Елімізде Екінші дүниежүзілік соғыстың оты шарпымаған отбасы кемде-кем. Республикамыздан майдан шебіне 1 миллион 200 мыңнан астам адам шақырылып, сол кездегі ортақ Отанның тыныштығы үшін қолына қару алған. Соның 600 мыңдайы ұрыс даласында шейіт болса, тағы қаншама боздақ із-түссіз кетті. Елге аман жеткенінің де ішінде тәні де, жаны да жаралы қанша азамат көп ұзамай жарық жалғанмен қош айтысты. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде Екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі 120-ға жуық ардагері, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. Ал тыл еңбеккерлері – 41 594 адам. Қазіргі таңда Алматы облысында 5 соғыс ардагері ғана қалды. Бүгін сол ақ самайлы ардақтыларымыздың өмірінен қысқаша мағлұматты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Алға ауылында дүниеге келген. Майданға кетпес бұрын Ташкенттегі мергендер курсын тәмамдаған. Алматы облысының өзінен 1943 жылы 1 мамырда 1800 жас сарбаз Жапониядан төнер қауіптің алдын алуға Шығысқа жөнелтіледі. Солтанбай Забайкалье майданындағы 25-Қызыл тулы механикаландырылған бригаданың 1-батальоны 1-ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. Мергендігімен көзге түскен жауынгер елге 1950 жылы оралады. Солтанбай білім саласындағы алғашқы еңбек жолын 1951 жылы күзде сол кездегі Алексеевка, Ключи орталау мектептерінде мұғалім болудан бастайды. Ал 1971 жылдан 1985 жылға, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін, мектеп басшысы қызметін абыроймен атқарды.
Оксана Демидовна Бетебаева – 1920 жылы 7 қазанда Полтава облысы Петрова-Рюминская ауданының Венеславовка ауылында дүниеге келген. Осындағы медициналық училищені тәмамдаған соң, Петрова-Рюминская аудандық ауруханасында медбике болып еңбек жолын бастайды. Соғыс басталғанда №1668 әскери госпитальге медбике болып қабылданады. Сол жерде өзінің болашақ жары Бекежан Бетебаевты жолықтырады. Екеуі Жеңістен соң бес жыл бойы Германияда комендатурада қалып, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысады. Жан жары Бекежан ақсақал 1969 жылы кенеттен қайтыс болады. Оксана әжейдің омырауында қазіргі таңда «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Маршал Жуков» медалі жарқыраса, оның сыртында жауынгерлік және еңбектегі жетістіктері үшін Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Қонаев қаласының Құрметті азаматы.
Федор Ковалев – 1927 жылы 11 қарашада Белорусьтегі Могилев облысы Климлев ауданы Орловка ауылында туған. 1944 жылы әскерге алынып, № 34070 әскери бөлімінде екі айлық курстан өтеді. 1945 жылдың мамырында фашистік Германия тізе бүксе де, жаһандық соғыс аяқталмаған еді. Әскер қатарынан 1951-жылы босатылады. Қазыналы Ұзынағаш ауылына 1969-жылы көшіп келеді. «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері», «Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы 7 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол 1942 жылдың мамырында Ақсу ауданының әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды. «Майдандағы ерлігі үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» және «Германияны тізе бүктіргені үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен және басқа да төсбелгілермен марапатталады.
Майдангер соғыстан кейін өмірінің көп бөлігін құқық қорғау саласына арнап, елдің тыныштығы үшін қызмет еткен. 1949-1951 жылдары Ақсу аудандық халық сотында хатшы болып жұмыс істеді. 1951 жылдан бастап тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында қызмет етті. 1964-1975 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 1975-1978 жылдары Алматы облысы Іле ауданының прокуратурасында жұмыс істеді. Жазушы Кемел Тоқаевтың детективтік шығармаларындағы қылмыстық іздестіру қызметкері прототиптерінің бірі – осы Тәңірберген Толғанбаев.
Алым Кибиров Ұйғыр ауданы Кіші Ақсу ауылында 1924 жылы 1қаңтар күні дүниеге келген. 1942 жылы 23 ақпанда армияға алынып, соғысқа аттанады. 1942-1943 жылдары Беларусь майданында қатысып, Белгород қаласын азат етіп жатқан кезде жараланып госпитальға түсіп, әскери комиссиядан соң екінші рет соғысқа қайта барады. 1943-1944 жылдар арасында Украина майданында болып бірнеше қалаларды азат етуге қатысады. 1943-1944 жылдар аралығында ауыр жарақат алып, 1944 жылы наурыз айында туған жеріне қайтып келді.
Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысының І-дәрежелі ордені» мен Украинаның «Львов қаласын азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальмен марапатталды.
Бейбіт МЕКЕЕВ