-13 °c
Qonaev
Monday, June 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қазақ метросының қара нары

    15.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Инфрақұрылым
    Қазақ метросының қара нары
    0
    SHARES
    93
    VIEWS

    2024 жылдың желтоқсан айындағы есеп бойынша әлемнің 63 еліндегі 204 қалада 222 метро жүйесі істейді екен. Соның бірі 2011 жылдың 1 желтоқсан күні ашылған, Орта Азиядағы ірі метрополитеннің бірі – Алматы метросы.  Құрылысы 1988 жылдың 7 қыркүйегінде басталған Алматы метросында бүгінде 11 станса жұмыс істейді. Халық игілігіне қызмет етіп жатқан метро жүйесінің басында жастық қайратын осы құрылысқа арнаған, елі үшін маңдай терін төгіп аянбай еңбек еткен азаматтар тұр. Соның бірі – Базарбай Самаликов. Ол – Алматы метросындағы 11 стансаның барлығының қазіргі деңгейге жетуіне білек күшін жұмсаған қайраткер құрылысшы.

    Базарбай Байгөбекұлы 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Қаратау өңірінде, Бозбұтақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Байгөбек ақсақалдың шаңырағындағы алты ұлдың барлығы еңбекқор болып ержетіп, жоғары білім алып шықты. Бүгінде әрқайсысы өз кәсібінің білікті маманы. 1971 жылы Шорнақ ауылындағы №5 мектеп-интернатты үздік бітірген Базарбайға директор Нұртай Сарбасов Түркістандағы педучилищеде оқуға кеңес береді. «Емтихансыз қабылданасың әрі мықты педагог болып шығасың» деп ақыл айтады. Бірақ Базарбайдың арманы – Алматыда білім алып, сара жолды архитектор болу еді.

    1971 жылы Кентау қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданған Базарбай бұл оқу орнын 1973 жылы бітіреді. Мектеп аттестатын қолына ұстаған жас жігіт арман қала Алматыға келіп, Қазақ политехникалық институтына құжаттарын тапсырады. Бір орынға 25 абитуриенттен келген үлкен байқауда бозбаланың балы жетпей, комиссия Өскемен қаласына жолдама береді. Бірақ өмірлік мақсатына қалай да жетуді ойлаған Базарбай Байгөбекұлы өзге аймаққа барудан бас тартады. Оның бар тілегі – Алматыны көркейту ісіне үлес қосу болды. Бас қаладағы жоғары оқу орнына түсе алмаса да болашақта әйтеуір бір күні Алматыға оралатынын білген қайсар жігіт ауылға қайтып, шаруашылықта еңбек етеді.  1974-1976 жылдары әскери борышын өтеген соң Алматыға қайта келеді. Сөйтіп 1977 жылы Қазақ политехникалық институтына құжатын тапсырады. Бұл жолы Базарбайдың бағы жанып, Кенді жабық қазу технологиясы және комплексті механизацияландыру (тау инженері) мамандығы мойынша студент атанады.

    Базарбай Байгөбекұлы ғылым-білімге деген құлшынысымен, еңбекқорлығымен ғалым-ұстаздардың көзіне түседі. Жоғары оқу орнының мұғалімдері бастаған инженерлік, ғылыми жобаларға да жаспын демей атсалысады. Институттың ғылыми жұмыстарының ілгерілеуіне студент кезінен белсене кірісіп, күрделі инженерлік сызбаларды қағазға түсіру, ғылыми жобаларды тиянақтау тәрізді жұмыстарда белсенділік танытады. Базарбай Байгөбекұлы сияқты қабілетті, дарынды шәкірттің болғанына  ұстаздары да қуанады.

    1982 жылы жоғары оқу орнын үздік бітірген соң жолдама бойынша Жезқазған облысының Сәтпаев қаласында кәсіби еңбек жолын бастайды. «Үлкен өндіріс, алып шахталар, мыңдаған адам…» деп еске алады сол кезді инженер. Жезқазғанда қызметін кіші мастерден бастаған Базарбай Байгөбекұлы 7-8 жыл ішінде жоғары дәрежеге, яғни шахтаның бас инженері, шахта басшысы дәрежесіне жетеді. «Жас маман ретінде, жалпы алдағы өміріме жолдама берген Жезқазғанды ешқашан ұмытпаймын» дейді ол.

    1988 жылы күзде тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия аймағындағы маңызы зор қала саналатын Алматыда метро құрлысы басталады. Онда еңбек етуге лайықты мықты мамандарды іріктеу үшін бүкіл Кеңес одағы бойынша байқау жарияланады. 1989 жылдың басында жарияланған байқауда Базарбай Самаликов жеңімпаз деп танылып, Алматыдағы метро құрылысында еңбек етуге шақырту алады. «Менің қуанышымда шек болмады. Жұмысымды учаске шебері ретінде бастадым. Метро құрылысы басталғанда БАМ-нан, Новосибирск қаласынан келген орыс ағайындар көп еді» деп, еске алады тарихи кезеңді Базарбай Байгөбекұлы. Осы метро құрылысының алдыңғы тобындағы ұлттық кадр,  тұңғыш қазақ  баласы  Базарбай Самаликов болатын.

    Жарты жыл өткенде ол арнайы жолдамамен Мәскеу қаласына оқуға барады. Онда құрылыс-архитектура саласы бойынша алты ай бойы білім мен тәжірибе жинақтап, метро құрылысы тақырыбында диплом қорғайды. Алматыға оралған Базарбай Самаликов сол кездегі әкім Заманбек Нұрқаділовтың нұсқауымен үлкен учаскенің басшысы болып тағайындалады. Осылайша «Алатау» стансасын салуды бастайды. 1990 жылдары метро құрылысы тоқтап қалған кезең де болған. Қашанда сеніп тапсырылған істі абыроймен атқаруды өзіне парыз санайтын ер мінезді Базарбай ердің жүгін үлкен азаматтық, ақыл-парасатпен көтере білді. Ол метро құрылысына тапжылмастан отыз жыл бойы қызмет етті. Оның қажырлы еңбегі мен ар-намысты қашанда жоғары қоятын биік парасатының арқасында метро жұмысы жүйелі түрде жүріп отырды. Базарбай Байгөбекұлы сияқты азаматтардың метроның азапты жұмысын қара нардай көтеріп, талмай еңбектенуінің арқасында Алматыда тоғыз станса толықтай салынып бітті. Метроның бас директорының орынбасары, №2 тоннель отряды басшылығынан дербес демалысқа шыққан Базарбай Самаликов кәсіби тәжірибесін жас мамандарға үйретуден аянған емес. Оның тікелей қолдауымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ге жуық қазақ жастары метро құрылысына тартылып, білікті маман атанды.

    Базарбай Байгөбекұлының метроға сіңірген еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» құрмет белгісі, «Алматы метро құрылысына – 30 жыл» медалі, Алматы метрополитен құрылысына қосқан мол үлесі үшін әкім А.Есімовтің Құрмет грамотасымен марапатталды. Инженер-құрылысшы Президентпен бес мәрте кездескен. Ел басшысы метроға келгенде Базарбай Байгөбекұлының қолын алып, құрылыс жұмысына жоғары баға берген.

    Қызығынан гөрі қиындығы көп, адамның қуат-қайратымен қоса физикалық денсаулығына да өз ізін қалдыратын метро құрылысы деген ауыр салада барынша адал еңбек еткен азаматтардың еңбегінің игілігін бүгінде халық көруде. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, 2019 жылы Түркістандағы Қ.Рысбеков атындағы мектептің 60 жылдығы мерейтойына орай, аталған білім ордасында Базарбай Самаликов атындағы мультимедия кабинеті ашылды. Мұнда қайраткер құрылысшының метро саласында еңбек еткен жылдардағы кәсіби өмірін бейнелейтін тарихи материалдар қойылған.

    Базарбай Самаликов үлгілі отбасының тірегі, жары екеуі ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Өзі тау-кен инженері болғанымен, өнерге өте жақын. Қазақтың ұлттық мәдениетін қолдау іс-шараларының басы-қасында жүрген азамат туған ауылын көркейту ісіне де үлкен үлес қосуда.

    Білімі мен күш-қуатын халық игілігіне арнаған өнегелі өмір иесі бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. «Алпыс – нәресте жасы, ал жетпіс – жеткіншек ұлдың жасы» дейді жапондар. Мен Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық университетінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Есік қорғанынан шыққан Алтын адамның күміс зереншедегі жазуларының шифрын ашқан жаратылыстанушы ғалым, анам Мағрипа Жылқыбаеваның үздік шәкірті ғана емес, туған інісіндей болған Базарбай ағаны бала күнімнен білемін. Сонау 1980 жылдардың соңы, 1990 жылдардың бас кезінде анам Жазушылар одағындағы ақын-жазушыларды шақырып, студенттерінен бастап профессорларына дейін түгел орысша сөйлейтін политехникалық университетте әдеби-танымдық кештер ұйымдастыратын. Базарбай аға ұстазын қолдап, сондай рухани жиындардың басы-қасында жүретін. Заман қалай құбылса да ер мінезділігімен қоса ақкөңіл, адал болмысынан айнымаған ағамызды алыстағы жапон елінде жүрсек те ұмытпаймыз. Жастарға қамқоршы, елге тірек болып отырған осындай азаматтардың арқасында қазақ елі көркейе бермек.

    Шарафат Жылқыбаева,

    Евразия Жазушылар одағының мүшесі

    Ұсынымдар

    КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

    КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

    5 months ago
    Баскетбол чемпионатының жартылай финалы аяқталды

    Баскетбол чемпионатының жартылай финалы аяқталды

    7 months ago
    Жеке медициналық кітапшалар енді HR Enbek порталында онлайн режимінде қолжетімді

    Жеке медициналық кітапшалар енді HR Enbek порталында онлайн режимінде қолжетімді

    4 months ago
    Қауіпсіз жол кепілі

    Қауіпсіз жол кепілі

    5 months ago
    Қонаевта жаңа жағажай қолданысқа берілді

    Қонаевта жаңа жағажай қолданысқа берілді

    12 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>