Ұзынағаш ауылында орналасқан Даңқты қолбасшы, Халық батыры Бауыржан Момышұлы атындағы № 28237 әскери бөлімде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Әскери бөлім алаңында тәртіп пен табандылықтың үлгісіндей болған офицерлер мен қатардағы жауынгерлер сап түзеді.
Мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн шырқалған сәт жиналғандардың патриоттық рухын асқақтатты. Мерекелік жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас әскери қызметшілерге құттықтау лебізін арнады.
– Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген бөлімнің жеке құрамы, сіздерді бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің берік қорғаны болып, жауынгерлік туды әрқашан биік ұстауларыңызға тілектеспін. Бейбіт күніміз бен балалардың күлкісі үшін, тыныш өміріміз үшін сіздерге алғыс айтамын. Еліміздің кемел келешегі үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен шаттық тілеймін! Ел Тәуелсіздігін, тұтастығы мен бейбіт тірлігін көз ілмей күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! – деген аудан басшысы бірқатар әскери қызметшіге Алғыс хат және Құрмет грамотасын тапсырды.
Сондай-ақ аталған әскери бөлімнің командирі, полковник Ерік Усаев қызметте ерекше көзге түскен бірнеше офицер мен сарбазды салтанатты жағдайда марапаттады. Мереке концерттік бағдарламаға ұласты.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі республика көлеміндегі төтенше жағдайлардың салдарын жою міндетін және оқиға болған жерлерде түрлі тапсырмаларды орындайды. Жарты ғасырлық тарихы бар бөлімнің жеке құрамы елімізде әр жылдары болған түрлі апаттық жағдайларда құтқару жұмысын жүргізіп, азаматтық қорғаныс саласында халыққа көмекке ұмтылып келеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы