Қазақта «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» деген тәмсіл бар. Айналаға зер салып, көз жіберетін болсаңыз, еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, көпшіліктің алғысын алған жандар көп. Солардың бірі – ауылдағы бюджет қорына салық түсімдерінің түсуі, халықтың құқықтық сауаттылығы мен салықтық мәдениетін арттыруда 37 жыл бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан салық қызметкері Катима Есімқызы.
Салық саласындағы түрлі өзгеріс пен жаңалықтарды көзімен көріп, әр жылдарда жаңадан енгізілген заңға сай жұмыс жүргізіп, мамандығының қыр-сырын түгел меңгерген білікті маман Катима Мұхамеджанова 1964 жылы 15 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Бауманская стансасында дүниеге келген. Әкесі Есім Мұхамеджанов аудандық газетте тілші, клуб меңгерушісі болса, анасы Күләмай Кабурова Көкшетау қаласындағы элеваторда жұмыс атқарды. Орта мектепті бітірген соң, 1986 жылы Щучье политехникумының бухгалтер бөліміне түсіп, толық курсын бітіріп шықты. Осы жылы жолдасы Темірғали Белгібаевпен отбасын құрып, Қарқара ауылына келін болып түсті.
1988 жылы Тасашы ауылындағы «Қазақ ССР-нің 50 жылдық атындағы» тәжірибе шаруашылығының құрылыс есепшісі ретінде еңбек жолын бастады. 1993-1996 жылдар аралығында аталмыш шаруашылықтың есеп айыру есепшісі, одан кейінгі жылдары осындағы материалдық бөлімде есепші, 1998-2003 жылдары «Шөладыр» қазынашылық кәсіпорнында есеп айыру есепшісі, 2003-2018 жылдары Райымбек ауданы Тасашы ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман-салық инспекторы болды. 2018 жылы мекеме атауының өзгеруіне байланысты Кеген ауданы Тасашы ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман-салық инспекторы қызметіне тағайындалып, күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келеді. Жолдасы Темірғали Белгібаев қырық жылға жуық орман шаруашылығы саласында қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікте. Отасқандарына 39 жыл болған үлгілі отбасы иелері үш ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Дамир Астана қаласында қоғамдық даму бірлестігінде қызмет атқарса, ортаншы ұлы Әмір – кәсіпкер. Кенше ұлы Абай заң мамандығы бойынша оқуын үздік бітіріп, аудандық прокуратурада қызмет істейді.
Уақытпен санаспай еңбек етуге әбден төселген Катима Есімқызы салық төлеушілердің дербес есепшоттарын жүргізіп отырады. Шұбырған цифрдан ешқашан жалықпайтын, жұмысын жанындай жақсы көретін жан.
– Кез-келген істің оңайы жоқ. Салық – түсімдер арқылы ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған бірден-бір сала. Мемлекеттік қызметкер болғанымды мақтан тұтамын, қызығы мен қуанышы қатар жүретін қызметте барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін! – дейді салық саласының біліктісі. Кейіпкеріміз Халық Зықаев, Рақымхан Нүптекеев, Төлқожа Мұқанов, Мұқатай Беделбеков сынды басшылармен бірге қызмет істеген жылдарын мақтанышпен еске алады.
Катима Есімқызы – бюджеттің кіріс бөлімінің нығаюына, салық қоржынының қомақты болуына бар күш-жігерін жұмсап, ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің алға басуына үлкен үлес қосқан маман. Мемлекеттік қызмет атқарған жылдар аралығында облыс, аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы департаментінің Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Адамды көркейтетін – істеген ісі, нәтижелі жұмысы. Ендеше, бізде салық саласының саңлағына еңбегіңіз еленіп, жұмысыңыз жандана берсін демекпіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы