Қарқара ауылдық Мәдениет үйінде Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Сен мамандық таңдадың ба?» тақырыбында 9-10 сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру сағаты өтті. Шараның мақсаты – оқушыларға өзінің қабілетін, белгілі бір кәсіптік салаға бейімділігін анықтауына, соның негізінде мамандықты дұрыс таңдауына көмек беру.
Кәсіби бағдар беруге аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы, Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, ғалым, фотожурналист Асылхан Әбдірайым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, өнертанушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, кәсіби фотосуретші Оңғарбек Алхаров, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлы, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Асанұлы және Шырғанақ, Бөлексаз, Кеген, Жалаулы, Тасашы ауылдарынан келген мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
– Фотоөнерге қатысты кітабымызды шығарып, ел тарихын естелік қылып қалдыруға қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бірақ, бүгінгі келіп отырған мақсатымыз шеберлік дәрісін оқи отырып, болашақта біздің ісімізді жалғастыратын жастарды табу. Егер фотоөнерге қызықсаңыздар осы саланы оқып үйренуге мүмкіндік ашатын арнайы колледж бен өнер академиясы бар, – деді Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым.
Келесі кезекте сөз алған Сағатбек Медеубекұлы қасиетті Қарқара төсінде тарихи оқиғалардың көп болғанын айта келіп, оны тек қана жазып емес бейнелеп, фотосурет арқылы таңбалау үлкен өнер екеніне тоқталды. Осы орайда зор еңбек сіңіріп жүрген Асылхан Әбдірайымұлы тек белгілі фотожурналист қана емес, қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде дәріс оқитын ұстаз, ғалым әрі Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті екенін жеткізді. Қас-қағым сәтті әдемі һәм сапалы түсіріп, әлемге әйгілеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін тілге тиек етті. Қаламгер ауылдық кітапханаға біршама кітаптар мен «Ереуілтөбе» картинасын сыйға тарту етті.
Шара барысында сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Дәурен Мақсұтханұлы:
– Журналистика факультеті, оның ішінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы бойынша айтқым келеді. Дизайн, медиадизайн, фотоөнерге байланысты пәндерден қазақ және орыс тілдерінде сабақ беремін. Араларыңызда аталған мамандықтар бойынша алдағы уақытта оқуға түсемін, осы саланың маманы боламын дегендеріңіз болса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келсеңіздер болады, ؘ– дей келе оқушыларға цифрлық драматургия, фото ісі пәндері туралы айтып, кафедра жайында мәліметтер таратып, шығармашылық бағыттағы емтихандарды қалай тапсыруға болатынын түсіндірді.
Бұдан соң, фотография бойынша арнайы шеберлік сағатын өткізген кәсіби фотосуретші Оңғарбек Алхаров өзінің шығармашылық жолы жайлы, өзі дәріс беретін Алматы қаласындағы «Принтмедиа технологиялар» колледжімен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытылатын фотография пәндері жайлы және жалпы фотосуретші болу үшін не істеп, қандай білім алу керектігі жайында сөз қозғады. Оқушылар арасынан ниет білдіргендерді сахнаға шақырып, фотосуретке қалай түсіру қажеттігін көрсетті.
Мамандық таңдауға септігін тигізетін бұл кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, ең қызықты да мәнді сұрақ қойған оқушыларға «Фотоөнер» бірлестігінің мүшелері жарық көрген еңбектерін естелікке ұсынды. Осылайша, Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің өңірде өткізген алғашқы шеберлік сағаты сәтті өтіп, дизайнерлікке бейім һәм фотографияға жаны әуес, журналистикаға құштар, «қай мамандықты таңдасам?» деп алаң көңілде жүрген жастар үшін үлкен шығармашылық бағыт-бағдар болды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы