Мәліметке сүйенсек, биыл 1-11-сынып аралығында 12558 оқушы мектепті аяқтайды. Оның ішінде:
1. Жалпы білім беру мекемелерінің жанынан 14 алаң құрылады. Бұл лагерьде 10483 бала демалады. Лагерь аптасына 5 күн таңғы 9.00-12.00 аралығында жұмыс істейді.
2. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» жобасы бойынша 5-8 сыныптан 50 оқушыны лагерьге жіберу жоспарлануда.
3. Сондай-ақ жалпыға бірдей білім беру қорының қаражатына 175 бала жазғы демалыспен қамтылады.
«Лагерьлерге ең бірінші кезекте жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан, ерекше оқытуды қажет ететін балалар жіберіледі», – делінген ақпаратта.
Аталғандардан бөлек, Алматы облысының көрікті жерлеріне 2883 баланы экскурсияға жіберу жоспарланған. Ал жазғы мектеп пен тілдік мектепке 4840 оқушы барады.
Сонымен қатар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында арнайы әдістемелік жоспар әзірленді. Ол бойынша жазғы уақытта бірқатар жобалар жүзеге асырылып, экоакциялар, шеберханалар, науқандар мен тимбилдингтер ұйымдастырылады. Бұл шаралардың дені жол қауіпсіздік ережелерін сақтауға, табиғатты аялауға, еңбекке баулуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.