Жамбыл ауданы Қарғалы ауылы маңындағы «Еліксай» этнодемалыс аймағында жастар мен ересектер арасында дәстүрлі садақ атудан Құнанбай қажыны еске алуға арналған 3D халықаралық турнирі өтті. Аталған жарысқа еліміздің бірнеше облысынан және Қырғызстаннан садақшылар жиналды.
Турнирдің салтанатты ашылуында арнайы жабдықталған садақ ату алаңында спортшылар сап түзеді. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысушыларға құттықтау лебізін білдірді:
– Жамбыл ауданы – қазақы қаймағы бұзылмаған, бақ дарыған киелі мекен. Ежелгі әскери өнеріміздің бір бөлшегі саналатын садақ атудың асқан шеберлері бір замандарда осы өңірде де болған. Садақпен ата-бабамыз елін жаудан қорғады, ұрпағына ептілік пен ерлікті дарытты. Асыл өнерімізді бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырмай, қайта жаңғыртып, халықаралық жарыс деңгейіне шығарып отырғаны қуантады. Бүгінгі жарыс – достық пен ынтымақтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуге жол ашады. Жебе тартқан қолдарыңыз қуатты, көздеріңіз қырағы болсын! – деді Нұрлан Ертасұлы.
Алматы облыстық «Мергендер ордасы» федерациясының басшысы, дәстүрлі садақ атудан республикалық дәрежедегі бас төреші Мұхтархан Абаған өз сөзінде аталған қоғамдық бірлестіктің тіркелгеніне үш жыл ғана болғанымен, қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Осы уақытта өңір садақшылары шетелге танылып, байрақты бәсекеде алда келеді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында өздерінің мықтылығын тағы да байқатты. Ол осы орайда облыс әкімдігіне, спорт басқармасына дәстүрлі садақ атуға көңіл бөлгені үшін ризашылық білдірді. Оның айтуынша, қазір елімізде 6 мың садақшы бар.
Бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, қырғызстандық спортшылардың атынан садақ атудан әлем чемпионы Қуан Мырза, өңірдің Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев, көрермендер арасынан Нұрлан Ысқақов спортшыларға сәттілік тіледі.
Сабыр мен төзімді, шеберлік пен зейінді талап ететін мергендер бәсекесі екі күнге созылды. Ұлттық киімдегі садақшылар алғашқы кезеңде қаз-қатар орнатылған қалқан нысанасын 50 метрден көздеді. Олардың әрқайсысы 9 оқтан 7 дүркін садақ тартып, ұпай жинады. Жарысқа қатысқан 80 садақшының ішінде ерлермен қатар 20 әйел спортшы болды. Жарыс қорытындысы бойынша, құралайды көзге атқан мергендер анықталып, қалқан нысанасы бойынша 1-орынды Алматы облысынан Шыңғыс Мейрамбеков жеңіп алса, 2 және 3-орындарға қырғыз садақшылары табан тіреді. Ал екінші кезеңде 3D бойынша аң мүсіні іспетті нысаналар атылды. Мұндағы жүлделі орындардың барлығын Қырғызстан спортшылары алып кетті.
Жарысқа республикалық «Садақ ату» федерациясының Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы аймақтық филиалының директоры, спорт шебері, садақ атудан республикалық дәрежедегі төреші Жұмағазы Мұхаметжанов бас төрелік етті. Ол бұл жарыс дәстүрге енгізілсе деген тілегін білдірді. Айтуынша, екі кезеңде ұйымдастырылған бәсекенің өз ерекшелігі бар. Өйткені 3D нысанасын ату түрі еліміздің садақ ату сайысында алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл жаңашылдықты әрі қарай жалғастырып, келесі жылы қатысушы мемлекеттер қатарын көбейтe керек дейді. Өйткені біздегі табиғат аясы спорттық туризмді дамытуға өте қолайлы.
Айтса айтқандай, мұндай сайыста тек спорт дамымайды, онымен қоса қазақтың рухы жаңғырып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік артады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы