Жол мәселесі қашанда өзекті. Осы орайда облыс аумағындағы елдімекендер арасын жалғайтын және ауылдардың ішіндегі жолдардың ахуалы назардан тыс қалмақ емес. Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарынан келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, мұнда біршама жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Цифрлар сөйлеп-ақ тұр. Ал, шын мәніндегі ахуал қандай?
Райымбек ауданында былтырғы жылға жергілікті маңызы бар 29,5 шақырым, яғни маршруттық әдіспен 10,5 шақырым жолға орташа жөндеу, 19 шақырымға ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып, 984 330 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта 25,7 шақырым жолға асфальт салынған. Жалпы саны 9 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, Қарасаз ауылы көшелерінің 4,340 шақырымын, Сарыжаз ауылы көшелерінің 5,113 шақырымын орташа жөндеу қарастырылған. Ал Шалкөде ауылы көшелерінің 9,245 шақырымын, Қақпақ ауылының Боранбаев көшесінің 1 шақырымын, Көкбел ауылы көшелерінің 2,828 шақырымын, Тегістік ауылы көшелерінің 2,032 шақырымын, Текес ауылы көшелерінің 3,875 шақырымын маршруттық әдіспен жөндеу жоспарда бар. Сонымен қатар аудан көшелеріндегі жол шұңқырларын жамау қарастырылған. Биылғы жылға жергілікті маңызы бар 35 шақырым, атап айтқанда, маршруттық әдіспен 18,6 шақырым орташа жөндеу, 16,4 шақырым ағымдағы жөндеу жоспарланып, аталған мақсатқа 1 215 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта конкурс өткізілуде.
Ендігі кезекте Еңбекшіқазақ ауданы бойынша келіп түскен мәліметтерге көз жүгіртсек, өңірде жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 2348 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдар – 391 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 627,3 шақырым, ал аудандық маңызы бар жолдар 1330 және ішкі шаруашылық жолдар 206,8 шақырымды құрайды.
Биыл жол саласы бойынша ауданға 3 млрд 523 млн теңге бөлінген. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша жоспарланған 116,9 шақырымның 96 шақырымы жөнделді немесе жұмыс 82,1 пайызға атқарылды. Оның ішінде 57,2 шақырымға орташа жөндеу жоспарланған, бүгінгі күнге тиісті жұмыс толық аяқталды.
Ағымдағы жөндеу жұмысы бойынша 559 млн теңге қаражат қарастырылып, жалпы 8 елдімекенге қарасты (Ташкенсаз, Көктөбе, Ақбастау, Өрікті, Қаражота, Толқын, Шелек, Есік) 59,7 шақырымдық жол толығымен аяқталған. Сонымен қатар бүгінгі күнге Шелек ауылындағы Бижанов, Абай көшелеріне орташа жөндеу жұмысын жүргізу бойынша ұзындығы 3,5 шақырымдық жол мен 2,8 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынып бітті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 елдімекеннің (Саймасай, Аманкелді, Түрген, Өрікті, Қорам, Нұра, Достық, Сатай) жолдары жөнделген. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алмалы, Ащысай, Қаражота ауылдарындағы жаңа салынып жатқан білім ошақтарына кірмежол салынуда. Аталған 3 ауыл бойынша мердігер мекеме «Алматы жолдары» ЖШС Қаражота ауылындағы 700 метр жаяу жүргінші жолын салып, аяқтады. Ащысай ауылы бойынша 2 шақырымдық жолды жөндеу жоспарланып, қиыршық тас төсеу, негіздеме дайындау жұмысы жүргізілуде, алайда мектептің құрылысы биыл аяқталмауы салдарынан, жоба 2025 жылға ауысты.
Жол белгілері бойынша жалпы 550 белгі орнату жоспарланып, «САПА» ЖК тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде. Алайда дәл қазіргі уақытта аудан орталығы Есік қаласының ішінде бірде-бір жол жөнделіп жатқан жоқ. Абай, Мәлкеев, Алматы сынды орталық көшелердің, «Алтын адам» аллеясының жағдайы нашар деуге болады, біршама үлкен ойықтар бар. Орталық көше болған соң көлік нөпірі көп, жаман жолдан, ойықтан қашқан автокөліктер апатты жағдайға жиі ұшырайды.
Міне, басшылық алдындағы есепке қарасақ, жұмыс қайнап-ақ жатыр. Алайда нәтиже мүлдем басқаша. Айтпағымыз – жалпы облыстағы жолдардың сапасына егжей-тегжейлі мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер мен ақаулар жойылып, жауапты адамдардан есеп алынуы тиіс.
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ