Жамбыл ауданынан Ұлы Отан соғысына 5800-ден астам адам аттанып, оның жартысынан көбі майдан даласында қаза тапқан. Сол боздақтарға арналған Ұзынағаш ауылындағы еңселі ескерткіш жанында 9 мамырда салтанатты шара өтті. Оған сұрапыл соғыстың осы аудандағы соңғы сарбазы Федор Ковалев те қатысып, мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Жиында аудан әкімі Нұрлан Ертас көпшілікті мерекемен құттықтады.
– 9 мамыр – жанқиярлық ерліктің, елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өсіп-өркендеуі де ұлы Жеңістің арқасы. Бүгінгі ұрпақ ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейтіні анық. Жеңістің уақыт өткен сайын бағасы арта түсетініне сеніміміз мол. Дана халқымызда «Ерлік білекте емес, жүректе» деген қанатты сөз бар. Кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір азамат өз еліне адал қызмет етіп, оны көзінің қарашығындай сақтауы тиіс.
Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды мамыр айындағы маңызы зор қос мерекемен шын жүректен құттықтаймын! От пен оқтың ортасында етігімен саз кешіп, Отанымызды жаудан азат еткен жауынгерлердің асқақ рухы жас ұрпақтың жадында мәңгі жаңғыра бермек. Осынау айтулы мерекеде отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін! – деді.
Аудан прокуроры Аңсаған Жеткенгенұлы да ардагерлерге ізгі тілегін білдірді.
Жиынға қатысқан жұртшылық ел қорғаған батырлардың даңқты жолына тағзым етті. Бұл өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырларға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі болды. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, көрерменге сахналық қойылым ұсынды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы