Ата-бабаларымыздың көне дәуірден бері келе жатқан жәдігерлеріне көздің қарашығындай қарап, қастерлеуге қазіргі таңда айрықша көңіл бөлінуде. Бұл – ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет пен жанашырлықтың, мәдениет пен руханиятқа деген бетбұрыстың көрінісі. Оны халықтың асыл мұрамызға деген шексіз сүйіспеншілігінен байқауға болады.
Қаскелең қаласының үстіндегі күрежолдың сол қапталындағы жан-жағы жайқалған жасыл шалғынмен және еңселі тал-теректермен көмкерілген сәнді де сәулетті ғимараттарға қарай ағылып жататын халықта толас жоқ. Ол тегін емес. Мұнда қатарласа «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейі орналасқан. Осынау атауларға ие болған киелі де қасиетті орындарды халық бүгінгі күні бірауыздан мұражай деп атайды.
Осынау мекенжайға күні кеше Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы мен «Асыл ана» ұйымының мүшелері келіп, көңілдері көкке жеткендей болды. «Батыр бабалар» мұражайындағы жәдігерлермен танысу барысында таң-тамаша қалдырарлықтай жайттар жетерлік екенін байқадық. Ұқыптылықпен, құнттылықпен реттеліп қойылған жәдігерлердің шертер сыры көп.
Бұл жағынан он жылдан бері халыққа түсініктеме жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тарихшы, ғылыми қызметкер Нұрқожа Қыдырбаевтың айтары аз емес. Ол мұндағы ұсақ-түйектерге дейін жеріне жеткізіп, көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға, жан жадыратарлық жауабымен көпшіліктің көңілін тауып жүр. Расында да, кітаптардан оқып, сырттай ғана қызықтап жүрген бұл құндылықтарды көзбен көру бір ғанибет.
Көпшіліктің келесі бас сұққаны – «Анаға құрмет» мұражайы. Екі қабатты ғимарат іші көздің жауын алардай жәдігерлермен самсап тұр. Алғашқы танымдық танысу есігі айқара ашық тұрған киіз үйдің ішкі жасау-жабдықтарынан басталды. Мәні мен мазмұнына қарай жинақталған жәдігерлер жайлы Жанат Ерінбетқызы жан-жақты айтып берді.
Мұражайдың екінші қабаты да тап-тұйнақтай жинақылығымен бірден назар аударады. Қабырғаларға қазақтың бетке ұстар әйел-аналарының бейнелері орналастырылыпты. Сол сияқты олардың тірі кезінде пайдаланған киімдері мен тұрмыстық заттары да қойылған. Арнайы келген адамдар қай жағынан болсын толығынан мағлұмат алуына мүмкіндік мол. Қос мұражай қызметкерлеріне Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов пен «Асыл аналар» ұйымының төрағасы Ұлтай Амангелдіқызы көпшіліктің атынан ақ ниеті мен алғысын білдірді.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қарасай ауданы