Қоғамның рухани бет-бейнесін айқындайтын басты көрсеткіш – тіл. Мен тіл жанашыры ретінде, жарнама мен көрнекі ақпарат құралдарында үнемі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейіне назар аударып келемін. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді де талдап, заңнамалық талаптар мен тіл мәдениеті тұрғысынан қате-кемшіліктердің себеп-салдарын да сараладым. Тіліміздің мәртебесін биіктету – бүгінгі емес, болашақтың да аманаты.
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…» деп хакім Абай айтқандай, тіл тазалығы – ұлт руханиятының өзегі, халық мәдениетінің мәйегі. Күнделікті өмірімізде көзге жиі түсетін жарнама, маңдайша, онлайн жазбалар – жай ғана ақпарат емес, тілдің қоғамдағы орнын айқындайтын көріністер. Сондықтан мен, тіл жанашыры ретінде, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен көрнекі ақпараттағы қолданысы жайлы өз толғанысымды ортаға салғым келеді.
Бүгінде ғылым мен технологияның қарыштап дамуы тілдік кеңістікке жаңа ұғымдарды енгізуде. Қай тілдің де даму заңдылығында термин қабылдау қалыпты құбылыс. Бірақ, мәселе – шет тілдік сөзді қалай қабылдап, қалай қолдануда. Қазіргі жарнама мәтіндерінде кездесетін ағылшыншаланған сөздер, орысша қалып кеткен атаулар, мағынасы бұрмаланған аудармалар тілге деген жауапсыздықты көрсетеді. Көшеде көз сүрінетін «арзан бағамен скидка», «скидка до 50% дейін», «открыто» секілді сөз тіркестері – заңнамаларымызға, ең бастысы, ұлттық намысымызға қайшы. Бұл – тек тілдік емес, идеологиялық мәселе. Себебі көрнекі ақпарат – ұлттың рухани айнасы. Көрнекі ақпарат пен жарнама тіліне байланысты нақты заңнамалық талаптар бар. Мәселен, 2003 жылғы «Жарнама туралы» заңда жарнама мәтіндерінің қазақ және орыс тілдерінде берілуі міндеттеледі. Сонымен қатар, 2023 жылғы 10 шілдеде қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн жарнама туралы» заңда да қазақ тіліне ерекше мән берілген. Онлайн жарнамалар мен платформалар интерфейсінің қазақ тілінде ұсынылуы заңдық нормаға айналды. Бұл – мемлекеттің тіл саясатының жаңаша бағыты.
Заңда жазылғанымен, күнделікті өмірде, әсіресе қала көшелерінде бұл талаптардың орындалмауы жиі ұшырасады. Бірі – техникалық қателік десе, енді бірі – немқұрайлылықтың салдарынан дейді. Қалай болғанда да, тілге құрмет – заңға құрмет. Заңды ескермеген – елдік ұстанымнан алыстайды. Осы орайда мен облыс жұртшылығы көшедегі қате жазуларға көз жұмбай, арнайы әлеуметтік желідегі парақша немесе Call-center арқылы шағым түсіре алатындай жүйе құрылуы керектігін айтқым келеді. Бұл – тіл тазалығына бірге үлес қосатын жаңа дәстүрдің бастауы болар еді. Қоғамның белсенділігімен мемлекеттік органдардың жауапкершілігі ұштасқанда ғана үлкен нәтиже болмақ. Біз ұсақ-түйек көрінетін бір қате маңдайшаның артында тұтас ұлттың мәдениеті тұрғанын естен шығармауымыз қажет. Ғаламтор дәуірінде онлайн жарнаманың үлесі айтарлықтай артты. Әлеуметтік желілер, мобильдік қосымшалар, таргет жарнамалар – бұлар енді тек коммерциялық құрал емес, идеологиялық арнаға айналды. Осы орайда мен бірқатар платформадағы қазақ тіліндегі интерфейстер мен жарнама контенттеріне талдау жасадым. Өкінішке қарай, кей қосымшаларда қазақша нұсқа мүлде жоқ, кейбірінде жарым-жарты аударма ғана бар. Ал заң бойынша, онлайн платформа иелері интерфейсті де, мазмұнды да қазақ тілінде ұсынуға міндетті. Онлайн контентті автоматты түрде қазақ тіліне аудару, модерациялау, пайдаланушымен келісім жасау – бұлар заң талабы ғана емес, тілге деген құрметтің көрсеткіші.
Қазақ тілі – халқымыздың рухани тұғыры, ұлттық болмысымыздың діңгегі. Осы орайда тілге деген ілтипат артып, көптеген іс-шаралар атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Дегенмен, жарнама мен көрнекі ақпарат құралдарындағы кемшіліктер, кей салалардағы қазақ тілінің көрінісі әлі де көңіл көншітпейді. Облысымыз бойынша жүргізілген зерделеу жұмысы нәтижесінде біз, тіл жанашырлары, көптеген олқылықты анықтадық. Қала көшелерінде орнатылған маңдайшалар мен жарнамаларда грамматикалық қателер, шеттілдік терминдердің орынсыз қолданылуы, мемлекеттік тілдегі мәтіннің дұрыс аударылмауы жиі кездеседі. Бұл тек тіл мәдениетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, заң талаптарының бұзылуына да жол ашады. Аталған мәселелер бойынша жергілікті билікпен, тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесе отырып, түсіндіру және ескерту жұмысын жүргіздік. Бірқатар жарнама иелері ескертуден кейін олқылықтарды түзетіп, мәтінді заң талаптарына сай қайта жазды. Дегенмен, ескертуді елемей, тіл нормаларын ескермеген кәсіп иелері де болды. Мұндай жағдайда, ҚР «Тілдер туралы» және «Жарнама туралы» заңдарына сәйкес әкімшілік шаралар қарастырылады. Тиісті орындар тарапынан айыппұл салу да заң шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселенің түпкі себебі тілге деген жауапкершіліктің әлсіздігі мен немқұрайлылықта деп ойлаймын. Біз бұл бағыттағы жұмысты бір жолғы науқанмен шектемейміз. Тіл тазалығы – ұлттың болашағы үшін жауапкершілік. Сондықтан әрбір азамат, әрбір кәсіп иесі жарнама жасағанда алдымен тілдің тазалығына, мағынасы мен сауаттылығына көңіл бөлуі тиіс. Бұл – тек заң талабы ғана емес, ұлт алдындағы парыз. Бүгінде қоғамда тілге деген сергек көзқарас қалыптасып келеді. Осы орайда тұрғындарды да белсенділікке шақырамын. Қала көшелерінде орын алған қателіктерді байқасаңыз, бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлап, мемлекеттік тіліміздің абыройын бірге қорғауға атсалысайық. Мемлекеттік тілдің мерейі – тек сөз жүзіндегі ұран емес. Бұл – нақты әрекет пен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Тіл – ұлттық бірегейліктің өзегі, халықтың болмыс-бітімі.
Көшелерімізде көркем жазылған, сауатты аударылған, жүрекке жылы тиетін жарнама көбейсе, ұлттық рух та асқақтайды.
Мейірман Сауранбеков