-13 °c
Qonaev
Tuesday, June 3, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Жаңалықта «жерленген» тарих

    30.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қуғын-сүргін құрбандары, Сұхбат, Тарих
    Жаңалықта «жерленген» тарих
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

    Сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, оның 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілді. «Халық жауы» деген жалғыз айыппен жазықсыз атылғандардың ең көбі Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында жасырын көмілген. Қазір бұл жер қасіретті кезеңнің табын еске алып, тәу ететін орынға айналды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Жаңалықтағы репрессия құрбандарына арналған мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаевты азкем әңгімеге тартқан едік.

    – Мейіржан Бақытжанұлы, мұражай ашылған 2018 жылға дейін Жаңалық ауылы маңынан 4,5 мыңнан астам адамның сүйегі табылыпты. Ол сүйектердің кімдердікі екені толық анықталды ма?

    – «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайы 2018 жылы 16 желтоқсанда Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ашылған. Мұражайдың Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылына салыну себебі – 1937-1938 жылдары Алматыдағы «НКВД» түрмесінде ату жазасына кесілген 5 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандарын қазіргі Жаңалық ауылының орнына жасырын көмген. 1938 жылдың 25 ақпаны мен 19 наурыз аралығында 700-ге жуық құрбан атылған. Олардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабай және тағы басқа ұлт зиялылары бар. 1989 жылы Ішкі істер министрлігі зейнеткерлеріне осы жерден саяжай салуға жер телімдері бөлініп, құрылыс басталған. Содан әр қазған жерден адам сүйектері табылып, бас сүйектердің шүйдесінде оқ іздері болған. Осыдан кейін бұл жер саяси қуғын-сүргін құрбандарының жасырын көмілген қорымы болып танылды. Сол уақытта Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов және тағы басқа боздақтардың ұрпақтарының бастамасымен «Әділет» тарихи-ағарту ұйымы құрылып, зерттеу жұмыстары нәтижесінде Жаңалыққа көмілген 4119 құрбанның есімі анықталды.

    – 2018 жылдан бері басқа да адам сүйектері табылды ма?

    – Жаңалыққа жасырын көмілген құрбандардың сүйектері күні бүгінге дейін әр жерден кездейсоқ табылуда. 2018 жылы мұражай құрылысы жүріп жатқан уақытта ауыл тұрғыны өз ауласында су құбырын тарту барысында сүйек қалдықтарына тап болады. Сол жерге қазба жұмысы жүргізілгенде 163 адамның сүйегі шықты, оның бесеуі әйел адамға тиесілі екендігі анықталды. 2023 жылы Қазақстанда алғаш рет саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйек қалдықтарын анықтауға арналған археологиялық қазба жұмыстары қолға алынды. Жобаға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақов жетекшілік етті. Қазба жұмыстары Есік мемлекеттік қорықмұражайы арқылы ҚазҰУ оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен жүргізілді. Бір айға жуық зерттеу жұмыстары нәтижесінде екі қорым табылды, 95 адамның сүйек қалдықтарына генетикалық талдау жасалды. Табылған сүйек қалдықтарының барлығы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңына қайта жерленді.

    – Жаңалық ауылы маңында атылған боздақтар туралы кеңірек мәлімет берсеңіз. Онда жерленген Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосовтардан басқа танымал кімдер бар?

    – Атап өткен «Әділет» ұйымы әр облыс бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың тізімін жинақтап, «Азалы кітап» дайындаған. Бұл тізім ҰҚК жабық архивінде сақталған мәліметтер бойынша жасалған. Осы мәліметтерге сүйенсек, Жаңалықта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, педагог, дәрігер, тарихшы, Қазақстандағы алғашқы педагогикалық иституттың (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) тұңғыш ректоры Санжар Асфендияров, «Үш бәйтерек» – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ораз Жандосовтың інісі Оразалы Жандосов, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов және бүгінгі күні көпшілік атылмай, еңбекпен түзету лагеріне жіберілген деп ойлап жүрген қазақтың қайталанбас ақыны Мағжан Жұмабай 1938 жылдың 19 наурыз күні Алматы қаласында ату жазасына кесіліп, Жаңалыққа көмілген. Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ғалым Халел және Жаханша Досмұхамедұлдары да осында жасырын көмілген.

    – Ғалым, алаштанушы Ғарифолла Әнес мұражайды басқарып тұрған кезінде «Әділет» қоғамдық қорының сол жерде үлкен ғылыми орталық құру, 15 гектар жерге үлкен пантеон жасап, ол жерге Ресейде атылған зиялылардың сүйектерін немесе топырағын әкеп қою жоспары барын айтыпты. Ол жоспарлар жүзеге асты ма?

    – Филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес өмірінің соңғы күніне дейін Алаш қайраткерлерін насихаттау, белгісіз шығармаларын тауып, жарыққа шығару, шаң басқан архивте жатқан деректерді көтеруге арнады. Осы мұражайдың негізін қалаушы әрі алғашқы басшысы. Экспедициялық зерттеу жұмыстары, ұрпақтармен кездесу, әртүрлі архивтерде сақталған құжаттарды көтеру нәтижесінде күннен-күнге жаңа есімдер жарыққа шығып отырды. 2021 жылы құрбандардың барлығының тізімін жас ұрпаққа таныстыру, саяси қуғын-сүргіннің әр кезеңін (репрессия дегенде көпшілік тек 1937-1938 жылғы ату-қамауды еске алады, бірақ бізде репрессия Кеңес өкіметі орнағаннан құлаған күніне дейін жүрді, тек формасы, жазалау тәсілі өзгеріп тұрды) сол қалпында боямасыз көрсету мақсатында ашық аспан астында «ХХ ғасыр қасіреті» атты мемориалды кешен салуды жоспарлаған. Ол жоспардың жобасы дайындалып, Үкімет басшысына таныстырылған, бірақ ол қашан жүзеге асары әлі күнге белгісіз. Көп адам мұражай дегенде, тек ескі дүниелерді жинап алып, келіпкеткендерге соларды көрсетіп отыру ғана деп ойлауы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, мұражай – ғылыми-зерттеу орталығы. Себебі әр табылған жәдігер зерттеліп, тарихы жазылып, экспозицияға қойылып, мұражайға келушілерге таныстырылады. «Алаш» дегенде арқасы қозбайтын қазақ жоқ, «Саяси қуғынсүргін құрбандары» мұражайының басты мақсаттарының бірі – тек тарихты таныстыру емес, жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты ояту.

    – Әңгімеңізге рақмет!

    Сұхбаттасқан – Айбек МҰҚАН

    Ұсынымдар

    Жемқорлықпен күреске еріктілер де тартылмақ

    Жемқорлықпен күреске еріктілер де тартылмақ

    2 years ago
    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: тиімділігі неде, кемшілігі қандай?

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: тиімділігі неде, кемшілігі қандай?

    3 months ago
    Ғасыр әже

    Ғасыр әже

    1 year ago
    Елтаңбадан еркіндік нышаны сезілсе

    Жауапты іс

    1 year ago
    Алматы облысында кадр резервіне іріктеу аяқталды

    Алматы облысында кадр резервіне іріктеу аяқталды

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>