшке ілесіп, 1958 жылы Қырбалтабай ауылы Түрген кеңшарына Өшкел отбасымен көшіп келеді.
1929 жылы Арынбек пен Өшкел Сібірге айдалып кеткенде Арынбектің болашақ жұбайы Әйнек сол әулеттің мал-жанына бас-көз болып қалыпты. Керімжан мен Омар да Қытайға кетуге бел буғанда, бірді-екілі малдарын осы Әйнекке табыстап кеткен екен. Кейін ол Арынбекке үйленеді.
Әйнек Бибаева (суретте) 1890 жылы Асы ауылында туған. 1930 жылдан Шелек ауданының «Гигант» ұжымшарында еңбек ете бастайды. Кейін «Түрген» кеңшарында аға шопан болады. Әйнек соғыс жылдарында ауылдағы әйелдердің басын қосып жүн иіріп, шұлық, қолғап, басқа да киімдер тоқып, майданға жіберіп отырған. Ұлдары Әліпбай мен Тұрсынбай соғысқа аттанып, хабарсыз кетеді. Кенже ұлы Қуандық аман-есен ауылға оралады.
Әйнек Бибаева Қырбалтабай ауылында маңдай терін төгіп, жұмыс істегенінің арқасында есімі елге әйгіленді. Жұмыс істеген 18 жыл ішінде 12 мың қой өсіреді. 1947 жылы отарындағы 550 саулықтың жүзінен 127 қозы алады. Осы жанкештілік еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атанады. Өмірінің соңғы күніне дейін (1955 жылы қайтыс болды) ауыл шаруашылығын өркендету үшін күш-жігерін аямады.
Ал Өшкел Бибаев кеңшардағы озат шопандардың бірі болды. «Құрмет грамотасын» алды. Сөйтіп, қилы заманның қиын кезеңдері де артта қалып, еңбегімен абыройға бөленген Өшкел мен Рысжан 1974 жылы Қорам ауылына көшіп келіп, біржолата қоныстанып қалды.
Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
Еңбекшіқазақ ауданы