Биылғы жылдың 3 айлық қорытындысы бойынша облыстың мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 90 млрд теңгені құрап, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға артқан. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Олжас Молдатаев айтты.
Бүгінде облыстағы ірі қара мал саны 664,4 мың басқа, қой саны 2,47 млн басқа жеткен. Өңірде 7500-ден астам мал шаруашылығы саласындағы шаруашылық субъектілері жұмыс істейді. Баяндамашы осындай көрсеткіштерге қарамастан аталған салада бірқатар мәселелердің барын жасырмады.
– Қазіргі уақытта облыстың етті мал шаруашылығы саласында бірқатар мәселе орын алуда. Атап айтқанда, бордақылау алаңдары мен етті қайта өңдеу кәсіпорындары толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл саланың әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіруде. Облыста жалпы қуаттылығы 49,9 мың бас малды бордақылауға арналған 56 алаң бар. Қазір бұл алаңдардың жүктемесі 36 пайызды құрап, 18 мың бас мал бордақылануда. Бұл көрсеткіш ет өнімдерін өндіруді арттыру үшін резервтердің бар екенін көрсетеді. Аталған мәселенің басты себептері – айналым қаражатының жеткіліксіздігі мен бордақыланатын ірі қара малды сатып алуға арналған қолжетімді қаржыландыру көздерінің аздығы. Көптеген шаруашылықта кепіл мүлік тапшылығы мен жоғары коммерциялық несие мөлшерлемесі бордақылау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермей отыр. Ет өңдеу кәсіпорындары да осындай қиындықтарды бастан өткеруде. Қолданыстағы қайта өңдеу кәсіпорындарының басым бөлігі өніммен тұрақты түрде қамтамасыз етілмеген, нәтижесінде өндірістік қуаттың 30–40 пайызы ғана пайдаланылуда. Сонымен қатар, логистикалық тізбектің толық құрылмауы, мал тасымалдау шығындарының жоғары болуы және мал басының жетіспеушілігі де өнімді тиімді нарыққа шығару мүмкіндігін шектейді, – дейді Олжас Молдатаев.
Спикердің сөзінше, жоғарыдағы мәселелерді шешу мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық несие корпорациясы арқылы агроөнеркәсіптік жобаларға арналған жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарлама бордақылауға немесе қайта өңдеуге және ет өңдеу кәсіпорындарын техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған. Бағдарлама сәтті іске асқан жағдайда, қаржыландыру есебінен бордақыланатын мал басының саны қосымша 12 000 басқа көбейіп, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды. Бұл облыс бойынша өндірілетін сиыр мен қой еті көлемінің 4500 тоннаға артуына мүмкіндік береді.
Ерзат АСЫЛ