Жауғашты және Заречный ауылдарындағы түзету мекемелерінде кәсіпкерлер мен журналистерге арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараға қатысушылар ондағы өндірістік нысандарды аралап, еңбекке тартылған сотталғандардың жұмыс жағдайымен және олардың кәсіби бейімделу үдерісімен танысты.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі еңбек – тәрбие құралы ғана емес, адамның қадір-қасиетін сақтау мен жаңа өмірге жол ашудың нақты тетігі. Бұл орайда түзеу мекемелеріндегі өндірістік орындардың атқарар қызметі зор. Алдымен Жауғашты ауылындағы түзету мекемесіне ат басын бұрған арнайы топқа сотталғандардың жұмыс жағдайы көрсетіліп, кәсіпкерлерге тиімді ынтымақтастық ұсынылды.
Кәсіпкерлер мен журналистерді ертіп жүрген РМК «Еңбек-Жауғашты» мекемесінің директоры Сеуілсейіт Айханов Жауғашты түзеу мекемесінің аумағында 750 шаршы метрден астам бос өндірістік нысан барын айтып, кәсіп иелеріне барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
Аталған колонияда бірқатар өндіріс цехтарының жұмысын көріп, шығарылатын өнімдерімен таныстық. Журналистерге тігін шеберханасының тынысын көрсеткен шеберхана меңгерушісі Гүлжамилә Бәйтемірова мұнда төсек жаймаларынан бастап арнайы киімдер мен полиция формасы тігілетінін жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Тігін цехындағы негізгі жұмыс күші 100-ден асып жығылады. Тапсырыс аз болғанда жұмысшылар саны да азаяды. Сондықтан қазіргі уақытта мұнда 30 шақты әйел тігін тігуде. Біздің өнімдеріміз Алматы және Жетісу облыстарының сұранысын өтеп отыр. Жақын күндері мұнда жаңа құрал-жабдықтар жеткізіледі. Қыздар бар ынтасымен жұмыс істейді – бұл олардың кәсіби дамуына, қоғамға бейімделуіне ықпал етеді, – деді.
Келесі кезекте колония аумағындағы кәсіпкерлік негізде ашылған наубайханаға бас сұқтық. Мұнда күніне 2000 бөлке нан пісіріліп, Алматы қаласындағы тергеу изоляторлары мен балалар колониясына жеткізіледі екен. Наубайханада қара бидай, бірінші және екінші сортты ұндардан үш түрлі нан шығарылады. Бір ауысымда алты адам еңбек етеді.
Колониядағы тағы бір маңызды нысан – түзеу мекемесінің асханасы. Мұнда санитарлық талаптар толық сақталып, 18 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жауғашты ауылындағы түзеу мекемесінде жұмыс істеп жатқан «Ecofarm-M» ЖШС-нің де жұмысы жанданып тұрғанын көзіміз көрді. Жауғашты колониясымен тиімді серіктестік орнатқан бизнес өкілдері саңырауқұлаққа арналған компос өндіреді. «Ecofarm-M» ЖШС-нің атқарушы директоры Әділет Қонысбаевтың айтуынша, мұнда айына 30 тонна өнім шығарылады екен. Ол өз сөзінде:
– Сотталғандар бізде үшінші жыл жұмыс істеп келеді. Колония басшылығы арнайы жер бөліп, құрал-жабдық орнатуға рұқсат етті. Барлық ыңғайлы жағдайымызды жасап, жұмысымыздың жүйелі болуын ұйымдастырып берді, – деп алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды, соған сай жұмыс күшін көбейтуді де көздеп отырғанын жеткізді.
Түзеу мекемесіндегі өндірістік аймақтарды аралап айрықша әсер алған кәсіпкерлер ашық есік күнін ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, осы жерден өз кәсібін де бастауға деген ниетін білдірді. Өз қызығушылығын тарқатқан кәсіпкер Надежда Айниязова:
– Шынымды айтсам, мұндайды күтпедім. Тәртіп пен еңбек қатар жүрген орта екен. Ең бастысы – еңбек етуге деген ниет пен мүмкіндік бар. Мен мұнда шағын наубайхана ашуды жоспарлап отырмын. Барлық жағдай жасалған, инфрақұрылым да, жұмыс күші де жеткілікті екен. Бұл – пайда ғана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтқым келеді, – деп мұнда кәсіп ашудың экономикалық тұрғыдан тиімді әрі адамдарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастама екенін жеткізді.
Кәсіпкерлер мен журналистер түс ауа Заречный ауылындағы ерлер колониясына барып, ондағы өндірістік процеспен, еңбектің ұйымдастырылу тәртібімен танысты. Мұндағы әлеуеттік жұмыс орны – «Алматы Сквер» компаниясының металл өңдеу цехы. Спорт және балалар алаңдарын дайындауға маманданған кәсіпорын 30-шақты адамды жұмыспен қамтып, өз өндірісін өркендетіп отыр. Сонымен қатар, колония жанындағы дәнекерлеушілер даярлайтын кәсіптік колледждің де жұмысы жүйелі жалғасуда. Колонияда еңбек етіп жүрген Дмитрий Павловты әңгімеге тартқанымызда ол жұмыс орнының көңіл көншітерлік екенін айтып, соның арқасында қоғамға өз үлесін қосып жүргенін жеткізді.
– Мен мұнда жақсы тәртібімнің арқасында шебер ретінде жұмыс істеймін. Тапқан табысымды қарыздарымды жабуға, алимент төлеуге жұмсаймын. Барлық қаражат менің есепшотыма түседі. Екі жылдан кейін бостандыққа шыққан соң, бұрынғы құрылыс бизнесімді қайта жандандырсам деген жоспарым бар, – деп алдағы мақсатымен бөлісті.
Іс-шара соңында кәсіпкерлік палатасының өкілдері ашық есік күнінің қылмыстық-атқару жүйесін қоғамға жақындата түсетінін жеткізіп, колониядағы еңбек жағдайларына жоғары баға берді. Әлеуметтік бейімделуге бағытталған мұндай жұмыстардың жиі ұйымдастырылуы – адамды түзеуге болатынын көрсетіп, әр азаматтың жаңа өмір бастауға деген үмітін жаға түспек.
Құралбек СӘБИТОВ