Кеңес одағында Екінші дүниежүзілік соғыстың қаралы таңбасы басылмаған отбасы қалмады. Лаулаған от пен бораған оқтың арасында миллиондаған боздақтардың өмірі қиылды. Қазақстанда да майданға аттанып, із-түзсіз жоғалған, артынан «қара қағаз» келген жандар қаншама? Тек бірлі-жарым ғана жауынгер туған жерімен қайта қауышты. Оның ішінде жарақат алып, тән жарасына жан жарасы қосылып, мүгедек болғандары ше? Өте көп. Сол сұрапыл соғыстан елге аман оралған майдангерлердің бірі – Алим Кебиров. Бүгінде 102 жасқа аяқ басқан Алим ата – Қарадала өңіріндегі жалғыз көзі тірі жауынгер.
Алим Кебиров 1924 жылы 1 қаңтарда Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында дүниеге келген. Өз қатарластарымен осы елдімекенде мектеп табалдырығын аттайды. Бастауыш сыныпта білім алады. Белі қатпай жатып еңбекке жастай араласты. 1942 жылы ол да соғысқа аттанады. Ақпан айында Жаркенттегі әскери комиссариатқа шақыртылады. Қақаған қыстың суығында Жаркенттен Сарыөзекке дейін 120 сарбаз жаяу-жалпы, арбамен жетеді. Әскери дайындықтан өткен соң Алим Кебиров 1-Белорусь майданына жөнелтіледі. Жау қолында қалған жерлерді азат ету ұрыстарына қатысады. Солардың бірінде жарақат алып, дала госпиталінде ем қабылдайды. Әрине, небәрі 18 жастағы Алим үшін қан суша аққан ұрыс даласында болу оңайға соқпайды. Бірақ елін, жерін қорғау азамат ретіндегі борышы болғандықтан, бар күш-жігерін салады. Қайта сапқа тұрады. Енді ол Украина майданында неміс басқыншыларына қарсы күреседі. Ондағы қалалар мен ауылдарды жау қолынан қайтару үшін болған талай шайқастың бел ортасында жүреді. Львов қаласын дұшпаннан тазалау кезінде сол аяғынан оқ тиіп, тағы да госпитальға түседі. Бұдан соң әскери комиссариаттың шешімімен соғысқа жарамсыз болып, туған жеріне оралады. Бұл 1944 жылдың наурыз айы болатын. Соғыс жылдары «Ұлы Отан Соғысының І дәрежелі ордені» мен «Украинаның Львов қаласын азат еткені үшін» және басқа да медальдармен марапатталады.
Жастық жігерін жауға қарсы бағыттаған Алим Кебиров Дардамты ауылдық кеңесінде, одан соң Карл Маркс атындағы ұжымшарда жеті жылдай салық инспекторы, бригадир, мал фермасының меңгерушісі сияқты қызметтерді атқарды. 1980 жылы А.Розыбақиев атындағы кеңшарға, қазіргі Бахар ауылына көшіп келіп, сонда тұрақтап қалады. Зайыбы Модәнгүл Варисовамен 8 баланы дүниеге әкеледі. Бүгінде Алим Кебиров – 27 немере, 68 шөбере, 2 шөпшек сүйген бақытты ата. Бірақ қуаныш пен қайғының қатар келетіні сияқты 4 баласын жер қойнына тапсырды. Ата-анаға баласының қазасынан артық ауыр дүние жоқ. Ашаршылықта азбаған, соғысты көріп тозбаған жан бұл сынақта да сынбады. Тек өзге балаларының амандығын тілеп, ғұмыр кешуде.
Қарияның қамқорлығы ұлы Талғат пен келіні Халиманың мойнында. Екеуі де аталап айналып, толғанып отыр. Немерелері де жанынан қалмайды. Әлі күнге дейін ширақ қимылдап, ұлағатты әңгімесін ұрпағына айтудан жалықпайды. «Осы отбасына келін болып түскеніме 35 жыл болыпты. Екі қызым бой жетті. Қазір бізбен бірге тұратын ұлым Арман атасының қолғанаты. Атамыз әулетіміздің мақтанышы, берекесі, қазынасы. Бізге батасын беріп, алғысын айтып отырғанының өзі ғанибет! – деп ағынан жарылды келіні Халима Амулова.
Иә, алапат майданда жігерін құм етпеген, өлімге бас тіксе де шегініп кетпеген, еңбектен қол үзбеген, бақытын тек бейбіт күннен іздеген Алим қария ғасыр-ғұмырында талай қиындық көрсе де, сағы сынбаған жан. Бірақ соғыс салған жараның табы жүзінде емес, жүрегінде қалған. Оны әр айтқан әңгімесінде көз жанарынан анық байқай аласыз.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы